16.11.2017, 11:38
Оқылды: 54

БҚО-да 645 үкіметтік емес ұйым тіркелген (СУРЕТ)

Бірақ соның 100-ден астамы белсенді қызмет атқаруда. Бұл жайлы кеше өткен ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаевтың қатысуымен облыс әкімдігі жанындағы үкіметтік емес ұйымдармен өзара іс-қимыл және ынтымақтастық жөнінде кеңес отырысында айтылды. Облыс әкімі Алтай Көлгіновтің төрағалығымен болған жиынға ҮЕҰ, саяси партия, мемлекеттік құрылым өкілдері, аудан әкімдері қатысты.

         -Азаматтық қоғамның рөлін арттыру - «100 нақты» қадам Ұлт жоспарындағы маңызды мақсаттардың бірі. Еліміздің тәуелсіздік жылдары қолжеткізген табыстары азаматтық сектордың қоғамдағы үлесімен тығыз байланысты. Қазір елмізде азаматтық қоғамның дамуы үшін мемлекеттік қолдау механизмдері нақтыланды. Яғни әлеуметтік-мемлекеттік тапсырыстар, гранттар бөлу, ҮЕҰ-лардың кәсібилігін арттыру, ынталандыру бағытында көптеген жұмыс атқарылды. Былтыр ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды.

650 мың тұрғыны бар Ақ Жайық өңірінде 645 ҮЕҰ тіркелген. Соның 100-ден астамы белсенді қызмет атқаруда. ҮЕҰ-лардың белсенділігін арттыру мәселесін біраздан бері көтеріп келе жатырмыз. Биылдың өзінде 800 млн. теңгеге жуық қаражат мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында бөлінді. Бұл қоғамның әртүрлі топтарының мәселелерін шешуге бағытталды. Сонымен бірге Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға қоғамдық ұйымдардың мемлеттік құрылымдармен бірлесе жұмыс істеуінің маңызы зор. Өткен жылы болған облыстық ҮЕҰ форумының қорытындысы бойынша азаматтық қоғамды дамыту бойынша кешенді іс-шаралар қолға алынды. Мәселен, биылғы мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс былытырғымен салыстырғанда 30 пайызға өсті. Былтыр тек 4 облыстық басқарма әлеуметтік тапсырыс негізінде қоғамдық бірлестіктермен бірігіп жұмыс істесе, ағымдағы жылы олардың қатары 7-ге жетті. Өңірде 14 қоғамдық келісім кеңесі белсенді жұмыс істеп жатқанын да айта кету керек. Жалпы алғанда еліміздегі азаматтық қоғамның дамуына батысқазақстандықтар да үлкен үлес қосуда,-деді жиынды ашқан Алтай Сейдірұлы.

Содан кейін сөз алған ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы аясында үлкен іс-шаралар қолға алынып жатқанын баяндады. Бұл бағдарламалық мақалада азаматтық қоғамның даму бағдары да айқындалған. Соның аясында министрлікпен бірнеше ірі жоба іске асырылуда. Оған мысал ретінде «Туған жер» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатқан «Атамекен» жобасын, оның ішіндегі шағын жобаларды айтуға болады.

-Біз биылдан бастап еліміздегі қарапайым адамдарды толғандыратын мәселелер бойынша мониторинг жүргізуді қолға алдық. Үкімет басшысының қолдауымен басталған бұл шараға ҮЕҰ-лар да белсенді қатысып жатыр. Мониторинг бойынша қоғамның түрлі салаларына қатысты жинақталған мәселелер үкіметке ұсынылады. Одан әрі тиісті министрліктер мен ведомстволар оларды шешумен жұмыстанатын болады. ҮЕҰ-лардың ұсынысы бойынша біздің министрлік Премьер-министрге орталық және жергілікті атқарушы биліктің азаматтық қоғам өкілдерімен тұрақты кездесу кестесін бекітуді ұсынған еді. Ол қолдау тапты. Яғни жылына кем дегенде екі рет билік құрылымдары ҮЕҰ өкілдерімен кездесулері керек. Бұл министрліктің сайтына орналастырылды. Осы жерде айта кетер жайт, мұндай кездесулерге барынша маңызды әрі нақты мәселелер бойынша жан-жақты дайындалып келген жөн. Міне, бұл мысалдардан-ақ азаматтық қоғамның бізде қаншалықты алға басқанын, олардың билікке ықпалын көруге болады. Дегенмен де осы бағыттағы жұмыстар ауқымын кеңейту қажет,-деген Нұрлан Байұзақұлы ҮЕҰ-ларды мемлекеттік қолдаудың жаңа түрлерімен де таныстырып өтті.

Облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Бақытжан  Нарымбетов өңірдегі азаматтық қоғамды дамыту бағытында ағымдағы жылы басқармамен атқарған іс-шараларға тоқталып өтті. Олардың арасында негізінен ҮЕҰ-ларды ынталандыру, қоғамдық шараларға тарту, отбасы құндылықтарын насихаттау, азаматтардың құқықтың санасын дамыту және «Рухани жаңғыру» бағдарламасы» аясындағы шаралар көрініс тапқан.

Жиын барысында сөз алған ҮЕҰ жетекшілері азаматтық қоғамды жетілдіру жөніндегі өз ұсыныс-пікірлерін айтты. БҚО азаматтық альянсының төрайымы Айгүл Туркинаның сөзіне қарағанда, бұл саладағы бәсекелестік төмен. Себебі, кәсіби ҮЕҰ-лардың саны аз. Сондай-ақ кейбір мемқұрылымдар ҮЕҰ-мен бірігіп жұмыс істеудің мәні мен маңызын түсіндейді. Ал «Бәйтерек» қоғамдық ұйымының төрайымы Меруерт Санкаева азаматтық қоғам жөнінде БАҚ-тарда, әсіресе респуликалық ақпарат құралдарында көптеп материал ұйымдастыру қажеттілігін тілге тиек етті.

Кеңес отырысының соңы марапаттау шарасына ұласты. Үкіметтік емес секторды дамытуға үлес қосқан бірқатар жандар ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрі мен облыс әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Олардың ішінде БҚО мүгедектерінің ерікті қоғамының төрағасы  Жұмажан Қожжанов, «Аруана-Жайық» қоғамдық қорының төрайымы Ұлдай Сариева, «Арба» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлмира Батпақұлова, «Ақотау» отбасы орталығының төрайымы Алтынай Есқалиева бар.

Сәкен ӘБІЛХАЛЫҚОВ

zhaikpress.kz

Сурет: Айбатыр НҰРАШ

received_10210445495266094-1 received_10210445494466074 received_10210445494226068-1-1 received_10210445494746081 received_10210445495106090 received_10210445494426073

23660164_10210445495346096_905451250_o 23698408_10210445495306095_72361440_o 23634098_10210445494826083_1108378119_o 23601967_10210445494586077_1565806227_n

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале