9.12.2019, 17:08
Оқылды: 56

2019 жылы 2,1 млн қазақстандық әлеуметтік көмек алған

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов 2019 жылдың қорытындылары бойынша 456,5 мың отбасы мемлекет тарапынан әлеуметтік көмек алғанын хабарлады, деп жазады 7kun.kz.

2019_10_07_nurym-

«АӘК реформалауға дайындық Дүниежүзілік банкпен ынтымақтастық аясында үшінші кезеңде басталды. Осылайша, 2014 жылдан бастап 2017 жылға дейінгі кезеңде елде «Өрлеу» пилоттық жобасы іске асырылды, нәтижесінде алушылар үшін әлеуметтік келісімшарттар жүйесі, көмек алу шарттары, сондай-ақ аз қамтылған отбасыларды сүйемелдеу тәжірибесі енгізілді. Бұл мақсатқа бюджеттен 14,8 млрд теңге бөлінді. Атаулы әлеуметтік көмекті реформалауды жалғастыра отырып, 2018 жылы біз алғаш рет АӘК тағайындау құқығын анықтау үшін табыс деңгейіне белгіленетін өлшемдерді өзгертіп, оны ең төменгі күнкөріс деңгейінен (бұдан әрі – ЕТКД) 40-тан 50%-ға дейін көтерді. Нәтижесінде АӘК алушылар саны 2017 жылмен салыстырғанда 20 есеге артты», — деді Біржан Нұрымбетов, Мәжілістегі мемлекеттік саясатты атаулы әлеуметтік көмек көрсету бойынша тиімді іске асыру мәселелері жөніндегі Үкімет сағатында сөйлеген сөзінде.

Министр 2019 жылдың 1 сәуірінен бастап атаулы әлеуметтік көмек алушылардың шекті деңгейі ең төменгі күнкөріс деңгейінен 70%-ға дейін өскенін еске салды.

«Нәтижесінде, осы жылдың қараша айының басында 456,5 мың отбасы немесе 2,1 млн адам мемлекет тарапынан нақты қолдау алды, оның 53%-ы — көп балалы отбасылар. Бұл осы жылдың І тоқсанында алушылар бойынша ұқсас көрсеткіштерден 7,7 есе артық. Тағайындалған АӘК орташа мөлшері 1,8 есеге артты. Алғашқы рет бюджетте АӘК төлеуге 245 млрд теңге қарастырылған», – деп нақтылады ол.

Ведомство басшысы жаңа жылдан бастап елімізде 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі оқу нысанында оқитын студенттерге мемлекеттік жәрдемақы төлеуді енгізуді жоспарлап отырғанын хабарлады. Жәрдемақы отбасының табысына қарамастан сараланған мөлшерде тағайындалады: 4 балаға – 42 496 теңге; 5 балаға – 53 127 теңге; 6 балаға – 63 757 теңге; 7 және одан да көп балаға – 74 388 теңге.

«Мәжіліс АӘК берудің қолданыстағы жүйесін өзгертетін заң жобасын мақұлдады, басты бағыт — еңбекке ынталандыру, аз қамтамасыз етілген азаматтардың табысы мен мемлекеттік қолдау мөлшерін есепке алуға қатысты ашықтық пен әділдікті қамтамасыз ету. Ұсынылған шаралар кешенді түрде жүзеге асырылады, мемлекеттік көмек көпбалалы отбасыларды қолдауды, жаңғыртылған атаулы әлеуметтік көмекті, аз қамтамасыз етілген отбасылардағы балаларға арналған кепілді әлеуметтік пакетті қамтиды», – деп қорытындылады Біржан Нұрымбетов.

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале