16.02.2018, 22:45
Оқылды: 58

БҚО-дағы электр желілерінің 83 пайызы тозған

received_10211065959817320Бұл жайында ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Батыс Қазақстан электр желілерін таратушы компаниясының ұжымымен кездесуінде айтты.

Министр бұл мәселе тариф құнын шектегендіктен пайда болды деп есептейді. Тозығы жеткен электр желілері мен инфрақұрылымын жөндеуге жұмсалатын қаражат мөлшері әзірше белгісіз. Сондықтан даму стратегиясын жасақтап, өңір әлеуетіне қатысты инвестициялық бағдарлама қабылдау қажет. Жөндеу жұмыстарын жүргізуге республикалық бюджеттен қаржы тапшы. Мәселені инвестициялық тарифтер мен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында шешуге болады.

Қанат Бозымбаев қазіргі уақытта өңір жұртшылығын электр қуатымен қамтамасыз етуде айтарлықтай түйткіл жоқ екенін айтты. Ақпан айына дейінгі өңірдегі ПИК-тердің қуаттылығы – 285 мегабат болған.

Кездесуде Елбасының биылғы Жолдауында көрсетілген басым бағыттарды түсіндірген министр салалық бағыттар бойынша атқарылған жұмыс жайын баяндады.

Оның мәліметінше, былтыр елімізде мұнай өндірісі 86,2 млн. тоннаға жетсе, Батыс Қазақстан облысы бойынша 13,1 млн. тонна мұнай өндірілді. Қарашығанақ кен орнында 12,5 млн. тонна конденсат және 22,2 текше метр газ шығарылған. Біздің облыс басқа өңірлерге қарағанда, республика бойынша мұнай өндіру көлемі жөнінен үшінші орында. Былтыр «Жайықмұнай» компаниясы 142 мың тонна сұйытылған газды өндірді. Оның ішінде 28 мың тоннадан астамы газ құю бекеттеріне тасымалданды. ҚР Энергетика министрлігі мен облыс әкімдігінің бірлесе жұмыстануы арқасында өңірдегі елді мекендерді газдандыру деңгейі 94 пайызға жетті.

– Облыста иесіз қалған 99 км электр желісі мен 11 қосалқы трансформатор стансасы бар екені анықталды. Облыс әкімдігі оларды иесіз деп танып, меншігіне алып, өңірлік энергокомпанияларға беруі тиіс. Былтыр «100 нақты қадам» Ұлт жопсарының 51-қадамына сәйкес бұл бағытта жұмыс жүргізу үшін заңнама талаптарын жетілдірдік, – деді Қанат Бозымбаев.

Оның айтуынша, былтыр облыстағы өндірістік қалдықтардың көлемі 110 мың тоннаға дейін көбейді. Өндірістік қалдықтардың 33 пайызы өңделді. Облыс бойынша тұрмыстық қатты қалдықтардың 2,1 пайызы өңделіп, кәдеге жаратылды. Елді мекендердің 61 пайызында қалдықтар көлікпен тасымалданады.

– 2016 жылы еліміздегі тұрмыстық қатты қалдықтардың екі пайызы, ал өткен жылы тоғыз пайызы өңделді. Қалдықтардың өңдеу қарқыны үш есеге артқанымен, ондағы Батыс Қазақстан облысының үлесі нашар. Өңірдегі 318 полигон мен қоқыс үйіндісінің сегізі ғана экологиялық-санитарлық талапқа сәйкес қоршалып, құжаттары жасалған. Әлемдегі дамыған елдерден үлгі ала отырып, тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеудің кешенді амалын қарастыратын боламыз. Оған шағын және орта бизнес иелерін тартуымыз қажет. Облыс әкімдігі фин компаниясымен қалдықтарды өңдеу жөнінде келісімге келгені қуантады. Инвестормен тығыз байланыс орнатып, бұл бағытта жұмысты жүйелі жүргізуге министрлік те мүдделі. Алдағы уақытта ҚР Экологиялық кодексінің талаптарын жетілдіреміз. Соның аясында қоршаған ортаға зиянын тигізген кәсіпорындардан өндірілген өтемақыны мақсатты түрде жұмсалуына, яғни облыс әкімдіктері бюджетке өндірілген миллиардтаған қаржыны өңірлердің экологиясын жақсартуға бөлуіне ықпал етуіне басымдық беріледі, – деді Қанат Бозымбаев.

Министр елімізде мұнай-газ кеніштерін сандық технологиялар арқылы басқару, «Ақылды кен орны», «Сандық электрстанса», «Ақылды желілер» пилоттық жобаларын іске қосу қолға алынатынын баяндады. Жиынға қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов өңірде тың жобалардың жүзеге асуына қолдау білдіретінін айтты.

Одан әрмен «Батыс Қазақстан ЭЖТК» АҚ директорлары кеңесінің төрағасы Яхия Чудров пен «Отделстрой» құрылыс компаниясының директоры Валентина Михно өз ұсыныс-пікірлерін ортаға салды.

Кездесуден кейін ҚР Энергетика министрі Қанат Бозымбаев Орал трансформаторлық зауытына барды. «Зауыт заманауи талапқа сай құрал-жабдықтар шығаруда. Кәсіпорын басшылығы жаңа технологияларды қолданысқа енгізуді жоспарлауда. Трансфоматор бөлшектері ішкі нарықты қамтамасыз етуде және экспортқа шығарылуда. Осындай отандық компанияларға қолдау көрсетеміз», – деді Қанат Бозымбаев.

Нұртай АЛТАЙҰЛЫ

zhaikpress.kz

Сурет: Айбатыр Нұраш

received_10211065959737318 received_10211065959457311 received_10211065959457311 received_10211065959937323 received_10211065958337283 received_10211065959937323 received_10211065959857321 received_10211065959137303 received_10211065958937298 received_10211065959177304 received_10211065958777294 received_10211065958737293

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале