9.10.2017, 17:11
Оқылды: 24

БҚО-да кеден бекеттері мен салық орталықтары 89 пайыз электронды қызмет көрсеткен

 

«Қағазбастылық азайып, электронды нұсқада қызмет көрсету белсенділігі артты» дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері жергілікті БАҚ өкілдеріне арнап өткізген баспасөз мәслихатында.

Жиынды департаменттің Ішкі қауіпсіздік басқармасының басшысы Тимур Тілеуғалиев ашып, мемлекеттік кірістер органдарында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша ағымдағы жылдың 9 айында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады.

- Мемлекет басшысы Н.Назарбаев өзінің биылғы халыққа арнаған Жолдауында сыбайлас жемқорлықтың себептері мен алғышарттарын анықтап, оларды жою жұмысын барынша күшейту керектігін атап өтті. Осыған орай, Ішкі қауіпсіздік басқармасында сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында ауқымды жұмыстар жүргізілуде.  Атап айтар болсақ, ағымдағы жылдың  9 айында  департаментте 82 профилактикалық шара, соның ішінде Ішкі қауіпсіздік басқармасы өкілдерінің қатысуымен екі консультативтік кеңес, 38 басты жемқорлық тәуекелдерінде жоюға бағытталған 68 семинар және бір рет радиода осы бағытта хабарлама ұйымдастырылды. Басқарма қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық жағдаяттарын анықтауға бағытталған жедел-қызмет шараларын жүргізуі нәтижесінде биыл жыл басынан бері үш қылмыстық іс қозғалды. Нақтырақ айтсақ, ағымдағы жылдың 25 қаңтарында ҚР ҚК 367-бабы 2-бөлімі бойынша ЭТҚ-ның аға тергеушісі А.Аймурзиннің үстінен іс қозғалып, тексеру жұмыстары жүргізілді. Қазіргі кезде қылмыс құрамы болмауы себепті бұл іс  қысқартылды.

Сондай-ақ, биыл тамыз айында «Энергетикалық» к/б бұрынғы қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс  (ҚР ҚК 361б. 4б. лауазымдық уәкілеттіктерін теріс пайдалану фактісі бойынша) қозғалды. Бұл ретте «Энергетикалық» к/б бұрынғы қызметкерлері 2013 жылы экспорт кеден декларацияларын рәсімдеу барысында міндетті кеден салымдарын есептемей, кәсіпорын пайдасына лауазымды құзіреттерін теріс пайдаланған. Нәтижесінде мемлекетке 1,5 млрд. теңгеден астам көлемде материалдық зиян келтірді.  Қазіргі кезде осы қылмыстық іс бойынша тергеу жүргізілуде. Сондай-ақ, басқарма қызметкерлері мемлекеттік кірістер органдарына бұрын теріс қылықтарымен көзге түскен немесе құқықбұзушылықтар жасауға бейім тұратын тұлғалардың енуін болдырмау бағытында да жұмыстануда. Бұл департаментке  қызметке тұруға үміткерлер жөнінде  ақпараттар жинау және оны талдау арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, Иманғалиев деген үміткерге басқарма тарапынан теріс ұсыныс берілгендіктен, бұл азамат мемлекеттік кірістер органдарына қызметке қабылданбады, -деді ол өз сөзінде.

Бұдан соң  облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің Мемлекеттік қызметтер басқармасының басшысы Тимур Төлепов сөйлеп, мемлекеттік кірістер органдарында көрсетілген мемлекеттік қызметтер жөнінде баяндады.

- Қағазбастылық азайып, электронды нұсқада қызмет көрсету белсенділігі артты. Мысалға айтар болсақ, ағымдағы жылдың 9 айында облыстағы Кеден бекеттері мен салық есептерін қабылдау және өңдеу орталықтарында барлығы 550 мың қызмет көрсетілсе, соның 490 мыңы, яғни 89 пайызы электронды нұсқада болды. Бұдан басқа «Үкімет азаматтар үшін» (ХҚКО) мемлекеттік корпорациясы арқылы 2017 жылдың қаңтар-қыркүйек айлары арасында 234 қызмет көрсетілді. Бұл ретте алкоголды өнімдерді сату лицензиясы берілді және жеке кәсіпкерлерді есепке алу жұмысы электронды нұсқада жүргізілді. Салық төлеушілердің комитетпен қарым-қатынасын азайту үшін биылғы 1 мамырдан бастап салық төлеушілерді есепке алу жұмысы электрондық нұсқаға көшірілді. Сондай-ақ, салық есебін электронды нұсқада тапсыру салық төлеушілер үшін де тиімді болып отыр,-деген Тимур Нұржанұлы мемлекеттік қызмет көрсетуді электронды нұсқаға көшіру сыбайластық пен жемқорлық жағдаяттарын азайтуға оң ықпалын тигізетінін айтты.

Айша ӨТЕБӘЛІ,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале