5.10.2017, 12:11
Оқылды: 57

Батагөй қариялар байқауында тасқалалық тұрғын жеңіске жетті

 

Кеше облыстық қазақ драма театрында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Халықаралық қарттар күні аясында «Ата сөзі - бата сөз» облыстық батагөй қариялар байқауы өтті. Тағылымды шараны облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының қоладауымен, облыстық халық шығармашылығы орталығы, облыстық ардагерлер кеңесі ұйымдастырды.

Сахна атауға сай қазақи ұлттық нақышта безендіріліп, байқау сәнін аша түсті.

Батаның тәрбиелік мәнін насихаттау, адалдыққа, әділдікке, адамгершілікке үндеу, ұмытыла бастаған ұлттық әдет-ғұрпымызды дамыту, насихаттау, өскелең ұрпақты үлкенді құрметтеу, аталы сөзден ғибрат алуға тәрбиелеу мақсатында өткен байқауға 12 аудан, қала бойынша 63-75 жас аралығындағы 15 батагөй қария қатысты.

Қатысушылар үш кезең: І кезең- «Таныстыру»,  ІІкезең - «Ел есіндегі баталардан», ІІІ кезең - «Батамен ел көгерер» - /үй тапсырмасы/ бойынша сынға түсті.

Байқау шымылдығы облыстық Ғ.Құрманғалиев атындағы филармония әншісі Еркін Өтегеновтің орындауындағы «Қариялар» әнімен ашылып, ән сазымен көрермендер залынан батагөй қариялар сахнаға көтерілді. Ал әсем әуенді халықтық «Ақжайық» би ансамблі бимен сүйемелдеді.

Сонымен қатар ортаға батагөй қария шығып, қалың жұртқа қол жайып ақ батасын берді.

Шын жүректен шыққан ізгі тілек, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан өсиетнаманы жеткізген аталарымыздың өнерін саралар қазылар алқасы құрамында ақын Шолпан Қыдырниязова, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Гүлсім Кадешева, педагогика ғылымдарының докторы Абат Қыдыршаевтар болды.

Салт-дәстүрді  батамен дәріптеп, арқасына нардың жүгін артқан қарияларымызды құттықтау сөз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Мұхамбетовке беріліп, қатысушы батагөй қарияларға сәттілік тіледі.

Байқау шарттары бойынша  І кезеңде  батагөй қариялар өздерін таныстырды, ІІкезең «Ел есіндегі баталардан», /Қарасай батырдың балаларына, Бауыржан Момышұлының және Кененнің келіндеріне берген батасы/ үзінді айтудан бақ сынасты. Ал  «Батамен ел көгерер»ІІІ кезеңінде үйге берілген тапсырма бата түрлерін жатқа айтып, әртүрлі көріністе көрсете білді.

Бүгінгі күні дүниеге бір рет келер, да­рия ке­уде, тау мүсін, өзі құдірет  батагөй қариялар байқауы жеңімпаздары  Қарасаев Әмірхан Әтенұлы, Қуатов Базарғали Сәниұлы, Жұмашев Өтеген арнайы қонақ ретінде шақыртылды.

Байқау кезеңдерінде  Жастар шығармашылығы орталығының әншілері әннен шашу шашты.

Адамзат рухына серпіліс беретін теңдесі жоқ асыл сөз баталар байқауында бас жүлдені Үмбеталиев Жұмагелді /Тасқала ауданы/, І орынды Сердалин Ертай Нығметұлы /Қаратөбе ауданы/, ІІ орынды Төлегенов Сатыбалды /Зеленов ауданы/, Салауатов Аманжан Имашұлы /Жаңақала ауданы/, ІІІ орынды Жантасов Темірғали  Баймұханұлы /Шыңғырлау ауданы/, Зейнетов  Сыйлыхан Қарағойшыұлы /Ақжайық ауданы/, Мусин Исмағұл Қадырқұлұлы /Қазталов ауданы/иеленіп, Досқожин Амандық /Орал қаласы/, Батыршин Ахмет /Сырым ауданы/,  Қарабалин Серік Қабдырұлы /Орал қаласы/,  Нарышов Салауат /Теректі ауданы/, Көшекбаев Есенғұл Бөрлі ауданы/ дипломант атанса, ал Абдолов Сәрсенғали Жәкиұлы /Жәнібек ауданы/, Уракаев Бакар Гұбайдоллаұлы  /Орал қаласы/,  Қуаншалиев Сейтемәлі   /Бөкейорда ауданы/ Алғыс хаттармен марапатталды.

Сонымен қатар байқаудың Бас жүлде иегері, тасқалалық қария Ж.Үмбеталиевке шапан жабылып, қалың жұртшылық ақ батаға бөленді.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале