24.06.2015, 13:10
Оқылды: 130

«Тарлан» сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығы аталып өтіледі

Kadir Mirzaliev   27-28 маусымда Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, «Тарлан» сыйлығының иегері, ақын Қадыр Мырза Әлінің 80 жылдығы аталып өтіледі. Салтанатты шара 27 маусым күні сағат 10:00-де Орал қаласында ақынның ескерткіші мен мерейтой иесінің атындағы мәдениет және өнер орталығының ашылу салтанатымен басталаып, әдеби-сазды бағдарламамен жалғасады.

Көптен күткен салтанатты шараға ҚР Премьер-министрінің орынбасары Бердібек Сапарбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Қадыр ағаның жары Мырзалиева Салтанат  Қадырқызы, ұлы Мырзалиев Қазыбек Қадырұлы, келіні Мырзалиева Елена Владимировна, немерелері Мырзалиев Сырым Ғазизұлы, Мырзалы Мүсілім Ғазизұлы, сондай-ақ елімізге танымал ақын-жазушылар, зиялы қауым өкілдері, қала қонақтары, жоғарғы және арнаулы орта оқу орындарының студенттері, бұқаралық ақпарат өкілдері қатысады деп күтілуде.

Сол күні түстен кейін шараға қатысушылар облыстық тарихи – өлкетану мұражайына саяхаттап, ғылыми-практикалық конференцияға қатысады. Сонымен қатар игі шаралардың бірі - ақын Қадыр Мырза Әлінің  80 жылдығына арналған «Өлмес өлең» республикалық жыр мүшәйрасы өтіп, қорытындыланады. Байқаудың мақсаты - аса көрнекті ақынның рухын көтеру, өмірі мен шығармашылығын насихаттау, тіл мәдениетін көтеру, халық арасынан шыққан ерекше таланттарды  таныту. Мүшәйра жабық түрде өтеді. Оған  Алматы, Қызылорда, ҚХР, ШҰАР, Іле Қазақ автономиялы облысы,Көкшетау, Қостанай, Қарағанды, Байқоңыр, Павлодар, Семей, Маңғыстау, Орал қаласынан 39  үміткер өлеңдерін жолдады. Жеңімпаз ақындар қорытынды кешке қатыстырылады.

Кешкі сағат 20.00-де Қадыр Мырза Әлі орталығының амфитеатрында Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық қазақ-ұлт аспаптар оркестрінің  концерті  болады.

Мерейтойға арналған салтанатты шара  28 маусым күні ақынның туған жері - Сырым ауданында жалғасын табады. Алдымен Жымпиты ауылының орталығындағы алаңда10.00-де Қадыр ақынның ескерткіші салтанатты түрде ашылады. Жымпиты ауылында Сырым Датұлы атындағы тарихи-өлкетану мұражайында ақынның өмірі мен шығармашылығы  жылдарынан сыр шертетін көрме көпшілік назарына ұсынылып, аудандық мәдениет үйінде ақынның 80 жылдығына арналған концерт өткізіледі. Түрлі спорттық ойындардан жарыс оздырылады.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале