22.12.2016, 15:40
Оқылды: 218

Ұлдай САРИЕВА: «Ұлттық сана мықты болса, жастар сенімін өзгертпейді»

Бүгін  облыс  басылымы  тағы  бір  газетпен  толықты. «Аруана-Жайық»  қоғамдық  қоры  жанынан  «Дүрбі»  атты аймақтық  қоғамдық-танымдық  тәуелсіз  газетінің  алғашқы саны  жарыққа  шықты.  Осы  айтулы шараға орай аталмыш қордың  директоры,  «Дүрбі»  газетінің бас  редакторы,  ақын, «Ақпарат  саласының  үздігі»  Ұлдай  Сариеваны  сөзге  тартқан едік.

 

– Ұлдай Қабошқызы, сіз ашқан «Аруана-Жайық» қоғамдық қоры қандай істермен айналысатын болады?

– Мен соңғы жылдары дін тақырыбына жазып жүрмін ғой. Адасқан талай тағдырға куә болдым. Экстремизм-терроризм баптарымен түрмеде отырған қаракөздермен талай рет кездесіп, әңгіме құрдым. Уақыт өте олармен емен-жарқын, бүкпесіз сыр шертістім… Елімізде шетелден келген басқа да діни бірлестіктер тіркеліп, өз жұмыстарын жүргізуде. Бүгінде қоғамдағы діни ахуал мәз емес. Терроризмнің қаупі басым. Қаракөздер қағынан безіп, Сирия мен Ирактағы соғысқа қатысу үшін Отанын сатып, қашып кетіп жатыр. Бұл – өте күрделі мәселе. Осы тақырыптарға қалам тербеп жүріп, мақала жазудың мен үшін аздық ететінін түсіндім. Себебі мен түрмеде отырған балаларды бұрын танымасам да, тағы да барғым келді, оларға ас-ауқат апарып, шай ішіп отырып сөйлескім келді, оларды тағы да тани түссем  дедім. Адасқанын түсініп, өкінген ол балалар маған ыстық көріне бастады. Оларға туғанымдай қара-дым. Түрмедегі балалардың аналары мені іздеді, жақын тартты. Маған тілші ғана болу аздық етті әрі анау-мынау шығындарға жалақым жетпейтінін білдім. Міне,  осы жағдайлармен қоғамдық қор ашуға бел будым.

 

– Осы мәселемен ғана шұғылданбайтын  шығарсыз…

– Әрине. Бастысы – экстремизм мен терроризмге қарсы үгітнасихат, деструктивтік діни ағымдардан зардап шеккен адамдарға кеңес, рухани және материалдық көмек көрсету болмақ. Талантты жастарды қолдау, жалпы жастарға, әлеуметтік жағдайы төмен жастар мен студенттерге, кәмелетке толмағандарға  әлеуметтік-психологиялық, құқықтық көмек  көрсету, клубтар, үйірмелер ұйымдастыру, жетімдер мен тұрмысы нашар жесір әйелдерге көмектесу, әр түрлі рухани байқаулар өткізу, қыз-келіншектерге жұмыс көзін ашу. Бүгінгі қоғамдағы ең өзекті мәселе – діни адасушылықтың ар жағында отбасы құндылықтарының әлсіреуі жатыр.

Мектеп, мәдени мекемелер, отбасылармен бірлесе атқарар жұмыстар баршылық. Ұлттық салт-сана мықты болса, жастар өз сенімін өзгертпейді. Түрмеде отырған балалар осы жағынан ақсағандар деп ойлаймын.

 

– Түрмеде  отырған  кімдерді айта  аласыз?

– Атын атап, түсін түстемеймін. Олар – албырт жастықтың құрбаны болған өзіміздің қаракөздер. Бүгінде олар қапаста отыр және сотпен әділ кесілген жазаларын өтеуде. Мен сөйлескен жігіттердің бәрі бірдей сенімін 100 пайызға өзгертті деп айта алмаймын. Кейбірін темір тордың ықпалы жалған сөйлеуге, «Мен өзгердім, дәстүрлі Ханафи мазхабына оралдым» деп айтуға мәжбүр етіп отыр. Ал кейбірі еш бүкпесіз ақ көңілмен мені апасындай көретінін, тағы да келгенімді қалайтынын сеземін. Біздің қоғамда кеңестік дәуірден қалған жұмыс істеу тәсілі мен психология әлі бар. Мысалы, түрмеден шыққан балалар өздеріне уәде етілген жұмысқа қолдары жетпей, сенделіп жүріп қалады. Сол уақытта олар әрі-сәрі бөтен ойларға баруы әбден мүмкін. Адамның ауырған ағзасы бір рет қана дәрі ішіп, ине салғаннан жазылып кетпейді. Емдеу, одан әрі сауықтыру ұзаққа созылады емес пе? Міне, адасқан адамның өз сенімін өзгертіп, психологиялық тұрғыдан басқа адамға айналуы – өте күрделі процесс. Сондықтан да оларды тастап кетпеуіміз керек. Әсіресе, түрмеден шыққан сәт, бір кезде өзі «харам» деп айыптаған қоғамға қайта оралу, оның үстіне бұрынғы жамағаты алдындағы айып (керісінше, оны адастырғаны үшін бұл бауырлары оның алдында айыпты болу керек) оның психологиясына аса ауыр салмақ түсіреді. Ол өзін айыпты сезінеді, төменшіктейді. Міне, дәл осы сәтте қоғамдық ұйымдар ғана емес, мемлекеттік құзырлы мекемелер де олардың одан әрі шатқаяқтамай, нық басып кетуі үшін жұмыстануы керек. Түрмеден шығып, жұмыс таппай жүрген жігіттер келді маған. Мен не істей аламын? Міне, сол сәтте қор құрып, оның жанынан жұмыс көзін ашу ойыма түсті.

 

– Тағы қандай жоспарыңыз бар?

– Біздің қоғамда орамал тартқан, намазға жығылған қыз-келіншектерге үрке қарау бар. Оларды сыртынан «адасқан, діни теріс ағымда жүргендер» деп нақақ жазғырып жатады. Әбу Ханифа мазхабында жүрген осындай иманды әйелдерді қолдағым келеді. Яғни мешіттегі әйел жамағатымен бірлесіп жұмыс істейміз. Оның сыртында бала тәрбиесі, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, тарих, жалпы ұлттық ділімізді  дәріптеу  бар.

 

– Ол жұмыстарға кімдерді тартасыз?

– Ұрпақ тәрбиесіне байланысты қандай да шараларға облысқа белгілі, беделді тұлғаларды тарту әдісі әуелден бар. Бұл дұрыс.

Себебі халық оларға сенеді әрі  сыйлайды, әсіресе, жастар үлгі тұтады. Облыста сондай, өз ойым бойынша лайықты адамдар баршылық. Қоғамдық бірлестік басшылары, жекелеген сондай тұлғалармен бірігіп жұмыс істегім келеді. Әйтсе де бұл мәселеге мен басқашалау қараймын. Біздің қоғам жылдар бойы халықтың алдына 2-3 адамды ғана алып шығып, халықты да, ол адамдарды да әб-ден мезі қылды. Ол адамдар аудиторияға кіріп келе жатқанда, жиналған көпшілік ол кісінің қазір не айтатынын, қай жерде тоқтап тыныс алатынын, қай жерде даусын көтеріп, қай жерде сыбырлап сөйлейтінін біліп отырады. Себебі ол әңгіме айта-айта жауыр болған, шаршатқан. Тіпті ол адамдарды түнде ұйықтап жатқанда оятып, «Мына тақырыпқа сөйлеңізші!» десең, көзін де ашпас-тан  сайрап ала жөнелетін шығар… Қандай деңгейде екеніміз осыдан-ақ көрініп тұр. Әлгіндей аудиторияларда  шаршап отырып құлықсыз тыңдаған әңгіме жастардың жүрегіне жетпейді, осыдан келіп немқұрайлылық пайда болады. Тәрбие берудің басқа тетіктерін іске қосу керек. Жастар өз арасындағы идеалға еліктеп, ереді. Ол әр саланың үздіктері болуы мүмкін. Жалпы алып қарағанда, бүгінгі жас ұрпақты кімдер тәрбиелеп жатыр? Уыздай таза қыз балаға ақыл айтып, оны тәрбиелеуге моральдық қақымыз бар ма? Бұл – ойланатын үлкен мәселе. Мен бұл жерде тек қана ұйымдастырушымын. Жастар еліктеуге тұрарлық үлгілі тұлғаларды, ақылман қарияларды, жастарды, соның ішінде қыз-келіншектер мен аналарды  іздеп, жарыққа шығарғым келеді. Яғни мен іздеп тапқан аналар мен әйелдер еріне адал, пәлен бала тәрбиелеген ақылман ана болуы мүмкін. Ол тіпті бір баласы болмаса да, өмір бойы ойы мен бойын таза ұстап келе жатқан, өмірлік тәжірибесі мол, өмір сүрген ортасы үлгі тұтқан, айтары бар қыз-келіншек болуы мүмкін. Мен жоқтан бар жасап, тезектен жұлдыз соқпаймын. Керісінше, бойына сіңген ұлттық құндылықтарды, салт-дәстүрді жастарға беруге лайықты, адал сүтті аналар мен әйелдерді қордың жұмысына  араластырғым  келеді.

 

– Қордың жанынан клуб ашыпсыз…

– «Демеу» атты клубымыз бар. Жұмысты енді ғана бастап жатырмыз. Діннің атын жамылған жалған ағымдардан зардап шеккен ата-аналар, қыз-келіншектер келуде. Олардың кейбірінің мәселесімен облыстағы құзырлы мекемелер арқылы министрліктерге өтінішпен шықтық. Алдағы уақытта клубтың өз теологы, заңгері, психологы болады деп ойлаймын.

Бәрі қаржыға байланысты. Ал жұмысты енді ғана бастаған бізде ол жоқ.

 

– «Дүрбі» атты газет шығарып жатырсыз. Атын неге олай қойдыңыз? Бағыты қандай болмақ?  Айына  неше  рет  шығады?

– Иә, таныстар «Неге «Дүрбі» деп  атадыңыз?» деп сұрап жатыр. Газет – тәуелсіз басылым. Жан-жағымызды дүрбімен шолатын боламыз, бірақ тырнақ астынан кір іздемейміз. Мемлекеттің атқарып отырған жұмысына орай дін мәселесін көтеремін. Газеттің 70-80 пайызы дінге арналған және мешіт пен имамдарға ерекше  көңіл бөлінеді. Бірақ әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалмайды. Сын мақалалар да болады. Облыстағы басқа да басылымдар сияқты тарих, ұлттық құндылық, тіл мен діл, тағдыр, тылсым, жаратылыс, екі дүние мәселесін қаузаймыз. Жастар шығармашылығы тағы бар. Бірақ мен дәлдүріштерді жек көремін. Жаман өлеңін жалпылдатып, анда-мында жүгіріп жүрген ақынсымақтарды оқыған жастардың талғамы төмен болады. Сосын оларға еліктеп өлең жазады және өкінішке орай, сол өзі үлгі тұтқан шала ақындардың қатарын көбейтіп шыға келеді. Адам өзінің қолынан келетін іспен ғана айналыссын. Бұл — менің ұстанымым. Яғни шын талантты адамды ғана қолдаймыз. Газет Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына тарайды. Әр облыста меншікті тілшілеріміз бар. Газет әзірге аптасына бір рет, 8 бет болып шығады.

 

– Бір сөзіңізде қорда қаржы жоқ дедіңіз. Газетті қалай шығарып жатырсыз?

– Бірінші санын өз ақшама шығардым. Ендігі үлкен мәселе – газетті таратып, сатып, жазылу арқылы баспахана шығындарына және қызметкерлердің жалақысына қаржы жинау. Газетті жалғыз адам шығару еш мүмкін емес. Жанымда жанашыр адамдар бар.

Алдағы жылы мемлекеттік тапсырысқа қатысуға үміттіміз. Өкініштісі, газетке жазылу науқанында  қимылдай алмай қалдық. Сәтін салса, келер жылдан үмітіміз зор.

– Әңгімеңізге рақмет. Барлық бастамаңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбатты  жүргізген  Нұрлыбек  РАХМАНОВ

 

«Аруана-Жайық» қоғамдық қоры мен «Демеу» клубының

байланыс телефондары: 8-775-409-32-97, 8-705-150-48-30

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале