14.04.2017, 18:19
Оқылды: 34

"Ұлы дала мұрагерлері"

received_668106116720809Облыстық қазақ драма театрында Орал қаласындағы физика-математикалық бағыттағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің «Ұлы дала мұрагерлері» атты театрландырылған қойылымы өтті.


Оған облыс әкімі А.Көлгінов, сала басшылары, ардагер-педагогтар, мектептің Қамқоршылық кеңесі мен ата-аналар комитеті, әлеуметтік серіктестері қатысып, зияткерлік мектептің бес жыл бойғы қызметінің нәтижесіне куә болды.
received_668106076720813Шара Назарбаев Зияткерлік мектептерінің кіріктірілген білім беру бағдарламасына, әлеуметтік тәжірибелері мен жобаларына негізделген.
Алдымен театрдың фойесінде Назарбаев Зияткерлік мектептерінде жүзеге асырылып жатқан кіріктірілген оқу-тәрбие бағдарламасына сәйкес мектеп оқушыларының ғылыми жұмыстары мен тәжірибелері көрсетілді. Олар ғылым мен технологияның түрлі салаларын қамтыды. Қолданбалы өнер сабақтары бойынша шеберлік кластары жүргізілді. Сондай-ақ мектеп оқушыларының қолөнер бұйымдарынан тұратын қайырымдылық жәрмеңкесі өтті. Жәрмеңкенің мақсаты – «Бала миының салдануы. Орталық жүйке жүйесінің органикалық зақымдануы. Түйілмелі екіжақты салдану» дертіне шалдыққан Орал қаласының тұрғыны, жеті жасар Ислям Сариевке көмектесу.
received_668106220054132Оқушылардың көрмесі мен қайырымдылық жәрмеңкесін тамашалаған облыс әкімі Алтай Сейдірұлы қазіргі таңда мектеп оқушылары үшін мемлекет үлкен қолдау танытып жатқанын, сондықтан осы мүмкіндіктерді пайдаланып, оқушылар бәскеге қабілетті болу керектігін айтты. Зияткерлік мектеп оқушылары алған білімдерін тәжірибеде қолданып, түрлі ғылыми жобалар құрастырғанына, сонымен қатар әлеуметтік жауапкершілік сезіне білетіндігіне, «Ұлы дала мұрагерлері» қойылымының адамды рухани, зияткерлік тұрғыда дамытуға үлес қосатынына тоқталды. Бұдан әрі мектептер өзара тәжірибе алмасуды жалғастыра беруі қажеттігін атап өтті.
Кейін мектептің кіріктірілген білім беру бағдарламасы, әлеуметтік тәжірибелері мен жобалары негізінде дайындалған «Ұлы дала мұрагерлері» атты қойылымы болды. Қойылымда жас ұрпаққа білім мен тәрбие беру жүйесіндегі жаңа жобалар «Ауылдағы екі апта», «100 кітап», ұлттық құндылықтарды сіңіру («Қазақ әндері», «100 күйдің тарихы») мен жаһандық азаматтықты дамытуға («Робототехника», көптіліділік) бағытталған тәжірибелер сипатталды. Мұнда оқушылар ән, би, күй өнері бойынша шығармашылық мүмкіндіктерін паш етті.
Қойылым соңында қайырымдылық жәрмеңкесінен түскен қаржы Орал қаласының тұрғыны, көпбалалы ана Сариева Роза Таушанқызына табысталды.

Ақмоншақ Жұмаева,

Орал қаласындағы

НЗМ баспасөз хатшысы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале