29.03.2016, 18:50
Оқылды: 24

ІІІ ашық турнир – Тәуелсіздіктің ширек ғасырлық тойына

????????????????????????????????????

     Ақжайық ауданында ұл-қыздар, жастар арасында бадминтон барған сайын әйгілі болуда. Осы ойыннан аудандық ашық турнирдің биылғымен үшінші рет ұйымдастырылғаны тіпті нағыз мерекеге айналды. Оны тамашалаушылар қатары қалың болды. Апта сейсенбісінде мәреленген жарыс еліміз тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналуымен өте мәнді өтті.


     «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы мен аудандық мәслихат ұйымдастырған бұл шараның бастамашысы бадминтонның нағыз насихатшысы, еңбек ардагері Дәулетжан Жақсыбаев болып табылады. Ол күні кешеге дейін аудандық мәслихат хатшысы болды.

     Турнирге Орал қаласынан, Зеленов, Бөрлі аудандарынан және алаң иелерінен 50-ден астам балауса спортшы қатысты. Ақжайықтықтардан Абай атындағы мектеп-гимназия, М.Әуезов атындағы орта мектеп, Чапаев №1 орта мектебі және Жаңабұлақ орта мектебінен ойыншылар, яғни 4 команда шықты. БҚО-ның бадминтоннан бас жаттықтырушысы Валерий Клемецтің айтуынша, жарысқа қатысушылар арасында облыстық, республикалық ойындар жүлдегерлерінің болуы мектеп оқушыларының, жастардың осы бір сұлу ойынға сүйіспеншілігін қанаттандырғаны сөзсіз. Олар өткен қаңтарда біздің облыстан ұлдардың бүкілресейлік турнирге (Ресейдің 17 қаласынан команда келген) қатысып, IV орын алғанынан кеңінен хабардар болды. «Ақжайық ауданы жастарының да ынта-жігері қуантады»,-деді ол.

       Тартысты сайыстың жүлдегерлерін біліп, олармен танысудың өзі бір ғанибетке айналды. Қорытынды есепте жекелей, сондай-ақ жұптар арасында және аралас разрядтарда турнир чемпиондары болып Оралдағы облыстық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілері Андрей Шалагин мен Наргиза Рахметуллаева атанды. Жүлдегерлер арасында сондай-ақ Рауан Батыр, Әділ Сисекеш, Айымгүл Галлем (бәрі де Абай атындағы мектеп-гимназиядан), Вероника Витман (облыстық БЖСМ), Камиля Қадырғалиева (Зеленов ауданы), Ерхан Аққайыров, Айдос Тұрарбековтар (М.Әуезов атындағы орта мектеп) бар. Оларға естелік сыйлықтар тапсырылды. Біраз жылдан бері бадминтонды ауыл-аймақта мүдделілікпен насихаттап жүрген Дәулетжан Жақсыбаевқа да тарту-таралғы жасалды. Ұйымдастырушыларға, турнирдің тұрақты демеушілері, облыстық мәслихат депутаттары Ғатауолла Ашығалиев пен Жасұлан Жақыповқа зор алғыс арналды.

 www.zhaikpress.kz

Болат ҚОСЖАНҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале