19.06.2017, 12:32
Оқылды: 60

Ертең ҰБТ басталады

Ертең еліміздің барлық өңірінде Ұлттық бірыңғай тестілеу жұмыстары басталды. Биылғы басты ерекшелік – ҰБТ-ның жаңа форматта өтуі әрі онлайн-режимінде көрсетілуі болмақ. Бұл туралы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен комиссия отырысында айтылды.


- Комиссия жұмысының негізгі мақсаты - ҰБТ-ның барысы туралы кеңінен түсіндіру, дайындық жұмыстарын жоғары деңгейде ұйымдастыру. Биыл ҰБТ-ның басталғанына 13 жыл толды. Осы жылдар арасында жинақталған тәжірибеміз бар. Осыған дейін ҰБТ-ны ұйымдастыру жұмыстарында М.Өтемісов атындағы БҚМУ-да ешқандай келеңсіздіктер орын алып көрген жоқ. Биыл да жоғары дәрежеде атқарып шығуға бар күшімізді саламыз. Барлық дайындық жұмыстары пысықталды. Облыстық төтенше жағдайлар департаменті, облыстық ішкі істер департаменті, денсаулық сақтау басқармасы, «Қазақтелеком» АҚ және өзге де құзырлы мекемелермен алдын ала байланыс орнатылып, қажетті шаралар қолға алынды. Өйткені ҰБТ кезінде барлық қауіпсіздік шаралары сақталуы тиіс. Түлектерді қабылдайтын алты және бір қосымша  аудиториямыз тестілеу жұмыстарына 100 пайыз дайын. Тестілеу уақытында университет аудиторияларындағы интернет желісі мен түрлі правайдерлерге, сондай-ақ мобильдік қосымшалардың қызметіне уақытша шектеу қойылады. Бұған барлық түлектер мен ата-аналар түсіністікпен, жауапкершілікпен қарауы тиіс. Өйткені, тест уақытында оқушылардың ойын басқа жаққа бұратын кедергілер мен келеңсіздіктерге жол берілмеуі қатаң қадағаланатын болады, - деп атап өтті М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ректоры Асхат Иманғалиев.

Бұдан кейін ҰБТ-ға дайындау  орталығының директоры Асқар Аманбаев биылғы жылдың басты ерекшеліктеріне тоқталып өтті.

- Биылғы ҰБТ-ның жаңа форматына байланысты тестілеу уақыты 3 сағат 50 минутқа созылады және онлайн режимде көрсетіледі. Ата-аналар тестілеу барысын университет ауласына қойылған Lеd экрандар арқылы көре алады. Сондай-ақ Ivideon Server бағдарламасындағы https://ru.ivideon.com жеке кабинетіне тіркелу арқылы  немесе ivideon client бағдарламасы арқылы тікелей бақылай алады. М.Өтемісов атындағы БҚМУ тестілеу күндері Орал қаласы мен Зеленов ауданының жалпы білім беретін мектептері мен облыстық мектептерді қабылдайтын болады.  20-шы және 22-ші маусым күндері ҰБТ өтеді, ал аппелациялық шағымдар маусымның 21-і және 23-і күндері қабылданады, - деді Асқар Сайынұлы.

Сондай-ақ орталық директорының мәлімдеуінше тесттің алғашқы күні 213 түлек қазақ тілінде, 354 түлек орыс тілінде тапсырса, екінші күні 308 түлек қазақ тілінде, 225 түлек орыс тілінде тапсырады деп күтілуде. Университет алаңына түлектерді жинау тест күндері таңғы сағат 07.00-07.30-да басталады. Дәл осы уақытта ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдерінің және мемлекеттік комиссия мүшелерінің қатысуымен сынақ материалдары ашылып, аудиторияларға таратылмақ. Тестілеу уақыты сағат 09.00-12.30 аралығын қамтымақ.  ҰБТ қорытындысы түстен кейін сағат 16.00-де ілінеді.

 Ләззат ШАҒАТАЙ

zhaikpress.kz

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале