13.03.2018, 12:36
Оқылды: 50

БҚО-да наурыздың үшінші онкүндігінде күн жылына бастайды

13 наурызда түнде -280 С дейін аяз болғанын ескерсек, «кәрі құда» қыс айылын жия қоймайтын сияқты. Синоптиктердің мәліметіне сүйенсек, өңірде 20 наурызға дейін күн айтарлықтай жылымайды. Тек наурыздың үшінші онкүндігіне қарай күндіз 2-7 градусқа дейін жылына бастайды. Әйтсе де түнде 0-ден -5 градусқа дейін салқын ауа райы сақталады. Бұл туралы облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаевтың төрағалығымен өткен су тасқынына қарсы облыстық штабтың отырысында мәлім болды. Селекторлық режимде өткен кеңеске барлық аудан әкімдері қатысты.

«Қазгидромет» РМК БҚО бойынша филиалының директоры Нұржан Шияптың айтуынша, қаңтар-ақпан айларында өңірде қар аз жауғандықтан, тоң қату тереңдігі (ақпанның үшінші онкүндігінде) Орал қаласында 128 см, Шыңғырау ауданында 133 см, Жәнібек ауданында 104 см, Тайпақта 108 см құраған. Қаңтар айындағы жауын-шашын мөлшері былтырғы жылмен салыстырғанда төмен болғанымен, ақпан айында қалыпқа жақындап, наурыз айында қалыптан 12 мм артық қар жауған.

-Тоңның терең қатуы топыраққа ылғалдың сіңуін тежейді, ал бұл жағдай өзен арналарына құйылатын ағынды су көлемін ұлғайтуы мүмкін. Су тасқынының болу-болмауы жауын-шашынға, тоңның еруіне, өзен бассейндерінің тұрақты қар жамылғысымен жабылу көлеміне, сондай-ақ күндізгі және түнгі ауа температурасының нөлден жоғары көрсеткішке тұрақты көшуіне байланысты,-дейді облыстың бас синоптигі.

Қазіргі таңда облыстық, қалалық және аудандық су тасқынына қарсы штабтар құрылып, су тасқынының алдын алу бағытындағы жұмыстар жалғасуда.

-Наурыз айында қар көп жауды, оған қоса қардың ылғалдығы жоғары. Сондықтан, күн жылынғанша қала және аудан әкімдері тиісті мекемелермен бірге қар шығару жұмыстарын тәулік бойы жүргізе отырып, көшелер мен арықтарды қардан толық тазалауы тиіс. Әркім өз ауласын, үйінің айналасын қардан аршу туралы халықты құлақтандыру керек. Әкімдіктер жергілікті полиция қызметімен бірлесіп, тұрғындарға су тасқыны қаупі туралы үнпарақтар таратуы керек. Тасқала, Зеленов, Теректі аудандары мен Орал қаласында жауған қар мөлшері жоғары,-деді су тасқынына қарсы облыстық штаб басшысы Бағдат Азбаев.

Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басшысы, генерал-майор Жасұлан Жұмашев қар тазалау, мұз кесу, өзен арналары мен арық-атыз бойын қоқыстан тазарту жұмыстарына 2000-нан астам адам мен 600-ге жуық техника жұмылдырылғанын баяндады. Облыс аумағындағы өзен-көлдер әлі де қысқы режимде. Су қоймаларындағы мұздың қалыңдығы 50 см дейін, ал Жайық өзенінде - 35 см құрайды.

Жасұлан Қыдырғожаұлының айтуынша, қазіргі таңда облыс аумағынан 200 мың текше метрден астам қар шығарылған. Бұл жұмыс әлі жалғасуда. Өзен арналарында мұз кептелісі болуы ықтимал аумақтарда 2335 ойық ойылып, 57 мың шаршы метр мұз алынған. Қала бойынша 8 учаскеде мұз кесу аяқталып, қазір Тасқала ауданы аумағында мұз кесу жұмыстары жүріп жатыр.

Күн күрт жылынар болса, Жайық, Шаған, Деркөл өзендерінің арнасы мен еріген қар суынан негізгі қауіп облыс орталығының оңтүстік бөлігіне қоса саяжайларға да төнеді. Су тасқыны ықтимал аумақта 75 бау-бақша бірлестігі орналасқан. Қазіргі таңда қала маңындағы саяжайларды 13847 адам тұрақты мекендейді, олардың 4483-і балалар.

-Саяжайлар су тасу қаупі бар аймаққа жатады. Өздеріңіз білетіндей, саяжайлар тұрақты мекендеуге емес, тек жаз мезгілінде бау-бақша егуге ғана арналған. ТЖД қызметкерлері облыстық жастар саясаты басқармасының еріктілерімен саяжай алқаптарына рейдтер ұйымдастырылуда. Су тасу қаупі, су тасқыны кезіндегі іс-қимыл жайлы тұрғындармен жиындар, әңгімелесулер өткізіп, түсіндіру жұмыстарын қолға алдық.

Саяжайлар аумағында су көтерілетін болса, жалғыз амалы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру. Қазіргі таңда Орал қаласында 28 уақытша қоныс аудару қосыны анықталды,-дейді облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны  Марс Отаров.

Бұған дейін Зашаған кентінде еріген қар суынан және көктемгі жаңбырдан кейін пайда болатын көлемі көлдей шалшық сулар тұрғындарға үлкен қиындық тудырып келген еді. Көш жүре барады түзеледі демекші, соңғы жылдары арық жүйесінің құрылысына қажетті қаражат бөлініп, кезең-кезеңімен арықтар салу, су өткізу құбырларын орнату нәтижесінде бұл мәселе күн тәртібінен алынды. Төтеншеліктер тұрғындарды биік ғимараттарда пайда болған мұз сүңгілерінен мейлінше сақ болуға шақырады. Қауіптің алдын алу мақсатында әлеуметтік нысандардың шатырын қар мен мұздан тазалау, қоршау белгілерін қою бағытында шаралар алынуда.

Төтеншеліктер Орал қаласының оңтүстік аумағы мен саяжайларға қоса Тасқала, Атамекен, Шежін 1, Амангелді, Подстепный, Асан ауылдарында да қиындық тудыратын аймақтар бар екендігін айтуда. Кеңес барысында аудан әкімдері су тасқынының алдын алу бағытында атқарылған жұмыстар туралы есеп берді.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

Фото: Айбатыр Нұраш

pavodok 6 pavodok 7

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале