2.02.2017, 10:03
Оқылды: 139

Бегайдардың бір ұлы

Oral oniri  Осыдан  екі-үш жыл  бұрын  жұмыс  бабында  Нарынның Исатай  ауданына қарасты  ой-қырын көктей өтіп, арғы-бергі заманғы тарихи  орындарын  армансыз  аралағанымыз  бар.

  Көне суреттер көз алдыңа келеді. Алдымен айтулы адамдарын ойлайсың, олардың өз халқының болашағына бола істеген игі істерін еске аласың. Әр ғасырдың өз төлі, маңғаз марқасқалары бар. Оларды ұмыту мүмкін емес, қайта жаңғырып, жақсы істері жадыңда көрініс табады. Бегайдар құмын белден басып, әрі асқанда есімізге осы араның тумасы – ХIX ғасырдың соңғы ширегінде Бөкей ордасының қалыптасуына айтарлықтай үлес қосқан белгілі қайраткер Өтешқали Атаниязов оралды.


  Кеңес дәуірі кезінде өңірдің өткен шақтағы оқыған азаматтары, олардың қоғамның дамуы, елі, жері үшін атқарған азды-көпті абыройлы еңбегін естен шығарып, ұмытып кеттік. Есесіне бәрін кеңес өкіметі әкелді, сол жарылқады дегенді алға тарттық. Шындығында, кеңес кезінің жақсылықтары аз емес. Бірақ оған дейін де таң атып, күн батты, шуақты сәттері де жетерлік. Ілім-білім жолында оқыған, еліне жан-тәнімен қызмет еткен адамдары да болды. Солардың арасында әлгі айтқан Өтешқали ағаның да орны зор.

  Ол 1855 жылы, бұрынғы жер бөлінісіне сай Бірінші Теңіз жағалауы округіне қарасты Бегайдар құмында дүниеге келген. Әуелгіде ауыл молдасынан сауат ашқан оны тұрмыс-тіршілігі біршама жақсы әкесі баласының оқу-тоқу зеректігін ескеріп, Ордадағы 1841 жылы Жәңгір ашқан орыс-қазақ училищесіне (ол кезде училище) береді. Оны ойдағыдай аяқтаған соң Орынбордың Неплюев кадет корпусын тәмамдап, 1882 жылы Бөкей ордасының Уақытша кеңесінде түрлі қызметтер атқарады. Біраз уақыт Қамыс-Самар қисымының әкімі Мұхамбет-Салық Бабажановтың хат жүргізушісі болып еңбек етеді. Кейін ол өз естелігінде: «Менің Салық ағадан естіп-біліп, үйренгенім кейінгі өміріме көп азық болды. Салық аса білімді, ел басқару ісінде өте қабілетті адам-ды. Өмірлік қалыптасуым, тіпті депутат болуыма да ол кісіден алған тәлімім көмектесті» — деп айтқан еді.

  Алғашқы күннен өзінің озық ойлы, орысша-қазақша сауаттылығы, ел басқару ісіне икемділігін байқатқан оны кеңес басшылығы арада бір жыл өткенде, Тарғын қисымына әкім (управитель) етіп жібереді. Артынша, Қалмақ қисымын басқарады.

  XIX ғасырдың екінші жартысы Кіші жүз халқы, Торғай бойы тұрғындары үшін аумалы-төкпелі аласапыран заман болды. Патшалық Ресей империясы Қазақстанды уысынан шығармай, өздерінің азықтүлік базасына айналдыру, ол үшін отар елді өз ішінен қырқыстырып, аяқтарына құлап, мәжбүрлі өмір сүруін қалыптастыру саясатын ұстады. 1868 жылдың 21 қазанындағы «Орынбор генерал-губернаторының далалық өңірді басқарудың уақытша ережесі» негізінде тұрғындарды біртекті басқару жүйесін енгізу тәртібі қолға алынып, Орал әскери казачествосының билігі Орынбор генерал-губернаторының құзырына берілді. Қос өзен аралығындағы әкімшілік-аймақтық басқару өз қолына тиген губернатор енді жергілікті тұрғындарды жұмса жұдырығында ұстап, бұрыннан казачество күшін бұратана халықты басып-жаншуға жұмсайтын әдетін одан әрмен күшейтті. Әсіресе, жер дауы бұл тұста тіптен өршіп тұрды. Осыған сай жаңа, жас әкім Өтешқали Атаниязовқа билікпен де, бұқарамен де тіл табысып, ортақ шешімге келуіне тура келді. Сонымен қатар қисым тұрғындарының әлеуметтік-рухани ахуалын жақсарту, отырықшылықты орнықтыру, тұрмыс күйі, мәдениетті өсіру, оқу-ағартуға назар аударылды. Оның соңғы саладағы оңды ісі Орынбор округіндегі инспектор Муравьев атынан жоғары бағаланып, ауызға ілікті. Әсіресе, мектеп ісін жолға қоюдағы еңбегі үшін  Ішкі ордадағы қазақ мектептерінің инспекторы Н. Муравьев Өтешқали Атаниязовтан Тарғын және Қалмақ қисымдары мектептеріне «Құрметті бақылаушы» болуын өтінеді.

  Оның осындай жаңашылдығы Уақытша кеңес басшылығын тағы да елең еткізді. Соған сай Өтешқалидың табанын жерге тигізбей, бір қисымнан екінші қисымға ауыстырып, ел еңсесін көтеру, тұрмыстарын жақсарту тапсырылды. Осындай талаппен Ө. Атаниязов 1882-85 жылдары Бөкей орданың Тарғын (қазіргі Жәнібек ауданы  аумағы), Қалмақ бөліктерін басқарса (қазіргі Сайқын округінің аумағы), 1886-87 жылдарда Нарын (қазіргі Орда округінің аумағы) бөлігінде, 1888-94 жылдары Қалмақ, 1895-96 жылдары қайтадан Нарын қисымдарының әкімі қызметін атқарады.

  1895 жылы Өтешқали әріптесі Бақтыгерей Құлмановпен бірге Мәскеуге император II Николайдың таққа отыруын ұлықтау салтанатына қатысады.

  1897 жылы ол Бөкей ордасын басқару жөніндегі Уақытша кеңес төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалады.

  Қандай адам да өз қоғамы, оның саясатынан тыс өмір сүре алмайды. Өтешқали да солай, басшылық қызметте жүріп, Ресей өкіметінің империялық саясатынан аттап кете алған жоқ. Бірақ ол өз халқының мүддесін ешқашан естен шығарған емес. Сондықтан да ол жаңа заман лебіндегі прогрессивтік бағыттағы үлкен тұлға болды және соның бір мысалы, патша өкіметі XIX ғасырдың орта тұсынан бастап Ішкі Бөкей ордасы қазақтарына христиандық православ дінін енгізуді, яғни шоқындыруды қатты қолға алды. Ресейге шекаралас мекендерге орыстарды көптеп қоныстандырып, сауда-саттықты дамытты, шіркеулер салып, тұрғындар арасында қолына крест ұстаған дін таратушылар көбейді. Әсіресе, Жайық, Еділ өзендері бойларында – Ганюшкин, Кордуан, Новая Казанка, Таловка селоларында шіркеулер салынып, тағы да осындай төрт елді мекенде Құдай үйін салу жоспарланды. Бұл қазақтар арасындағы оқыған, ұлт зиялыларын ойландырмай қоймады. Олар өткен ғасырларда осындай шоқынудан бас тартқан 500-600 мың ноғайдың орыстар қолынан ажал құшқанынан да хабардар болатын. Ендеше, солар кешкен кепті көп кешікпей қазақтар да киюі мүмкін екендігін естерінен шығармады. Әйтсе де, өз қандастарын оған жеткізбей сақтап қалу керек.

  Міне, осы кезде Өтешқали Атаниязов қазақтар арасында және Уақытша кеңес, губерния басшылығы алдында ел басқару ісі, қайраткерлік тұлғасымен зор беделге ие болған Мақаш ағасының (Бекмұхамбетов) көптен бері айтып жүрген әңгімесіне еріксіз құлақ түрді. Ол – патшалық Ресейдің қазақ халқын өз діндеріне енгізіп, шоқындыру, яғни түпкілікті орыстандыру саясатына қарсы әрекетті күшейту ісі болатын. Мақаш оны орыс патшалары алдында бұған дейін де екі рет болып (1881 ж. Александр III, 1894 ж. Николай II), өзекті мәселе ретінде көтерген, наразылығын білдірген. Бірақ биліктің бүйір қаққан бірі жоқ, бәрі де аяқсыз қалды. Оны айтасыз, алғаш Александр үшіншінің қабылдауында болған Мақаш оған Екінші Теңіз жағалауы округі тұрғындарының 1879-1880 жылдардағы табиғат қуаңшылығына орай малдарының жұтқа ұшырап, көп өлгендігі, осыған орай тұрғындардың тұрмыс күйінің нашарлап кеткендігі, болашақта қазақтардың қыс кездерінде теңіз жағалықтарындағы аралдарды  мал қыстатуға пайдалану, жазда қыстық мал азықтарын дайындап алуға мүмкіндік туғызуын сұрағанда, патша Мақаш аузындағы сөзін жұлып алып, «Сіздерге барлық көмек болады, егер қол астындағы халқыңды шоқындырсаң ғана» деп қайыра сұрақ қойғаны бар. Әкім аузын аша алмай қалды.

  Екінші рет 1894 жылы патшаның үйлену тойы салтанатына қатысу барысында да, Мақаш Тарғын, Қалмақ қисымдарының әлді азаматтары Зұлқаров, Бажақовтармен бірге Николай II-нің қабылдауында көптен көкейтесті  болған шоқындыру жайын тағы да көтерген. Бұл жолы да мәселе аяқсыз қалды.

  Енді, міне, жауыр болған түйінді жайтты Алаштың арлы азаматы Өтешқали Атаниязов тағы да қозғап отыр. Бұл күн өткен сайын арға тиіп отырған ащы мәселе.

  Дін – әр халықтың сенімі, бірлігі, өмір сүру қалпы. Бірақ әр халықтың өзіндік дәстүрлі діні бар. Одан бездіріп, жаңа дінге бейімдеу оңай емес. Бұл – зорлық, адамдар арасына сына қағу, тату-тәтті көршіліктерді бұзу. Мақаш бұл жайды ағзамдар алдында екі рет болып, жайып салған, екеуінен де аузы күйді. Ал үшінші сапар қалай болмақ. Бірақ бас тартуға болмайды. Әйтсе де, жауыр болған мәселені қайтып жеткізу керек.

  Мақаш әріптесіне бұл жолғы сапарға мұқият дайындалу керектігін қатты ескертті. Өйткені қазақтың қамын асыңды ішіп, аяғыңды тебейіннің керімен отырған Патшалы Ресей бұрын тері бәсіндегі азық-түлігіңе (мал) қызықса, енді сенің жеріңдегі өзге де байлықты тезірек игеру үшін өзіңді арзан жұмыс күші – құл ретінде пайдаланудан әрі аспайды. Тұрмысыңды дұрыстап, мәдениетіңді өсіру, экономикасы дамысын деген олар жоқ. Олай болса, қазақ қашан да өз қотырын өзі қасығаны дұрыс. Бұл ретте тағы да теңіз деп, тегін жатқан шөп бар деп аралдарға араласпаған жөн, қашан да қазақты малдан айырып болмайды. Ендеше, жылдар бойғы түлік тұяғынан тозып, топыраққа айналып бара жатқан құм шағылдар көшкінін тоқтату, жерді шұрайландыруды негізгі мәселеге айналдырып, содан соң ғана күні бүгін ұлттың ең жанды түйініне айналған – Ресейдің қазақтарды христиан дініне енгізу сынды ең сорақы әлеуметтік саясаты үзілді-кесілді тоқтатуды маймөңкелемей батыл көтеру керектігін айтты.

  Бірақ бұл арада патша алдында әлгіндей әлеуетті мәселе көтеру үшін оны алаңдатып, көңілін жібітетін жайды да ұмытпау керек. Өйткені адамзат қауымдасқаннан бері әлді әлсіздің қолына қарайды. Бұл пара емес, сыйлық. Сыйлық сырт көзді сындырады, темірдей төрені иліктіреді.

  Мақаш бұған дейінгі екі қабылдауында да, Ресей патшасы алдына құр қол барған жоқ. Бұл жолы да солай. Әйтсе де, қазақ атынан барған соң сыйдың да қадірін сұйылтпай, бағасын түсірмей, ұлықты ұйытқан дұрыс.

  Бұл жайлы бұрынғы әкім мен бүгінгі әкім көп ойланды. Ақыры, алтыннан қазақтың кішкене ғана киіз үй макетін соқтырып, оны мақпал-мауытпен қаптатып, әспеттеген күйі ұсынса, тақсырың таңырқамағанда, кім таңырқайды. Бірақ іс оңды, тарту тамаша болғаны дұрыс. Маңызды істі Мақаш өз қолына алды. Бұл жайлы ол кезінде былай деп жазыпты: «… Жертөледе  он жеті құмық саф алтыннан киіз үйдің тұрқын бек көңілімдегідей етіп соқты. Осылай бір ай іс қылды. Алтынның сыртын мақпалмен тыстаттым…

  Өтешқали Атаниязов екеуміз Орынбор арқылы Петромпор (Петербург) шаһарына сапар шектік. Халық үшін қылған бір істі тәңір оңғарып, патша ағзамның алдынан өттік. Сыйымызға ағзам мен маңайындағы хакімдер бек ырза болды. Артынан бізді шоқындырып, мұсылмандық үлгіден айырмаңыз деп тілек қылдым. Жауабын хакім арқылы естисің деді. Екінші аптаның сәрсенбі күні оң тілек тілеп жатқан бізге екі хакім келіп: «Патша саған резиденция салсын деп ақша бөлді» — деді. Осымен қайыр-қош айтысты. Өтешқали екеуміз ауылға көңіліміз күпті оралдық».

  Әйтсе де, ұлтжанды қос арыстың аталған соңғы өтініші кейін Құдай сәтін салды ма, әлде патша ағзамның өзі бір шешімге келді ме, қалай дегенде де, қазақтар христиан дінін қабылдаудан аман қалды. Бұл қандастарымыздың бақыты, ұлт болып қалыптасуымыздың негізі болса керек. Сонымен бірге аталған істе Өтешқали Атаниязовтың да белгілі дәрежеде үлесі бар екенін естен шығармағанымыз дұрыс.

  1890 жылы Қазан қаласында өткен Бүкілресейлік мемлекеттік ғылыми-өнеркәсіптік көрмесіне сұлтан Ибрагим Бөкейханов, Аякем Өмірзаков, Ильяс Мамутовтармен бірге қатысып қайтты.

  Қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Мақаш Бекмұхамедов өзінің «Астрахан хабаршысы» газетінің 1898 жылғы 3 мамырында жарияланған «Қазақ даласындағы қайырымдылық» атты мақаласында «Атаниязов қыстың соңғы күндерінде қиын сәттерде қандастарына шөпті тегін үлестіріп, көмек көрсетті» – деп жазған. Осындай халқының қашанда шын жанашыры, әрі қамқоршысы бола білген Өтешқали Атаниязов патшалық әкімшіліктен екі рет күміс медальмен марапатталып, әскери ротмистр, кейін штабс-капитаны шенін иеленді.

  Әңгіме орайында айта кетейік, өмірде Өтешқалидың өзі де мұсылманшылық жолына түскен діндар адам болатын. Ұстанымы жоғарыда айтқанымыздай, мұсылманшылық жол – ислам діні. Ол 1901 жылы өзімен ниеттес, қандас  80 мүридпен Астрахан қаласынан «Эллада» кемесімен жолға шығып, Сауд Арабиясындағы Мекке-Мәдинаға қажылыққа барған. Кейін әр күндегі бес уақыт намазын қаза қылмай, жаны таза, имандылық жолымен дүниеден өтті.

  Өтешқали Атаниязов өмірде өзінің ауылдасы, Жәңгір ханның ұлы, патша армиясының генералы (атты әскер генерал-лейтенанты, әскери жанама аты Сұлтан Шыңғысхан, Ғұбаш) Ғұбайдолла Жәңгіровпен өте жақын дос болған. Ғұбайдолла да мұсылмандық дін жолын қатты қадірлеген. Екеуінің достығын Өтешқалидың немере күйеу баласы (інісі Нұрғалидың қызын алған), Атырау өңіріндегі алғашқы арнаулы білімді фельдшерлердің бірі, Кронштадт қаласындағы Николаев теңіз госпиталының жанындағы медициналық мектептің түлегі Қажығали Мәмеков (1883-1974) өзінің «Есімдегі есімдер» (Атырау, 2015 ж.) атты естелігінде баяндайды.

  Бір өкініштісі, бұл күнде Өтешқали Атаниязов жайлы, оның Бөкей ордасын қалыптастыру – ел басқару ісі, Уақытша кеңестегі атқарған қызметтері жайлы тіпті де жазылмайды. Мүмкін ол жоқтаушысы жоқтықтан да шығар. Ал, шындығында, оның есімі XIX ғасырдың екінщі жартысы, ғасыр тоғысында Бөкей ордасына қатысты тарихи құжаттарда жиі кездеседі. Тіпті ел ішінде өзі туған ауылдан төрт баланы Ордаға алып кетіп, Жәңгір мектебінде оқытып, кейін олардың бәрі де елі үшін еселі еңбек еткен айтулы азаматтар болғаны белгілі.

  Өтешқали Атаниязовты елдегі ағайын-туыстары жастай туған жерден жырақтап, орысы көп билік арасында өскендіктен бе, көбіне жалғыз жатақ тұрып, бөлектеніп жүрді, орыс қолды өмір сүрді дейді. Ол рас, Өтешқали аға кезінде қоғамның қандай қызметіне араласса да абыройлы болды. Басшылықтан да, бұқарадан да алғыс алды. Соның белгісіндей оның өңірінде патшалық Ресейдің екі күміс медалі жарқырады. Елде Кеңес үкіметі орнап жатқан кезде, ол жасының ұлғайғандығына байланысты өзінің қоғамдық қызметтерін қойып, зейнеткер атанды. Орда жанындағы Ахон көлі жағасынан үй салып, қалған өмірінің бар тірлігін сонда өткізеді. Өзінен өрбіген ұл-қыздары, немерелерін имандылыққа ұйытқан күйі бұл пәниде 69 жыл ғұмыр кешіп, 1924 жылы дүниеден өтеді. Оны көргендер, жұмыстас, сыйлас болғандардың бәрі терең ойлы, білімді, халқы үшін адал еңбек еткен зиялы жан еді деп айтып отырады. Сондай жанды ұмытпай еске алу, ұрпақтар ал-дында ұлығылау абыройлы борышымыз болса керек.

  …Артымызда Бекайдар құмы қалып барады. Біз сол құмның қымбат ұлдарының бірі Өтешқали Атаниязов жайлы ойлап отырмыз. Осындай еңбек еткен азаматқа Орал шаһарының бір көшесінің атын берсе, құба-құп болар еді.

Өтепберген  ӘЛІМГЕРЕЕВ

өлкетанушы,

Атырау  қаласы

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале