11.07.2019, 17:47
Оқылды: 135

Арыстық балалар Оралда демалуда

Орал қаласындағы «Дарын» қосымша білім орталығында «Үш тұғырлы тіл» жазғы мәдени-танымдық ауысымы жұмысын бастады. Онда Арыс қаласының 50 оқушысы, Ресейдің Самар облысындағы «Ақ жол» аймақтық қазақ ұлттық-мәдени автономиясы қоғамдық ұйымынан 15 шақты оқушы мен өз өңіріміздің оқушыларын қосқанда жалпы саны 105 оқушы демалуда.

 WhatsApp Image 2019-07-11 at 13.56.02

Шараны ашқан облыстық білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұрлан Ғабдушев мұндағы демалыстың бағдарламасына тоқталып өтті. Оның сөзінше, 10 күндік демалыстың бағдарламасы, негізінен, мәдени-танымдық іс-шараларға бағытталған. Балалардың тіл үйренуге деген ынта-ниетін арттыру бойынша танымдық сабақтар, спорттық ойындармен қатар жалпы рухани құндылықтарға баулып, тәрбиелеу басты назарға алынбақ.

WhatsApp Image 2019-07-11 at 13.56.06

Шарада сөз алған Орал қаласы әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетов: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы ахуалға ерекше көңіл бөлуде. Соның ішінде балалардың жазғы демалысының ойдағыдай өтуі басты назарда тұр. Облыс әкімі Ғали Есқалиевтің тапсырмасына сай бүгінгідей іс-шара ұйымдастырылып отыр. Өзге оқушылармен қатар, арыстық балалар Ақ Жайықтың таңғажайып табиғаты аясында өте жақсы демалады деген сенімдеміз. Біздің міндетміз – сіздерге барынша қолайлы жағдай жасау. Демалыс сәтті өтіп, Оралдағы бұл күндер сәуле шашқан бақытты сәттер болып есте қалсын деген тілектемін», – деп ақжарма тілегін арнады. Сондай-ақ БҚО Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғайса Қапақов та ізгі лебізін білдіріп, ассамблеяның да балалардың демалысының тиімді өтуіне атсалысатынын айтты.

WhatsApp Image 2019-07-11 at 13.56.03

– Арыстан келген балалардың көңіл күйі жоғары. Түркістан облысынан келген 6 жастан 12 жасқа дейінгі балаларды үш мұғалім бастап келді. Орталықта алғашқы күні-ақ кездесу кеші ұйымдастырылды. Кештің балалардың жаңа ортада өздерін еркін сезініп, өзара тіл табысуына ықпалы зор болды. Оқушылардың әр күні қызықты өтуі үшін барлық жағдай жасалады, -дейді аталмыш орталықтың директоры Гүлсім Дүйсенғалиева.

WhatsApp Image 2019-07-11 at 13.56.02 (1)

Облыстық білім басқармасының берген мәліметінше, осы  ауысымдағы жұмысқа 2 119 365 теңге қаражат жұмсалмақ. Сонымен қатар «Жайықмұнай» ЖШС, «Ақжайық» футбол клубы, «РИАМИР» ЖШС, «Kinoplexx West» ЖШС, «Орал «Зенит» зауыты» АҚ және Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығы да оқушылардың әр күнінің мазмұнды да мәнді өтуіне өз үлестерін қоспақ. Ал лагерьдегі мәдени-танымдық іс-шараларға белсенді қатысқан оқушылар мақтау қағаздарымен және сыйлықтармен марапатталады.

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале