17.08.2018, 18:04
Оқылды: 40

БҚО-ның жылыту маусымына дайындығы пысықталды (СУРЕТ)

Облыс әкімі Алтай Көлгіновтың қатысуымен алдағы жылыту маусымына дайындық мәселелерін талқылаған жиын өтті. Басқосуға жылыту нысандарының жұмысына тікелей жауапты кәсіпорын, сондай-ақ өңірдегі өзге де іргелі мекемелер мен басқармалардың басшылары қатысты.

- Биыл біз жердің астымен өтетін барлық магистралды жылу жолдарын жөндеу жұмыстарын аяқтауды жоспарладық. Келесі жылға жердің бетімен өтетін жылу жолдарын жөндеу жұмыстары күтіп тұр. Осылайша біз жылыту маусымының қалыпты жағдайда өтуін барынша қамтамасыз ететін боламыз. Естеріңізде болса, осыдан екі жыл бұрын он алтыншы желтоқсан күні 38 градус аязда Әбілқайыр даңғылы бойындағы жылу желілері істен шығып, бірнеше көп қабатты үйге жылусыз қалу қаупі төнген еді. Бүгінгі таңда қаланың осы бөлігіндегі жылыту жүйелерін жөндеу жұмыстары басталды. Осы жиында аталмыш бағытта қандай істер тындырылды және қандай мәселелер бар, сондай-ақ жұмысты аяқтау мерзімдері туралы пысықтайтын боламыз, - деді облыс әкімі жиынға кіріспе сөзінде.

Жиын барысында облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының басшысы Рүстем Закариннің баяндағанындай, 2018-2019 жылдарға арналған жылыту маусымына дайындық жұмыстары барлық коммуналдық кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандарда уақтылы басталған. Өңірдегі әлеуметтік нысандарды жылытуға 3800 тонна қатты отын, 728 тонна сұйық отын қажет деп жоспарланса, бүгінгі таңда 2 048 тонна көмір (жоспардың 54 пайызы) және 158 тонна (жоспардың 22 пайызы) сұйық отын мекемелерге жеткізілген. 388 денсаулық сақтау нысанының 367-сі, яғни 95 пайызы жылыту маусымына дайын. Биыл бұл салаға қатысты 21 нысанды күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған болса, бүгінде соның жетеуінде жөндеу жұмыстары аяқталған. Қалған нысандардағы жұмыстар тамыз, қыркүйек айларына дейін созылмақ. 638 білім нысанының 601-і немесе 94 пайызы, 387 мәдениет нысанының 373-і, яғни 96 пайызы жылыту маусымына дайын.

Облыс бойынша жылу жүйелерінің 40 шақырымын жөндеу және қайта құру жоспарланған. Оның 11,5 шақырымы Орал қаласына, ал 28,8 шақырымы Ақсай қаласына тиесілі. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жылу жабдықтарын қайта құру бойынша жалпы құны 2 млрд. теңгені құрайтын бес жоба жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда аталмыш бағдарлама бойынша қолға алынған жұмыстар Орал қаласы бойынша 57, ал Ақсай қаласы бойынша 55 пайызға орындалған. «Батыс Су Арнасы» кәсіпорны 224,3 млн. теңгенің жұмыстарын жүргізуді, соның ішінде магистральды және кварталаралық су өткізу желілерінің 4,4 шақырымына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарласа, бүгінде соның 2,3 шақырымын немесе 52 пайызын аяқтаған.

«Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Орал қаласында 1 млрд. теңге қаражатқа жалпы ұзындығы 10 шақырымды құрайтын су өткізу желілерін қайта құру жұмыстары жүзеге асырылуда. Биыл 100 млн. теңгеге соның 1,5 шақырымы қайта құрудан өтпек. Бұл бағыттағы жұмыстар белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Осы орайда облыс әкімі Алтай Сейдірұлы осы жазда Шолохов көшесі бойындағы канализацияда апатты жағдай орын алғанда, осы маңдағы шағынауданның екі апта бойына сусыз отырғанын еске салып, бұл аумақта қажетті жаңғырту жұмыстарын жүргізу үшін жобалық-сметалық құжаттарды даярлауға тапсырма берілгенін, оның бүгінгі таңда қандай деңгейде орындалғанын пысықтап, жұмысты жеделдетуді тапсырды. Сондай-ақ облыс әкімі барлық он екі аудан бойынша су жүргізу жұмыстары жолға қойылып, екі жылдың ішінде 2 мың шақырым су құбыры жүргізілгенін, бұл бағыттағы жұмыстар аудан орталықтарын қосқанда 110 елді мекен мен ауылды қамтығанын, алайда облыс орталығының іргесіндегі Вителки ауылына әлі күнге дейін сапалы су құбыры жеткізілмегенін айтып, қазіргі таңда осы бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатқанын сұрады. Бұл сұраққа қатысты облыс әкімінің орынбасары Бағдат Азбаев аталмыш бағытқа бюджеттен 400 млн. теңге бөлінетінін және су құбырын тарту жұмыстарының 2019 жылы басталатынын мәлімдеді.

«Батыс-Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ жылыту маусымына дайындық жұмыстарына 242,5 млн. теңге қаражат қарастырған. Аталмыш қаражат ұзындығы 3 мың шақырымды құрайтын электр желілерін жөндеуге бағытталған. Сонымен қатар бірнеше қосалқы станцияларда жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда жоспарланған жөндеу жұмыстарының 80 пайызы орындалған. Газбен қамту жұмыстары да кестеге сай атқарылып келеді.

«ЖайықЖылуҚуат» АҚ бас директоры Мұрат Бәйменов бүгінгі таңда Жылу электр орталығындағы жөндеу жұмыстары 72 пайызға орындалғанын мәлімдеді. Мекемедегі жөндеу жұмыстарының барысы туралы егжей-тегжейлі баяндаған ол аталмыш кәсіпорын балансындағы қазандықтардың 80 пайызы алдағы жылыту маусымына дайын екенін айтып өтті.

Жиын барысында онлайн режимде аудандардағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары да пысықталды. Облыс әкімі жылыту маусымына қатысты жоспарланған жұмыстардың жүзеге асырылуы жіті қадағалауда болатынын айтты.

Нұртас НАБИОЛЛАҰЛЫ,

Суретке түсірген Александр Куприенко

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале