6.05.2017, 13:48
Оқылды: 22

Ардагерлерге құрмет

Ұлы  Жеңіс күніне,  ҚР ҚК құрылғанына 25 жыл толуына орай Орал қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде «Мәңгілік ел» патриоттық онкүндігі өтті.

Онкүндік аясында оқушыларға ерлік, патриоттық тақырыптарымен байланысты куратор сағаттары өтіп, музейлерге саяхат жасады, театрға барды. Сонымен қатар мектебіміздегі 28 сыныптың оқушылары қаламыздағы 28 ардагердің үйіне барып, ерліктің ешқашан ескерусіз қалмайтынын тағы бір мәрте дәлелдеп, құрмет көрсетті. Батырлардың құрметіне арналған спорттық сайыстарда мектеп ұлдары өзара бақ сынады.

Аталмыш онкүндіктің кезекті шарасы «Бейбіт күндеріміз үшін, майдангер, Сізге мың алғыс» атты ардагерлермен кездесуі болды. Кездесуге Ы. Өтепов, Г.Шишонков, Х.Сафин, И.Кувшинов,       М. Абдрахманов, А.Толкачев сынды Ұлы Отан соғысының ардагерлері мен Еңбек ері, белгілі өлкетанушы, қоғам қайраткері, тарихи фильмдердің сценарисі Қ.Төлеуішов, тарихшы А.Кұрымбаев, өлкетанушы, Жәнібек аудандық «Шұғыла» газетінің бас редакторы А.Батырханов қатысты.

Жас ұрпақтың патриоттық сезімін қалыптастырып, өткен тарихты құрметтеуге тәрбиелейтін кездесуде ардагерлер соғыс тарихынан сыр шертіп, оқушыларға бейбіт күнді бағалауға шақырды. Сонымен қатар Құжырғали Төлеуішов жеңіс тарихына қатысты түсірілген фильмдерге қысқаша тоқталып, ардагерлердің еңбегін әрқашан құрметтеу қажеттігін айтты. Тарихшы, «Ғылыми зерттеулерді қолдау қорының» директоры Айболат Құрымбаев «Батыс Қазақстан облысының Бөкей ордасы ауданы маңындағы майдандастар зиратының» тарихына тоқталса, Ахмедияр Батырханов соғыс жылдарындағы Жәнібек ауданының жай-күйі туралы баяндады. Соғыс жылдарында жауынгерлердің жазған хаттарынан үзінді оқыды.

Кездесу барысында оқушылар ардагерлердің құрметіне өлеңдер мен прозалық шығармалардан үзінділер оқыды, би билеп, соғыс жылдарындағы әндерді де шықады.

Шара соңында мектеп директоры Шолпан Қадырова ардагерлер мен қонақтарға алғысын айтып, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр тіледі. Зияткерлер қонақтарға естелік сыйлықтарын табыстап, қатысушылардың барлығы «Жеңіс күні» әнін шырқады.

Ақмоншақ Жұмаева,

Орал қ. НЗМ баспасөз хатшысы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале