8.06.2015, 19:59
Оқылды: 23

Хирург жұмыстан шеттетіліп, іс тергелуде

Brifing medikБүгін облыстық денсаулық басқармасы өкілдері тілшілерге брифинг өткізіп, онда төрт жасар Даниэл Капеллинидің өліміне кінәлі деп айыпталған лор-дәрігер Расул Камкиевке қатысты қызметтік тексеріс жөнінде түсінік берді.

Басқарма басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағұлованың айтуынша, сәбидің өліміне қатысты тексерумен арнайы комиссия жұмыс жасауда.

-Балаға Зеленов аудандық орталық ауруханасында аденотонзиллэктомия отасы жасалған. Ота жоспарлы кезекпен, анасының келісімімен өткізілген. Даниэлге отаны бірінші санатты дәрігер Расул Камкиев жасайды. Оның еңбек өтілі 14 жылдан астам, Алматы, Самара қалаларында, Германияда білім жетілдірген. Бүгінгі күнге дейінгі тексеріс комиссиясы Орал қалалық №5 поликлиника мен Зеленов аудандық ауруханасының қателіктерін анықтады. Қалалық №5 емхана сәбидің денсаулығына толық емес динамикалық қадағалау жасаған. Зеленов аудандық ауруханасында отадан кейінгі қан тоқтамауға дер кезінде диагноз қойылмаған. Құқық қорғау органдары ҚР Қылмыстық Кодекстің 317 бабы – «Медицина немесе фармацевтикалық қызметкердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамауы» және 318-бабы – «Клиникалық зерттеулер жүргізудің, емдеудің және медициналық оңалтудың тәртібін бұзу» бойынша сотқа дейінгі тексеріс бастаған. Комиссия патологоанотомиялық және гистологиялық толық зерттеулерден кейін нақты шешім шығарады. Біз Даниэлдің анасы мен тума-туыстарына қайыра көңіл айтамыз,-деді Нұржамал Жұмағұлова.

Бүгінде отоларинголог дәрігер Расул Камкиевтің лицензиясы тоқтатылып, қызметінен шеттетілген. Сондай-ақ Зеленов аудандық ауруханасы директорының орынбасары Гүлнәр Мәулетова қызметінен босатылды. Ал аталмыш аурухана директоры Надия Ахметова мен №5 қалалық емхана директорына тәртіптік жаза қолданылған. Брифингте Даниэл Капеллинге медициналық көмек көрсетуде қателік жіберген медқызметкерлерге де шара қолданылғаны айтылды.

Денсаулық сақтау басқармасы тексерісінен өзге денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті де тексеріс жасауда. Олардың қызметтік тексерісі материалдары да тергеу органдарына беріледі.

www.zhaikpress.kz

Нұрлыбек РАХМАНОВ

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале