5.09.2016, 18:25
Оқылды: 12

Мұхтар Құл-Мұхаммед партия филиалы активімен кездесті

14256569_561450107386411_1331726373_n«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед партияның облысымыздағы филиалының активімен кездесті. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен өткен жиынға партияның қалалық, аудандық төрағаларының бірінші орынбасарлары, партияның бастауыш ұйымдарының жетекшілері, облыстық, қалалық мәслихат депуттары қатысты.


Жиында партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен, Зеленов аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұржан Дүзбатыров, «Қазақтелеком» АҚ БҚО дирекциясындағы бастауыш партия ұйымының жетекшісі Владимир Ткачев атқарылған жұмыстар, алда тұрған міндеттер жөнінде баяндады.

14218435_561450184053070_176686251_n-ҚР Білім және ғылым министрлігінің мәліметіне сәйкес, облыста түрлі ЖОО-лар мен арнаулы оқу орындарын 135 жетім бала бітірген. Бірақ бұл жастар назардан тыс қалған. Партияның «Сәтті қадам» деген арнайы бағдарламасы бар. Міне, осы бағдарлама аталмыш санаттағы жастардың жұмысқа тұруына жәрдемдесу үшін жасалды. Алайда, бұл бағытта облыста жұмыс жөнді жүргізілмеген. Адам жақсылықты бірінші кезекте жетім-жесірге жасауы керек емес пе. Өз бетімен тырмысып оқып шыққан жандарды қолдағанымыз дұрыс. Оларды өзіміз іздеп табуымыз қажет. Көмек қолын созуға тистіміз. Осы мәселені партия филиалының басшылығы бақылауға алсын. Екінші мәселе, ҰБТ-дан тиісті балл жинай алмай қалған мектеп түлектеріне қатысты. Еліміз бойынша ондай жастардың саны 12 мыңды құраса, Батыс Қазақстан облысында - 435. Мектеп қабырғасынан жаңа шыққан жанды кім жұмысқа алып, қамқорлық көрсетіп жатыр?! Арманына талпынып, алғашқы қадамы сәтсіз болған жастарға «Нұр Отан» партиясы қамқор болып, жұмысқа тұруына мүмкіндік туғызуы тиіс.

14256260_561449897386432_2143514942_nБиыл мен партияның жергілікті филиалдарының басшыларына мұндай жастардың әрқайсысын тізімге алу туралы тапсырма бердім. Егер бұл мәселені қолға алатын болсақ, жастардың қылмысқа баруын алдын аламыз және олар елеусіз, ескерусіз қалмайды. Яғни салафиттер мен вахаббиттердің жетегінде кетпейді. Кешегі террорлық әрекеттер жасаушылардың қатарындағыдар біздің бауырларымыз ғой. Бәрі де алдау мен арбауға түскен жастар. Біз осындай іс-шараларды қолға алсақ, ұтарымыз көп. Сол себепті партияның аудандық филиалдарының бірінші орынбасарлары осы іспен жүйелі түрде айналысу керек. Жаңа Зеленов ауданында бұл жұмыс қалай қолға алынғанын естідік. Бірде-бір түлек ескерусіз қалмаған. Осыны өзгелерге үлгі ету қажет. «Мың сіз-бізден, бір шыж-быж артық» дейді. Құр сандарды «сөйлете» бермей олардың артындағы адам тағдырына мән беріп, оларға қамқорлық жасасақ, партиялық жұмысымыз нәтижелі болады,-деді жиын барысында сөз алған Мұхтар Құл-Мұхаммед.

Жиынды қорытындылаған өңір басшысы кездесуде көптеген мәселе көтерілгенін, айтылған сын-ескертпелерден оң нәтиже болатын  жеткізді. «Шын мәнінде де «Нұрлы жол» бағдарламасы өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосуда,-деді Алтай Сейдірұлы.-Облысымыздағы жолдардың 26 пайызы қанағаттанарлық күйде. Соны көріп Елбасы тиісті тапсырма берген болатын. Сол тапсырмаға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда. Оның бір парасын өзіңіз көрдіңіз. Жаңа құрылысты айтып өттіңіз, биылдың өзінде Орал қаласында 1,5 мың жаңа пәтердің тапсырылуы ел тәуелсіздігінің 25 жылдығында атқарылып жатқан мерейлі істердің бірі деп білеміз. Облысымызға арнайы келіп, жағдайды өз көзіңізбен көріп, жетістіктерімізді де, кемшін тұстарымызды да айтып жатқаныңыз үшін, жан-жақты қолдауларыңыз үшін өз ризашылығымды білдіремін».

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

Фото Темірболат Тоқмамбетов

www.zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале