15.10.2015, 12:02
Оқылды: 33

«Сырым шыққан төбеден – Сырым бөгетіне дейін»

сырым шыкканҚазақ хандығының 550 жылдығына орай Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы  өлкетанушыларының «Менің кіші Отаным» атты ІІ тарихи-танымдық жобасы аясында «Сырым шыққан төбеден – Сырым бөгетіне дейін» деп аталған экспедиция тарихын түгендеген сапарларын сәтті аяқтап, елге оралды.

Мұндай жоба екінші рет жүзеге асырылып отыр. Былтыр «Менің кіші Отаным» ауданның тарихи жерлерін қамтыса, биылғы жобада көршілес облысты қамту көзделді. Аймақтың тарихи жерлерін аралап, танысып, Сырым бөгетін арнайы іздеп барып, белгі орнатып қайтқан экспедиция мүшелерін аудан әкімі А.Шыныбеков қабылдады.

7 қазанда Сырым шыққан төбеден бастау алған он алты адамнан құралған экспедиция аудан орталығында жалғасып, Шыңғырлау ауданының «Аққұм» тарихи орнынан Ақтөбе облысы Қобда ауданы Әлия ауылына ат басын тіреді. Мұнда олар Кеңес Одағының батыры Әлия Молдағұлованың мұражайында, Қобыланды батыр жерленген Жиренқопа елді мекенінде, Асан қайғының баласы Абат Байтақ кесенесінде болды. Ақтөбенің Ойыл ауданынан асып, Атырау облысының Қызылқоға ауданының орталығы Миялы ауылына, Сырым бөгеті орналасқан Көздіғара ауылдық округіне тоқтады. Мұнда сырымдықтар Сырым бабаның салған бөгетіне арнайы белгі орнатып, батырдың ізі қалған топырақтан елге әкелді.

Экспедиция мүшелерінің айтуынша, Сырым бөгетінің ұзындығы 800 метр, 1797 жылы бабамыздың 55 жасында салынған екен. Бұл бөгеттен батырдың жасағы жүріп өткен. Бөгетке қатысты мынадай аңыз бар екен: «Сырым жасағының бірін су жағасында ойнап отырған кішкентай балалардың не істеп отырғанын көріп келу үшін жібереді. Сөйтсе, әлгі балалар суға құм мен қамыс салып, «құм сал да, құрым сал» деп ойнап отыр. Балалардың ойыны Сырымға ой тастап, Ойыл өзенінің бір сағасына тарихи бөгетті салған» деседі.

сырым шыккан (3)Сырым бөгетінен соң, жерлестеріміз көршілес Қаратөбе ауданының Мұхит ауылында болды.

Экспедиция мүшелері аудан басшысына алған әсерлерін жеткізіп,   мұндай жобаның болуы, жалғасын табуы өте орынды екенін айтты. Кездесу әсерлі әңгімелесуге ұласты. Х.Мұсағалиев, Ғ.Қаналиев, Ж.Өтеев, Ғ.Ғабдолов, М.Мамықовтармен бірге жастар жағы да әрқайсысы тың дерекпен, отансүйгіштікке баулитын сезіммен оралғандарын әңгімеледі.

Үш облыс, алты ауданды қамтыған тарихи-танымдық саяхаттың мүшелерін қарсы алған ардагерлер арасынан К.Федянин, Е.Баймұханбетовтер  бірі экспедицияны жаңа қазақстандық патриотизмге санаса, бірі өлең оқыды.

Кемел келешекке із қалдырып, аудан тарихын аймақпен ұштастырып, тарихтың жаңа бір парағына айналатын экспедиция мүшелеріне аудан басшысы алғыс білдіріп, бұл жоба келер жылы да жалғасын табатынын айтты. Аудан әкімі алдағы жылы «Менің кіші Отаным» жобасы көршілес мемлекеттің Хиуа сынды Сырыммен тікелей байланысы тарихи орындарымен танысуға арналатынын жеткізді. Х.Мұсағалиев көрші облыстардан әкелген кітаптарын А.Шыныбековке табыстады.

                 www.zhaikpress.kz

Шынар МОЛДАНИЯЗОВА

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале