24.03.2016, 13:15
Оқылды: 22

Қырағы қапы қалмайды

 Akjayik kiragi kapi kalmaidi  Ерте туған төлдің ойнақтағаны, саулықтың мекіренгені сайын даланың дәулетін әйгілейді емес пе. Ақжайық ауданының қыстақтарын бүгінде осы көрініс ажарландырады-ақ. Түліктердің дені өрісте жүр. Рас, іші өскен малға қырағы қарамаса болмайды. Оның үстіне, күнпарақта көктем болғанмен, ата-бабамыз есебіндегі «алты ай қыс» әлі қыр астына кеткен жоқ. Сондықтан аудандағы тиісті бөлім, мекемелер мамандары шаруалармен байланысты үзбей, сақтықты пысықтап келеді.


Бір жақсысы, аудандық ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Мұрат Сердалиннің айтуынша, егер күн райы өткінші, тосын өзгерістерді ала келгендей жағдай болса, 18 ауылдық округтің бәрінде шөп жеткілікті. Өткен апта соңындағы есеп бойынша, аудан бойынша 48500 тонна пішен бар. Бұл былтыр барлық дайындалған шөптің 25 пайызынан астамы. Уатылған жемнің қоры да қыстамаларда жеткілікті көрінеді. Демек, түліктердің азығы жағынан қорқыныш жоқ. Кешегі, яғни наурыз ортасындағы соққан боран мен ышқынған жел өлара шақтың қандай болатынын қаперге мықтап салды ғой. Жыл құстарымен бірге суық жел, қар аралас жаңбырдың келуі ғажап емес. Демек, етек-жеңді қымтап отыру қажет. Жыл басынан бері аудан бойынша 19610 қозы-лақ, 4378 бұзау, 306 құлын алынды. Төлханаларда шаруалардың көмекшілері кезекшілік жүргізеді.

Айталық мәселен, Жамбыл ауылдық округінде бүгінде 1838 тонна, Тайпақта 1634 тонна пішен қоры бар. Атырау аумағымен шектесіп жатқан Сарытоғай ауылдық округіндегі шаруаларда тіпті сұрағандар болса саттыққа шығаратын пішен бар.

www.zhaikpress.kz

Бекем БЕКҰЛЫ

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале