4.04.2017, 16:59
Оқылды: 19

Биыл тоғыз ауданда 3252 га жер телімі беріледі

Оған қоса Орал қаласы аумағынан бөлінген 200 гектар жерге инженерлік желі тартып, жер кезегінде тұрған 1000 отбасына беру жоспарланған, дейді орталық коммуникациялар қызметінің өңірлік филиалы алаңында өткен брифингте сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев.

- Өткен жылдан бастап облыс орталығындағы апаттық жағдайдағы үйлердің орнына жаңа үйлер салу қолға алынды. Жалпы, облыс орталығында апатты жағдайдағы 43 тұрғын үй бар, оларда 1 500 адам тұрып жатыр. Деповской ауданында 48 пәтерлі, 4 апатты жағдайдағы үйлер бұзылып, орнына екі көп қабатты тұрғын үй бой көтеруде. Алғашқы үйді бірінші жартыжылдықта тапсыратын боламыз. Ағымдағы жылы осында 9 тұрғын үйді сүртіліп, орнына мемлекеттік және жеке меншік серіктестігі аясында жеке инвесторлардың есебінен көп қабатты тұрғын үйлер салынатын болады. Құрылыс компаниялары салған көп қабатты тұрғын үй алдымен бұзылған үйдің пәтер иелеріне беріледі. Ал қалған пәтерлерді мердігер компания өздері қала тұрғындарына сатады. Инженерлік желілерді тарту мен абаттандыру жұмыстарын жергілікті билік мойнына алады. Жалпы апатты жағдайдағы үйлерді алдағы үш жыл ішінде кезең-кезеңімен жаңалау жоспарланды.

Бағдат Азбаевтың айтуынша, әлеуметтік нысандар салу бойынша республикадан, жергілікті бюджеттен және КПО б.в. компаниясынан бөлінген 6 млрд. теңге қаржыға биыл өңірде жаңа 8 мектеп пен Подстепный ауылында Мәдениет үйі салынатын болады. Білім ордасының төртеуі Орал қаласында, төртеуі аудандарда бой көтереді. Бұл құрылыстар арқылы апатты жағдайдағы бір мектептің және үш ауысымда оқитын бірнеше мектептің мәселесі шешілмек.

Нұрбек ЗӘКӘРИЯҰЛЫ,

«Орал өңірі»

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале