2.04.2019, 16:59
Оқылды: 81

БҚО-да егіс алқаптары ұлғайып келеді

Биыл БҚО-дағы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы 542,3 мың гектарды құрамақ. Бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 25 мың гектарға (2018 ж. – 517 мың га) немесе 4,9%-ға артық. Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы сөз болды.

 Посевная

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Денис Омашевтің айтуынша, дәнді дақылдардың алқабы күздік дақылдар егісін ескергенде 265 мың гектарды құрайды. Соның ішінде жаздық дәнді дақылдарды 188,4 мың гектарға егу жоспарланған.

-Егіс алқаптарының құрылымына сәйкес жаздық бидай 83,4 мың гектарды немесе 44,3%-ды, арпа 85 мың гектарды немесе 45%-ды, тары 4,4 мың гектарды немесе 2,3%-ды және басқа да дәнді дақылдар 5,6 мың гектарды немесе 2,5%-ды құрамақ. Соның ішінде майлы дақылдар 64,8 мың гектарға егіліп, күнбағысты 51 мың гектарға дейін жеткізу көзделген. Картоп және көкөніс-бақша дақылдарын 10 000 гектарға егу жоспарлануда (2018 ж. – 9632 га), оның ішінде картоп - 4300 гектар, көкөніс дақылдары - 3800 гектар, бақша дақылдары 1900 гектар болады. Нарықтағы сұранысқа және өндірістік тиімділігіне байланысты майлы дақылдар алқабын 18,2%-ға, картопты 2,4%-ға және көкөніс-бақша дақылдарының алқаптарын 7,5%-ға ұлғайту жоспарланып отыр, - деді Денис Омашев.

Оның айтуынша, өткен жылы мал азықтық дақылдар 175,7 мың гектар болса, биыл оның егістігі 202,5 мың гектарды құрамақ. Өңірдегі шаруашылықтардың дәнді дақылдар тұқымына деген қажеттілігі 21,1 мың тонна шамасында болса, қазір соның 22,1 мың тоннасы немесе қажеттіліктің 105%-ы дайын. Майлы дақыл тұқымына қажеттілік 0,52 мың тонна, оның әзірге дайындалғаны 0,53 мың тонна немесе қажеттіліктің 102%-ын құрайды. Мал азықтық дақылдар тұқымына қажеттілік бір мың тонна болса, оның 0,59 тоннасы немесе 57%-ы дайын. Тұқымдық картопқа қажетті 12,9 мың тонна тұқым толықтай дайын.

Мемлекеттік сатып алулар үрдістері қорытындылары бойынша екі аккредиттелген «Казагрэкс» АҚ және «Орал-Жер» ЖШС мекемелерінің зертханалары тұқым сапасына тексеріс жүргізуді бастады. Соның нәтижесінде барлық дәнді дақыл тұқымының егуге жарамдылығы анықталмақ. Сондай-ақ көктемгі далалық жұмыстарға 4215 трактор, 4081 дәнсепкіш, 830 қопсытқыш және «Джон Дир», «Флексикойл», «Кейс», «Хорш» маркалы 47 жоғары өнімді егіс кешендері қатысады. Бүгінде тракторлардың 97%-ы, дәнсепкіштердің 96%-ы, қопсытқыштардың 97%-ы жұмысқа дайын.

-Көктемгі далалық жұмыстарды жүргізу үшін облысқа 12 мың тонна (сәуірге - 2 мың тонна, мамырға – 6 мың тонна, маусымға – 4 мың тонна) дизель отыны керек. Жанар-жағармайды жеткізуші оператор болып «Батыс Арна» ЖШС анықталды. Дизель отынының бағасы литріне 165 теңгені құрайды, -деді Д. Омашев.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ның БҚО филиалы директоры Ерлан Нысанғалиевтің брифингте ұсынған мәліметінше, көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға «Кеңдала» бағдарламасы бойынша 291,5 млн. теңге қарастырылған (7%-дық мөлшерлеме), қаржы аталмыш облыстық филиалдың аудандық несие серіктестіктері арқылы (15 ауыл шаруашылығы тауар өндірушіге) берілді. Бұдан бөлек «Агробизнес» бағдарламасы бойынша 559 млн. теңге (16%-дық мөлшерлеме) қарастырылған. «КазАгроҚаржы»АҚ БҚО бойынша филиалы директорының орынбасары Амангелді Имановтың сөзіне сүйенсек, «Казагроқаржы» АҚ бойынша техника лизингіне 2900 млн. теңге қаралған. Бүгінде өңірдегі шаруашылықтар 1050 млн. теңгеге 80 техника сатып алған.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал өңірі»

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram -дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале