22.03.2016, 9:27
Оқылды: 19

Жеңімпаздар форумы өтті

Jenimpazdar forumi   «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының үлкен залында ҚР Парламент Мәжілісі және мәслихаттар сайлауында «Нұр Отан» партиясының жеңіске жетуіне арналған Жеңімпаздар форумы өтті.


Форумға жиналғандар алдымен Орталық сайлау комиссиясы төрағасының алдын ала жариялаған қорытындысын тыңдады. Аталмыш мәлімет бойынша сайлаушылардың 82,15 пайызы «Нұр Отан» партиясы, 7,18 пайызы «Қазақстанның«Ақжол» демократиялық партиясы, 2 пайызы «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы, 7,14 пайызы Қазақстан коммунистік халықтық партиясы, 1,18 пайызы Жалпыұлттық социал демократиялық партиясы, 0,29 пайызы «Бірлік» саяси партиясы үшін дауыс берген. Осыдан белгілі болғандай Парламент Мәжілісіне өз үміткерлерін ұсынған алты саяси партияның үшеуі Сайлау туралы Заңда көрсетілген жеті пайыздық межеден өткен. Қорытынды мәлімет 26 наурыз күні белгілі болмақ.

«Нұр Отан» партиясының облыстық сайлауалды мүшелері мен сенімді өкілдері салтанатты түрде сахна төріне көтерілді.

Шара «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың құттықтау сөзімен ашылды.

- Құрметті форумға қатысушылар! Кеше өткен сайлауда бүкіл қазақстандықтар секілді батысқазақстандықтар да өзінің болашағы үшін, елінің ертеңі үшін өз таңдауларын жасады. Жаңа біз орталық сайлау комиссиясы төрағасының мәлімдеуінен алдын ала қорытындылар бойынша «Нұр Отан» партиясының 82 пайыздан жоғары дауысқа ие болғанын тыңдадық. Бұл - қазақстандықтардың болашаққа сенімі. Бұл - қазақстандықтардың «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясатын, елдің кемелденуін, оның жасампаздық қадамды ілгерілете беруін қолдау. Осы үшін өз атымнан, партияластарымның атынан сіздерге зор ризашылық білдіремін. Штаб мүшелеріне, сенімді өкілдерге, еріктілерге, сайлаудың өтуіне үн, күш қосқан барша батысқазақстандыққа үлкен ризашылығымды білдіремін. Қазіргі таңда Қазақстанда Парламент Мәжілісі депутаттарының, әр деңгейдегі мәслихат депутаттарының сайлауалды тұғырнамасында сайлаушыларға берген уәделерін орындау үшін барлық жағдай бар. Қаржылық, әкімшілік мүмкіншіліктерді, еліміздің әлемдік деңгейдегі беделін пайдалана отырып, депутаттардың сайлаушыларға берген уәделері орындалып, алдағы уақытта еліміздің дамуына үлкен серпін болатыны сөзсіз. Сондықтан баршамыз «Нұр Отан» партиясының төрағасы, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясатын бүгінгідей қолдай отырып, алға жүруге бір адамдай күш жұмсайық, үлес қосайық! Биыл ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өткелі отырмыз. Ұлы той басталып та кетті. Жаңадан Тәуелсіздік алған тұста еліміз қандай жағдайда еді, бүгін қай жерге келдік, болашағымыз қандай? Осының бәрін сараласақ өткеніміз бен бүгініміздің арасы алшақ екенін көреміз. Біраз жетістіктерге жеттік. Қазақстан Республикасының азаматы ретінде алға қойған мақсаттарды еңсеруге де жігеріміз жетерлік. Міндетіміз айқын. Бұл орайда партия төрағасы нақты міндеттер белгіледі. Оны орындау үшін халықты жұмылдыру - «Нұр Отан» партиясына артылар жүк. Осы бағытымызбен қадам басқанда ғана Елбасы жүргізіп отырған реформалар жүйелі жүзеге асып, табысты болатынымыз сөзсіз, қадірменді ағайын! - деді Нұрлан Асқарұлы.

Республикалық сайлауалды штабының мүшесі, ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева тебірене сөйледі.

- Егемен елдің ертеңі үшін, еркін елдің болашақ ұрпағы үшін ғасырлап қолымыз жеткен, бабаларымызға арман болған еркіндіктің көк туының желбіреп, бүкіл әлемге танылуы үшін және оны жастардың қолына нық ұстату үшін азғантай уақыт ішінде үлкен шаралар атқарылып жатыр елімізде. Міне, біз армандап, көксеген ұлы даланың табанына ыстығы өтіп, күні маңдайын сүйген ұлына ел басқартсақ деп едік, ол күн туды. Басшыға қосшы болатын ел екенімізді тағы да әлемге көрсетіп дәлелдеп, ұйымшылдықпен дауыс бердік. Мұның барлығы, жас ұрпақ, сендердің ертеңің, сендердің болашағың, сендердің бақытың. Ендеше осы еркін елдің, мәңгілік елдің, ұлы даланың ұл-қыздары болыңдар, соның намысын жақтаңдар, арын арлаңдар! Мұның бәрі өмірде адал, барлық жағынан күрескер болып өсу бағытында сендер үшін жасалуда. Сәтті болсын, құтты болсын, ұлы дала ұлдарының, ел басқаратын азаматтарының жеңісі! Оларға сенген халықтың арманы ақтала берсін! Сендер бақытты болыңдар, жас ұрпақ! Менің бала кезімде шетелге шығып өзімнің қай ел адамы екенімді айта алмайтынмын. Менің ұлтымды ешкім білмеген, ешкім танымаған. Мен соның куәгерімін, айналайындар. Бүгін бізге әлем көзін тігіп отыр. Президентіміз әлемнің алдында бір тілекке жиыла алатын халық екенімізді және өзгелерден ерекше мейірбан екенімізді дәлелдеді. Ертеңгі наурызда паш етілетін даланың сол мейірбанды салты достық, мейірім, сыйластық сезімдерін жоғалтпайық. Алда келе жатқан наурыз мейрамы құтты болсын! Барша жанға бақыт әкелетін ұлы мейрамдар жалғаса берсін! Сайлаған депутаттарымыз біз армандағандай ұлы даланың болашағына қызмет етсін, ата дәстүрді сақтау жолында еңбек етсін, азаматтық борыштарын адал атқарсын! - деді ақын.

Облыс өнерпаздары ән айтып, би билеп салтанатты шараның шырайын кіргізе түсті.

www.zhaikpress.kz

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале