6.04.2017, 18:15
Оқылды: 28

Комиссия отырысында бірнеше мәселе қаралды

Батыс Қазақстан облысы әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Облыс әкімінің орынбасары Марат Тоқжановтың төрағалығымен өткен басқосуда жасөспірімдер суицидінің алдын алу шаралары, Бөрлі, Шыңғырлау ауданындағы мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасыларды қолдау бойынша атқарылған шаруалар, гендерлік теңдік мәселелері қозғалды.

Басқосуға облыстық денсаулық сақтау басқарма басшысының орынбасары Нұржамал Жұмағаұлова, облыстық білім беру басқармасының басшысы Айгүл Әділгерейқызы, БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Габдуллин, облыстық жастар саясаты басқармасының басшысы А. Сакошев қатысты.

Облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы А. Сакошевтің мәліметінше, жастар мен жасөспірімдер арасындағы суицидтің алдын алу мақсатында әлеуметтік желілерде, бұқаралық ақпарат құралдарында жұмыс күшейтілген. Атап айтар болсақ, www.zhastar-bko.kz ,   bko.gov.kz  және  www.zhastar-07.kz порталы ақпараттық түсіндіру жұмыстарымен айналысады.

Салауатты өмір салтын насихаттау, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында «Қазақстан-Орал» телеарнасында әр сейсенбі күні «Замансөз» жастар ток-шоу бағдарламасы, әр жексенбі  сайын «Бәрекелді» танымдық ойын-сауық бағдарламасы, «ТДК-42» телеарнасында «Біз болмасақ», «Айтарым бар» бағдарламалары тұрақты ақпарат таратуда. Сондай-ақ әлеуметтік желілерде жастардың түрлі әлеуметтік бағыттағы мәселелерді қозғайтын бейнероликтер дайындалуда.

Облыстық білім басқармасының басшысы Айгүл Әділгерейқызы суицидтің алдын алу мақсатында облыстық денсаулық сақтау басқармасымен бірлесіп атқарған шаруалардың тізбегін атап өтті. Ал БҚО ІІД жергілікті полиция қызметінің басшысы Манарбек Габдуллиннің айтуынша, жасөспірімдер арасында суицидтің туындауына отбасындағы ұрыс-керіс, қатарластарымен сөзге келу секілді жағдайлар түрткі болады.

Басқосу барысында отбасылық-демографиялық жағдайды жақсарту мақсатында ұсыныстар айтылды.

                                                                                     Гүлсезім БИЯШЕВА

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале