9.09.2015, 12:13
Оқылды: 37

«Сыбаға» бағдарламасы басталғаннан бері 404 шаруашылыққа 4219,5 млн. теңге несие берілді - БҚО

Sibaga bagdarlamasi   Облысымызда «Сыбаға» бағдарламасы басталғаннан бері 404 шаруашылыққа 4219,5 млн. теңге несие берілді.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары міндетін уақытша атқарушы Жасұлан Халиуллиннің айтуынша, аталған шаруашылықтар осы қаржыға жоспарланған 18300 бастың орнына 21663 бас сиыр және 900 бас асыл тұқымды бұқашық сатып алды. Бұл республика бойынша озық көрсеткіштердің бірі болып табылады. Бес жылдық жоспар 118,4 пайызға орындалып отыр.

Өткен жылдың екінші жартыжылдығынан бастап «Сыбағаға» жылқы және қой малын сатып алу бойынша «Құлан» және «Алтын асық» бағдарламалары қосылды. «Құланның» арқасында облыс шаруашылықтары 969,8 млн. теңге несиеге 3019 бас жылқыға қол жеткізді. «Алтын асық» арқылы 269,7 млн. теңгеге 10474 бас қой сатып алынды.

Биыл табынның тұқымдық құрамын түрлендіру (селекция) жұмысымен фермерлік шаруашылықтардағы 110 мыңға жуық сиыр қамтылып, бұл мақсатта 3 мыңға жуық асыл тұқымды бұқа қолданылуда. Қазіргі таңда облыс бойынша табынның тұқымдық құрамын түрлендіру үлесі 45,5 пайызға жетті (республика бойынша - 22,4 пайыз), бұл - өңірлер арасындағы ең жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар жеке аулалардағы малдарды асылдандыру бағытында облыс аудандарында 160 қолдан ұрықтандыру қосыны жұмыс жасайды. Оларда жыл басынан бері 23035 бас сиыр мен қашар қолдан ұрықтандырылды. Қоғамдық табынға етті бағыттағы асыл тұқымды бұқалар қосылуда. Биыл осындай 430 бұқа табынға қосылды.

«Елбасы тапсырмасымен қолға алынған мемлекеттік бағдарламалардың нәтижесінде өңірде малдың басы көбейіп, оның сапалық құрамы арта түсуде», - деді Ж.Халиуллин.

 www.zhaikpress.kz

Елжан Ералы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале