4.08.2020, 11:21
Оқылды: 214

Әйгерімнің компот жабу қағидалары

«Қыстың қамын жазда ойла» деп бекер айтылмаса керек. Жаздың соңы мен күз әйелдер қауымы үшін қысқа дайындық жасап, әртүрлі тосап, салат және де компот жабу науқаны басталатын уақыт. Бүгінгі кейіпкеріміз – Әйгерім Қалмурзина Тасқала ауданындағы сараптама орталығында зертханашы болып жұмыс істейді. Компотты маусымында 100-200 банкіден асырып жабады екен.

B7507708-A33F-400B-845A-FD3A469FCFEB

Компот – әмбебап сусын. Оны салқын, жылы күйінде ішуге, қысқа сақтауға да, десерт ретінде пайдалануға да болады.

– Балаларыма шайдың орнына тек денсаулыққа пайдалы әрі ішінде
дәрумендері көп компотты ұсынамын. Отбасымның қамы үшін еш ерінбей, дәмді сусындарды көп етіп жабамын. Үй жағдайында жасалатын табиғи сусынның адам денсаулығына оң әсері мол. Көктемде адамдардың тез шаршап, көңіл күйлерінің түсіп, әлсіз болатыны осы витаминдердің жетіспеуіне байланысты. Компотты жақсы көрмейтін жан кемде-кем, себебі олар бізге күш-қуат береді, – дейді кейіпкеріміз.

DFB2F434-5DD8-4FB7-8B64-E9A76F4CB30A

Ал Еуропа елдерінде компотқа біз секілді жай ғана сусын ретінде қарамайды, олар үшін компот – тамақтан кейін міндетті түрде берілетін жеміс қайнатпасы екен.

– Білетіндеріңіздей, балалар мекемелері және ауруханалардағы ас рационында міндетті түрде компот болады. Себебі бұл сусын организмдегі барлық функцияларды жақсы қалыпқа келтіреді. Мәселен, алмадан жасалған компот А, С дәруменіне бай. Әсіресе алма бөтеке, бауыр ауруларына және диеталық сусын ретінде пайдаланылады. Айта кететін бір жайт, алма компотын асқазан жарасы бар адамдарға ішуге болмайды. Шиеден жасалған компот темір мен натрийге, магнийге бай, сол себепті де қаназдық ауруларына және суық тигенде ішу тиімді. Компот нерв системасына, қан айналымына, сүйектерге жақсы әсер етеді. Жаңа піскен жеміс-жидекпен қатар кептірілген жемістерден де жылдың кез келген мезгілінде өздеріңіз қалаған сусынды жасауға болады. Соның ішінде жүзім, алма, алмұрт, инжирден қайнатылған компот адам иммунитетін көтереді, – дейді Әйгерім Талғатқызы.

SONY DSC

Енді кейіпкеріміздің компот жабу рецептімен бөлісейік.

– Компоттың да бірнеше түрі бар. Мәселен, жаңа піскен жемістен жасалатын, құрғақ жемістер және тоңазытылған жемістерден әзірленетін компоттар болып бөлінеді. Өзім көбінесе ассорти-компоттар, консервіленген компоттар, қайнатылған және қайнатылмаған компоттар жабамын. Және де айта кететін жайт, компот үшін краннан немесе бұлақтан алынған су емес, сапасы жақсы суды таңдаған жөн. Әуелі құрғақ және тоңазытылған жемістерді суық суға салыңыз. Оларға ісіп-кебіну, жібу үшін уақыт керек. Ал жаңа піскен жеміс-жидектер үшін қайнаған ыстық суды таңдаңыз. Жемістерден шырын мен дәрумендер бөлінуі үшін өте жоғары температура керек. Компот үшін ақ, қызыл, қоңыр немесе құрғақ қант жарайды. Дегенмен қантыңызға байланысты компоттың да дәмі өзгереді. Қантпен бірге бал қоссаңыз, хош иісті болып шыға келеді. Балды қайнаған суға қосуға болмайды. Әрине, сусынның дәмді болғаны жақсы. Бірақ ол үшін қантты көп қосудың қажеті жоқ. Жақсы дәмге қол жеткізу үшін ескі тосаптың, қант сиропының қалдықтарын пайдаланыңыз. Компотқа кез келген жеміс-жидек жарай береді. Бірақ оларды езіп жасауға болмайды. Компот дегеннің өзі жемістерді бүтін күйінде сақтау болып табылады. Үлкен жемістерді кесіп салыңыз. Компот үшін тым тәтті жемістер алынса, оны қышқылдату үшін лимон мен мүкжидек көмектесе алады.

  Оғаштау көрінсе де, компотты дәруменге бай асқабақ, рауғаш, сәбіз, кәді сынды көкөністерден де қайнатуға болады. Оның түсі әдемі болу үшін қызылша да қосылады. Бұл да қажет мәлімет. Ал тіл үйірер дәм мен хош иісті алу үшін қызыл шарапты, жеміс шырындарын, корица, зімбір, жалбыз, мелисса, қалампыр хош иісті бұрыш, жұпар жаңғақты қосуға болады. Және бұлардың қатарына лимон қабығын қосып, раушан күлтелері мен бір шымшым тұз қоссаңыздар, компотқа жақсы дәм береді. Бұл дәмдеуіштерді 5-10 минут қалғанда қосыңыз. Компотты жай отқа аздаған уақыт қайнатып болған соң, отты өшіріп, бірнеше сағат бұқтырып қою керек. Мен айтқан осы қағидаларды орындасаңыздар, жеміс бойындағы дәрумендер мен басқа да пайдалы заттарды сақтап қалуға болатыны сөзсіз. Компотқа арналған жемістерді біркелкі етіп кесіңіз, сол кезде қайнатқанда біркелкі жібиді. Компотты қайнату уақыты әртүрлі: алма мен алмұрт үшін 35-40 минут. Қалған жемістерге 15 минут жеткілікті. Компотты дайындаудың тағы бір жолы бар. Дайындалған жеміс-жидектерге қант сеуіп, қайнап тұрған суды құясыз да, 10-12 сағатқа бұқтырып қоясыз, – деді Әйгерім Қалмурзина.

Иә, қазір нағыз қысқа дайындалатын уақыт. Жеміс-жидегіңізді қысқа әдемілеп тұрып сақтағыңыз келсе, банкілеріңізді сайлап, жоғарыда аталған әдістермен компот жауып көріңіз.

Гүлмира Мақанова,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале