22.07.2016, 16:41
Оқылды: 20

Тұрғындардың назарына: Судағы қауіпсіздік қағидаларын сақтаңыз!

қауіпсіздікЖыл сайын жазғы шомылу маусымында Батыс Қазақстан облысы аумағында ғана емес, жалпы республика көлемінде суда қайғылы жағдайлар жиі орын алып отыр.


Ағымдағы жылы облыс аумағында 13 адам суда қаза болса, соның ішінде 3 жасөспірім. Сонымен қатар бір жасөспірімнің денесі іздестірілуде.

Соңғы қайғылы оқиға Ақжайық ауданы Чапай аулында орын алды. 21 шілде күні 13 жасар үш жасөспірім қыздар суға түсуге арналмаған жерде, ата-аналарының қарауынсыз суға түсіп, соңы екі қыз баланың қазасымен аяқталды. Қаза болған бір қыз баланың денесі табылса, екінші қыз баланың денесі іздестірілуде.

Судағы төтенше жағдайлардың басты себептері, азаматтардың құтқарушылармен күзетілмейтін су айдындарында демалуынан, шомылуға жабдықталмаған және арналмаған жерлерде шомылуынан, судағы қауіпсіздік талаптарын білмеуінен және оларды ұстанбауынан, ішімдік ішіп шомылуынан, жүзе білмеуінен, балалардың су жағасында ересектердің бақылауынсыз қалуынан болып отыр.

Яғни азаматтардың судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамауынан, арты қайғылы жағдаймен аяқталуда.

Судағы негізгі қауіпсіздік ережелері:

- тек жабдықталған жағажайлар мен басқа да шомылуға арналған  орындарда, ресми рұқсаты және құтқару қызметі бар жерлерде шомылыңыз;

- шомыла білмей белден жоғары суға түспеңіз;

- шомылу кезінде бір біріңізді көзден таса қылмаңыз, әсіресе балаларға қадағалауды күшейтіңіз;

- жағадан алыс,  қойылған белгіден ары жүзіп кетпеңіз;

- жүзе білмей, дөңгелекті, үрлемелі матрасты пайдаланбаңыз;

- жүзіп келе жатқан катерлер мен қайықтарға жақындамаңыз;

- қайықтан, көпірден және кеме аялдайтын орыннан суға секірмеңіз;

- суға көп шомылмаңыз, аса тоңып және шаршап қалуларыңыз мүмкін;

- түнгі уақытта және мас күйлеріңізде суға шомылмаңыз.

Құрметті ата-аналар, мұғалімдер, балаларды сауықтандыру лагерлерінің, туристік фирмалардың және  демалыс  зоналарының  басшылары!

Балаларды қатаң бақылаңыздар, оларды үлкендердің бақылауынсыз қалдырмаңыздар. Балаларға тек арнайы жабдықталған орындар мен жерлерде үлкендердің қадағалауымен ғана шомылуға рұсқат етіңіздер. Балаларға үрлемелі матрацтармен, камералармен, тақтайлармен, үрлемелі ойыншықтармен жүзуге қатаң тиым салынады. Оларды жағадан жел немесе ағын алысқа алып кетуі мүмкін, ал бұл көмек көрсетуге қиындық туғызады.

Азаматтар! Суда абай болыңыздар! Судағы қауіпсіздік ережелері мен сақтық шараларын қатаң сақтаңыздар.

Естеріңізде болсын! Егерде Сізбен қауіпті жағдай төнсе, Сізге көмек қажет болса «112» Құтқару қызметінің телефон нөміріне қоңырау шалыныздар. 

Батыс Қазақстан  облысының
Төтенше жағдайлар департаменті
www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале