12.11.2020, 11:15
Оқылды: 751

«Бөкей үстіндегі Қарақұс»

775588 033

Сонау балғын балалық сәттері қалған  Бөкей жаққа емешегі езіледі де тұрады. Кіндік кескен туған жер болған соң қиын-ау, сірә. Бәлкім, ол бойындағы шығармашылық шуақ үшін соған мәңгі қарыздар шығар.  Бұл Бөкей даласына кімдер келіп, кімдер кетпеген десеңші! Күй шығарудың майталман шеберлері Құрманғазы, Дәулеткерей, Дина, Сейтек, Мәмендер, ақындар Ғұмар Қараш, Шәңгерей Бөкеев, ағартушы Сейітқали Меңдешов, ғалым-этнограф Мұхаммед-Салық Бабажановтар... Мінеки, тізбелей берсең, мында аруақ қонған адамдар көп-ақ. Соның бірі тума талант иесі, авангард суретші Сәкен Нәжімеддинұлы Ғұмаров  Бөкей  Орда Нарын құмында дүниеге келген. Кісінің қалай қалыптасып, дарын дәнегінің қайтіп тамыр тартып, жапырақ жаятынының жұмбағын кім білген,  адамның жан-тәніне әсіресе суреттердің бояуы, ерекше формасы, әркімақ бірден байқайтын жарық пен жігер күші әсер етпей қала алмайды.

Сәкен Ғұмаровтың әр суретінің тарихы бар. Оның «Капустин Яр құзғындары», «Бөкей үстіндегі Қарақұс» деген еңбектерінің үлкен мәні бар. Себебі туынды философиялық ойға құрылған. 1993жылы салынған соңғы туындыларының бірі – экологиялық сурет – «Бөкейдің үстіндегі қарақұс» деп аталады. Бізде Бөкей Ордасымен Ресейдің шекарасында «Капустин Яр» деп аталатын 1949 жылы құрылған ядролық полигон бар. Ол Атырау және Батыс Қазақстан облыстарының батыс аймақтары  мен Ресей Федерациясының Астрахан, Волгоград облысының шығыс бөліктерін қамтиды. Орда тарихының қасіретті беті – Капустин Яр полигоны.  Полигонга берілген аудан аймағында жер асты, жер үсті сынақтары жүргізіледі. 1952 жылы ауданның 19 колхозы күшпен өзге аудандарға көшіріледі. Сәкен Нәжімеддинұлын Оралдық экологиялық жағдайы қатты алаңдататын. Осы суретті салғанда ол ауырып қалды деп еске алады жары. Өйткені мұнда суретші халық өмір сүретін жерде, ядролық жарылыстар жасауға болмайды деген қарсылығын көрсетпек болған. Суреттегі  Қарақұс бейнесіндегі ядролық оқтұмсықтың басы, әдемі теңеу тапқан, өйткені бұл құс жердегі өлген жан-жануарлармен қоректенеді. Ядролық жарылыстар тірі нәрсенің бәрін жер бетінен жойып жібереді немесе зиян келтіреді. Жер де қақ айырылған секілді және қандайда бір құстың бейнесі бейнеленген. Адамдар ойланыңдар, халық тұратын жерде жарылыстар жасауға болмайды.Ол адамдарға қайғы-қасірет алып келеді деп жалынып тұрғандай. Капустин Ярдағы қарақұс экологиялық сурет.

Сәкен Ғұмаров шығармалары жұмбағы мол күрделі әлем жайлы сыр шертеді. Табиғат пен етене жақындық, оның әрбір құбылысын шығармаларының арқауына айналдыру бірқатар сәтті шешімдеріне жол ашты. Туған жердің әсем келбетін ғана емес, оның қайғы-қасіретін, мұң-мұқтажын, жүрекпен сезініп, шынайылықпен суреттей білу, кімнен болмасын үлкен шеберлікті талап ететіні сөзсіз.

Халқымыздың біртуар сан қырлы, дара туған ұлдарының бірі - Сәкен Ғұмаров өзі өмірден өткенімен оның артында бізге баға жетпес мұралары мирас болып қалып отыр. Осы асыл мұраны насихаттау, келешекке жеткізу баршамыздың ортақ міндетіміз.

Гүлжанат Толыбаева,

Сәкен Ғұмаров музей-үйі

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале