31.07.2017, 15:59
Оқылды: 49

Этноауылдағы көрмеге 21 қолөнер шебері қатысуда

 

Облыстық халық шығармашылығы орталығының маманы Батырхан Қайыровтың айтуынша, этноауылдағы көрмеге біздің облыс атынан келген 21 қолөнер шебері қатысуда.


Көрме барысында Нұрбол Әміржанов керамикадан ыдыс жасаудан шеберлік сағатын көрсетті. Шыңғырлау ауданындағы «Марфуға» тігін цехының иесі Әсел Сұтанғалиева қыз жасауына қатысты өнімдерді ала келіпті. Ақжайық ауданының тұрғыны Ерлан Бектеновтің зергерлік бұйымдары республика көлеміне кеңінен танымал. Орал қаласындағы «Women Art Дизайн» компаниясы ұлттық бұйымдар галереясын жабдықтаған. Шығармашылық топтың құрамында Қазақстан дизайнерлері одағының мүшелері Раиса Алексеева, Марина Ермекқалиева, Наталья Брикс бар. 2012 жылы Сеул қаласында өткен халықаралық саммитте  Елбасымыз «Women Art Дизайн» дайындаған тұмарды сол кездегі АҚШ президенті Барак Обамаға сыйға тартқан. Оралдық «Текемет» жеке серіктестесігі де аталған компания секілді шетелдерде көрмелер ұйымдастырып үлгерген. Көрмеге қатысып жатқан кәсіпкерлер өз бұйымдарын сата алады.

Этноауылда Қостанай облысының қолөнер шеберлері де бар. Олар  батысқазақстандық топпен шығармашылық байланыс жасауда. Жалпы көрмеге келушілер арасында жерлестеріміздің өнеріне жылы пікір білдіріп жатқандар  жетерлік.

Айта кетейік, «Экспо - 2017» халықаралық көрмесі аясында Астанада облысымыздың мәдениет күндерін өткізуге 111,8 млн. теңге бөлінген. Облыстың мәдениет және өнер ұжымдары Елордада 10 концерттік бағдарлама мен 8 спектакль қойылымды көрермендер назарына ұсынады. Сонымен қатар ұлттық спорт ойындары ұйымдастырылады. Тамыздың 4-і күні облыс басшылығы қатысатын маңызды шараларды өткізу жоспарланған.

 

Шаһизада БАЙҒАРАЕВА, Шымкент облысының тұрғыны:

–  Музей жабдықтары қойылған киіз үйдегі Фатима ханымның киімінің үлгісіне, қыз жасауына арналған сандық, кебеже, жүкаяқтың сәулетіне көз сүйсінеді. Осындай ескі бұйымдарды тұтыну қайта жаңғырса деп армандаймыз. Көрмедегі ер-тұрман алтынмен апталып, күміспен күптелген екен. Музей экспозициясы өте бай. Шымкент облысында ұлттық киімдер сататын дүкенім бар. Ақжайық өңіріне тән қымбат жәдіргерлерді көргеніме қуаныштымын.

 

Қабдолмәжит ИМАНОВ, ҚР Мәдениет қайраткері, Қостанай облысының қолөнер шебері:

–  Мен, негізінен, Батыс Қазақстан облысының тумасымын. Көрмеге Қостанай облысы атынан қатысып жатырмын. Өзім ағаштан домбыра, бесік дайындаймын, қолөнермен айналысамын. Қазіргі уақытта Қостанай облыстық қазақ драма театрында әртіс болып қызмет етемін. Кезінде Оралдағы қазақ драма театрының ашылуына қатысқанмын. Өнер жолындағы алғашқы ұстаздарым – тетар қайраткерлері Хадиша Бөкеева мен Нұрмұхан Жантөрин. 1975 жылы Алматыдағы музыкалық аспаптар шеберін дайындайтын №46 училищені тәмамдадым. Кейін Қазақ ұлттық консерваториясынан әртіс мамандығы бойынша білім алдым. Театр саласында 40 жылдан астам еңбек еттім. Бүгін Оралдан келген шеберлермен кездесіп, арқа-жарқа болып жатырмыз. Көрмеге қойылған олардың туындыларының ұлттық бояуы қанық, көркі көз тоярлық. Сәтті кездесуді пайдаланып, тәжірибе алмасудамыз.

 

Абдулуаһһаб-Абдул, БАӘ тұрғыны, сот саласының маманы:

–  Мен Орта Азия халықтары туралы көптеген деректі оқыдым. Расында, сол  деректер арқылы Қазақстанды сырттай көшпенді ел ретінде қабылдап, мынадай бай мәдениеті бар деп ойламаппын. Кешеден бері Астана қаласындағы мәдени орындарды, музейлерді араладым. Бүгін этноауылдағы көрме жабдықтарымен таныстым. Қазіргі уақытта Қазақстан туралы көзқарасым 100 пайызға өзгерді. Тарихы терең, салт-дәстүрге бай, қарқынды даму жолындағы мемлекет екеніне көзім жетті.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале