29.12.2017, 10:07
Оқылды: 23

Банк арқылы аудандардан үй алуға болады

Келесі жылы «Тұрғынүйқұрылысжинақ банкі» арқылы аудандардан үй алуға мүмкіндік туады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі өткізген брифингте «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ БҚО филиалының директоры Айгүл Наурызалиева хабарлады.

Оның мәліметінше, «Нұрлы жер» бағдарламасы ауқымында жергілікті атқарушы органдар арқылы алуға болатын несиелік үйлер қатарына жататын 481 пәтер (4 үй) мен «Бәйтерек Девелопмент» АҚ желісі бойынша 504 пәтер (3 үй) тұрғындарға берілген. Биыл облыста банктің 55 мыңға жуық салымшысы мемлекеттік сыйақыны алған. Банк арқылы жалпы 2500-ден астам тұрғын банктен құны 12,5 млрд теңге көлеміндегі займдар алып, жаңа баспана алған.

Келесі жылы банк «Нұрлы жер» бағдарламасының бірқатар бағытын дамытуға үлес қоспақ. Мәселен, бағдарламада жеке компанияларды құрылысты жүргізуге ынталандыру көзделген. Осы мақсатта ТҚЖБ мен «Қаз-Хол» және «Караванный путь» ЖШС-лары арасындағы келісімдерге сәйкес, Орал қаласындағы Құрманғазы мен Гагарин көшелерінде көп пәтерлі үйлер салынуда. Ол үйлер 2018 жылдың тамызында пайдалануға беріледі.

Ал жеке үй салғысы келетіндер үшін Теректі ауданындағы Федоров, Тоқпай және Зеленовтағы Переметный мен Дариян ауылдарында пилоттық жобалар қолға алынбақ. Жобалар бойынша баспаналардың бөлмелері бірыңғай стильде болады. Үйлердің бір шаршы метрі 120 мың теңгеге бағаланады. Жеке үйлердің эскиздерін құрылыс компаниялары дайындауда.

Қазіргі кезде банк «Өз үйім» бағдарламасын іске қосқан. Осы бағдарлама арқылы келесі жылы облыстық ішкі істер департаменті және Батыс Қазақстан электр тарату желісі компаниясы мен «Жайықжылуқуат» АҚ қызметкерлері баспаналы болмақ.

Сондай-ақ келесі жылы банк ұсынатын жаңа өнім әскери қызметкерлер үшін пайдалы болмақ. Олар бюджеттік үйді жалдау үшін берілетін өтемақы қаржысын банк арқылы жаңа баспана алуға жинай алады. Бағдарламаға сәйкес, займ бойына сомаға шектеу қойылмайды. Жинақ көлемі немесе алғашқы жарна неғұрлым көп болса, займ сомасы соғұрлы жоғары болады. Өнім шарттарының бірі – займ бойынша төлем көлемі үй төлемінікінен көп болмауы тиіс. Брифингке қатысқан облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Антазиев келесі ТҚЖБ салымшылары үшін келесі жылы облыста 14 үй салынатынын хабарлады.

Нұртай Алтайұлы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале