15.02.2020, 14:02
Оқылды: 93

Ғали Есқалиев: «Шетелден заңды негізде көлік алғандар оны тіркеуі тиіс»

БҚО әкімі Ғали Есқалиевтің халық алдындағы есептік кездесуінде шетелдік нөмірлі көліктер жайлы да сауалдар қойылды.  

6c87d7fd-acbd-4f2b-8343-280ff3f7afb3

Роман есімді қала тұрғыны Арменияда тіркеудегі автокөліктердің мәселесін көтерді. «Мен армениялық нөмірлі көліктің иесімін. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Армения мен Қырғызстаннан әкелінген көліктер 1 наурызға дейін мемлекеттік уақытша тіркеуден өтуіміз керек. Көліктің өзін сатып алуға ақшаны зорға жинап едім.  Тіркеуге қажет қаражат көлемі өте үлкен және мен үшін қиындық туғызып тұр» деді оралдық тұрғын.

-Президент бұл мәселеге қатысты ұстанымын білдірді, құзырлы органдарға тапсырма берді. Егер мәселеге қатысты ойымды айтар болсам, ол көліктер уақытша кіргізілетіні заңда көрсетілген. Мұны азаматтарымыз білді. Ол көліктермен біздің елде көлік әкелінген елдің азаматтары жүре алады. Егер қазақстандыққа сатылатын болса, кедендік салықтардың айырмасы төленуі керек. Мұны кейбіреу білді, кейбіреу білмеді. Ал менің қабылдауыма келген екі тұрғын керісінше шетелдік нөмірлі көліктерді ретке келтіруді сұрады. «Ережені жиі бұзғасын қатар жүруге қауіптенемін» деді бірі. Жол-көлік апатына тап болған шетелдік көлік иелерінің көбі оқиға орнынан кетіп қалған. Олар тіркеуде болмағасын жауапкершіліктен құтыламыз деп ойлайды. Сондықтан тәртіп пен заң бәріне ортақ. Заңды негізде көлік алғандар тіркеуі тиіс,- деді облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Нұрлыбек Нұрланұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале