25.05.2015, 17:43
Оқылды: 21

Сыбайластыққа қарсы жұмыстары сылбыр

Nur otan    «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі қоғамдық кеңестің төрағасы ауысып, кеңестің құрамы жаңадан толықты. Қоғамдық кеңестің жаңа төрағасы болып М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры, облыстық мәслихаттың депутаты Асхат Иманғалиев бекітілді. Кезекті мәжілісте облыстың ветеринария саласындағы өткен жылғы және биылғы  жылдың төрт айы ішінде жемқорлыққа қарсы әрекет ету жұмыстарының жай-күйі және өзге де мәселелер талқыланды.

Күн тәртібіндегі ветеринария саласының жай-күйіне байланысты мәселе бойынша «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы жанындағы жемқорлыққа қарсы әрекет ету жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі Б. Атауовтың, Ауыл шаруашылығы министрлігі ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің облыстық аумақтық инспециясының басшысы Т. Қонақбаевтың, ветеринария басқармасының бөлім басшысы Е. Ахметовтың хабарламалары тыңдалды.

Партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Серік Сүлеймен 2014 жылдың қорытындысы бойынша ветеринария саласында жемқорлық әрекеттері үшін 11 адам, биылғы жылдың есепті мерзімі ішінде  3 адам жауапкершілікке тартылғанын айта келіп, жемқорлықпен күресті, оның алдын алу шараларын күшейту қажеттігіне назар аудартты.

Қоғамдық кеңестің жұмысын қорытындылаған кеңес төрағасы Асхат Иманғалиев өңірдегі ветеринария саласында сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу жұмыстарының жүргізілу деңгейі көңіл көншітпейтінін,  сала мамандарының сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу шараларына үстірт қарап, бұл бағыттағы өз міндеттерін жеткіліксіз атқарып отырғандығын атап көрсетті.

www.zhaikpress.kz

Өз тілшіміз

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале