12.07.2016, 11:02
Оқылды: 26

Сырым ауданының басшысы Бауыржанды қабылдады

Аудан басшысы Бауыржанды қабылдады   Сырым ауданы әкімі Абат Шыныбеков Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Астана қаласы күніне арналған «Мыңжылдықтар тоғысындағы Астана» көшпенділер өркениеті фестивалі аясында ұйымдастырылған «Жүйелі сөз» ақындар айтысында бас жүлде алған айтыскер ақын Бауыржан Ширмединұлын қабылдады.


   Аудан басшысы ауданның, облыстың мерейін асқақтатқан ақынға алғысын білдірді.

  – Астананың көрермендерінің алдында лайықты өз өнерін көрсету, еліміздің түкпір-түкіпірінен келген ақындар арасынан суырылып алға шығу – туа біткен дарынды ақындығыңның дәлелі, Сырым елінің ақындар мектебінің сабақтастығы үзілмейтінінің куәсі. Өнеріңе шығармашылық табыс тілеймін. Алған асуыңның бұл бастауы болсын,- деді аудан басшысы.

   Бауыржан ең алдымен бас жүлде алғаны туралы  қуанышымен «Сырым елі» газетінің редакторы Махмет Қажиахметовпен бөліскенін, бұл айтыстағы басты мақсаты көрермендерге әдемі айтыс көрсетіп, айтыс сыншыларының алдында өз деңгейін дәлелдеу болғанын айтты. Айтыс аламанында Бауыржан ақтөбелік ақын Марат Ахметовпен айтысып, одан кейін финалда алматылық Аяулым Жұмабекқызымен сөз додасына түсті. «Әзіл-қалжыңға шорқақтау болғандықтан, қыз баламен айтысу қиынға түсті» дейді. Қазылар тағы бір айналым жасап, ақтөбелік Ершат Қайболдинмен айтысып, үш айтыста да Бауыржан толық 100 ұпайға ие болды.

  Қабылдау барысында ауданның айтыс мектебін жандандыру, Бауыржанның айтыстарының аудио, бейнежазбаларын жинақтау, өсіп келетін жас буынды айтысқа тарту сынды мәселелер айтылды.

   Аудан әкімі Абат Шыныбеков Бауыржан Ширмединұлына ноутбук сыйға тартты. Бас жүлдені еншілеген ақын өз кезегінде баспанаға мұқтаждар тізімінде тұруына орай үй мәселесін шешіп беруді сұрады. Аудан басшысы Бауыржанға үй беруді заңдылықтарына қарай шешетінін айтты.

–  Осындай тілеулестер аман болсын,

Тегеуріні болатын самғауымның.

Әкіміміз ноутбук беріп жатыр,

Талабына сай қылып талғамымның.

Қандай тілек айтайын осы жерде,

Бастарың аман болсын барларыңның.

 Ноутбуктың бетіне жақсы-жақсы

Жаңалықтар жазылсын ауданымның,-деді Бауыржан сөзінің соңында.

www.zhaikpress.kz

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале