9.02.2017, 18:02
Оқылды: 27

Бүкіләлемдік Азаматтық Қорғау күні атап өтілді

Azamattik korganis belgileri     Халықаралық Азаматтық Қорғаныс Ұйымының IХ Бас Ассамблеясы резолюциясына сәйкес жыл сайын 1 наурызда Бүкіләлемдік Азаматтық Қорғау күні аталып өтіледі. Биыл бұл күн әлем бойынша 85-ші рет салтанатты түрде атап өтіліп отыр.


    Азаматтық қорғаныс айлығын өткізудің негізгі мақсаты - халықты бейбіт және соғыс жағдайында төтенше жағдайлардан қорғауға үйрету, азаматтық қорғаныс саласындағы мәселелерді шешуге және халықты қорғауға уәкілетті лауазымды тұлғалардың кәсіби деңгейін арттыру болып табылады.

     Азаматтық қорғаныс күнінің қарсаңында елімізде жыл сайын ақпан айында айлық ұйымдастырылып, халыққа төтенше жағдайлар кезінде қорғану амалдары үйретіліп-оқытылады. Мұндай шаралар біздің өңірімізде де өткізіліп жүр. Мысалы, сәрсенбі күні облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері «Alem Plaza» Сауда Үйінде жалпы халыққа арнап, игілікті бір шара ұйымдастырды. Шараға аталған Сауда Үйіне келушілер мен мектеп оқушылары және БАҚ өкілдері қатысты.

    Шараны ұйымдастырушылар жиналғандарға, ең алдымен Халықаралық Азаматтық Қорғаныс Ұйымының маңызы жөнінде әңгімелеп, бейнероликтер көрсетті. Бұдан кейін БҚО ТЖД Азаматтық қорғаныс бөлімінің офицері, лейтенант Райымбек Тұманғалиев шара қатысушыларына төтенше жағдай орын алғанда не істеу керектігін түсіндірді. Ол балаларға газға уланып қалмау үшін иістен қорғау жабдығын (противогазды) қалай пайдалану керектігін көрсетіп, жасөспірімдер арасында бұл құралды қолдану бойынша жарыс ұйымдастырды. Оқушылардың алды аталған құралды бар-жоғы 8 секундта киіп-шешіп үлгіріп, үздік атанды.

    Бұдан соң ортаға «Апаттар медицина орталығының» қызметкерлері шығып, апатты жағдайға тап болғандарға алғашқы  дәрігерлік көмек көрсету амалдарын көрсетті. Олар өздерімен бірге ала келген арнайы тасымалдау матрацына балаларды жатқызып, жарақат алғандарды тасымалдау жолдарымен таныстырды.

                                                                                                                                                                                    Айша ӨТЕБӘЛІ

«Орал қаласы»

  www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале