9.10.2019, 13:37
Оқылды: 276

Қанға бөккен бөкен...

Биыл Батыс Қазақстан облысында киік саны 217 мыңға жетті. Республикадағы киіктердің 68 пайызы Ақ Жайық атырабында шоғырланған. Екі жыл бұрын өңірде ақбөкен 98 мыңнан астам болған. Дегенмен еркін жүрген дала жануарын оққа байлау толастамай тұр. 23 қыркүйек күні кешқұрым уақытта «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Батыс өңірлік филиалы инспекторлары жергілікті жануарлар дүниесін қорғау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізу барысында Қазталов және Жаңақала аудандарының шекарасындағы Бұлақ сор және Секер сор маңынан «Лада Приора» автокөлігін байқайды. Көлікте отырғандар терезеден айғақ заттарды лақтырған. Инспекторлар қуып жеткен соң, Қазталов ауданындағы Жұлдыз кентінің 1992 және 1993 жылғы тұрғындары ұсталды. Оқиға орнын тексеру кезінде 16 калибрлі мылтық, патрон салғыш, пышақ, қол ара және 17 дана киік мүйізі табылды. Мамандардың берген есебіне сүйенсек, соңғы үш жылда браконьерлерден 343 киіктің төшкесі, 1 194 дана мүйіз тәркіленді.

boken (2)

Орал популяциясы киіктерінің негізгі мекен ету ареалы жылма-жыл кеңейіп келеді. Жануарлар Жәнібек, Жаңақала, Қазталов, Бөкей ордасы аудандарының аумағын ен жайлайды екен. Киіктің текесін атқан үшін залал құны 3 787 500 теңгеге есептелінеді. Ұрғашысын немесе лағын өлтірсе, айыппұл – 2 651 250 теңге. Серкенің бір мүйізінің бағасы – 1 893 750 теңге, құралайының мүйізі 631 250 теңге деп белгіленген.

БҚО облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының бөлім басшысы Серік Мәженовтің мәліметіне сүйенсек, киік жануарын заңсыз ату фактісі бойынша 2018 жылы 43 қылмыстық іс қозғалған. Сот құрылымдары арқылы 26 қылмыстық іс қаралып, 35 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Залал құны 380 230 500 теңгені құрап, сот арқылы 6 609 750 теңге өндірілген. 2019 жылы 14 қылмыстық іс қозғалып, мемлекетке 564 млн. 340 мың теңгеден астам шығын есептелінген. Сот арқылы 20 200 мың теңге айыппұл өндіру мақұлданды. Биыл 20 киік төшкесі, 251 киік мүйізі тәркіленіпті.

boken (9)

– Киіктер жазғы мезгілде Қазталов, Жәнібек аудандарында жүреді. Күзгі уақытта Бөкей ордасы мен Жаңақала аумағына шоғырланады. Былтырғы қыста киіктердің 80 пайызға жуығы Атырау өңіріне ауып кетті. Киіктердің 25 серкесіне JPS-трекер қолданылады. Құрылғылардың батареясының қуаты үш жылға ғана жетеді. JPS-трекер салынған жануар оққа ұшуы немесе беймезгіл өліп қалуы мүмкін. Сондықтан ақбөкендердің жайылым бағытын, жалпы қозғалысын толық қамту мүмкін емес. Биылғы киік санағы көктемде алынды. Қазіргі уақытта төлдерімен 300 басқа жуықтаған шығар, - деді Серік Мәженов.

ҚР Үкіметінің 2012 жылғы 25 шілдедегі №969 қаулысына сай ғылыми мақсаттарда пайдаланудан басқа, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мендериваттарын пайдалануға 2020 жылға дейін тыйым салынған.

«Содан кейін ақбөкендерді қынадай қыру белең алмай ма?» деген күдік көкейге еріксіз ұялайды. «Қаулыдағы тыйым салу мерзімін ұзарту Үкімет тарапынан қарастырылуда. Бәлкім, кейбір өңірлерде шетелдік туристерге атуға рұқсат ететін шығар. Оның лицензиясының құны өте қымбатқа бағаланатыны анық», - деді Серік Мәженов.

boken (6)

Киіктің мүйіздері заңсыз жолмен Қытай асып жатады екен. Қара нарықтағы 1 келі мүйіз құны 3 мың доллар шамасында бағаланады.

– Броконьерлерді жазаға тартуды қатаңдату қажет. Қылмыстық кодекске сәйкес сот құрылымдары бас бостандығын шектеуге, мемлекет пайдасына айыппұл өндіруге ғана үкім шығарады. Заңсыз аңшылық жасағандар мүлкі тәркіленетінін алдын ала білген соң, сот үкімі шыққанша, меншігіндегі малды, қымбат дүниесін, жеке шотындағы қомақты қаражатты  бөгде біреудің атына жаздырып қояды. Нәтижесінде шығын кейде толық төленбейді. Ұйымдасқан жолмен түрлі құйтырқылық жасауға шебер. Мәселен, бір топ броконьер киіктерді есепсіз атып, із суытады. Екінші күні сыбайластары далада еркін жүріп, өлген бөкендердің мүйізін кесіп алады. Оған тыйым салынғанымен, ұсталғанда олардың бас бостандығы шектелетінін ғана біледі. Ал судьялар мүйізін тасымалдағандарға айыппұл салмайды. Себебі «олар киікті атқан жоқ, даладан тауып алды» деген уәж айтылады. Өзге өңірлерден киік атуға келетіндер көп. Олардың арасында жат ағым өкілдері, «сақалдылар» да бар, - деді Серік Мәженов.

boken (1)

«Охотзоопром «ӨБ» РМҚК Батыс өңірлік филиалының директорының міндетін атқарушы Талғат Қошановтың айтуынша, ақбөкендерді бақылауға вахталық ауысыммен 53 инспектор қызмет етеді. Кәсіпорынның 35 техникасы бар. Киік қоритындарға арналғандар жатын орнын қамтамасыз ететін алты «КамАЗ» жүк көлігі, сегіз қар шана бар. Қалғандары – жол талғамайтын көліктер.

– Броконьерлерді ұстаған кезде, инспекторлар олардың көлігінен айғақ заттарды көзбен шолып қана шығады. Кейін шақыртумен келетін учаскелік полицей ғана оларды толық тексеріп, тінтіп, қылмыстық іс ретінде тіркеуге құзыретті. Киікті заңсыз аулайтындар жол талғамайтын көлікті жүргізуге өте шебер, жердің қалтарыс-бұлтарысын анық біледі. Оқиға орнынан із кесіп, 50-60 шақырымға ұзаған күдіктілерді табу қиын. Қазанның 5-інен бастап облыстық полиция департаментінің ұйымдастыруымен «Броконьер» жедел профилактикалық іс-шарасы өткізілуде, - деді Талғат Қошанов.

Заңсыз аңшылықпен айналысатын ұйымдасқан қылмыстық топтарды әшкерелеу оңай емес. БҚО прокурорының аға көмекшісі Бауыржан Ахметжанның берген сот материалдарына сүйенсек, 2016 жылдың наурыз-сәуір айларында Қазталов ауданындағы «Охотзоопром «ӨБ» РМҚК-ның БҚО бойынша филиалының инспекторы С. өзінің ауылдасы А.-мен киік жануарына аңшылық жасау, олардың мүйіздерін сатып, заңсыз пайда табу мақсатында қылмыстық топ құрған. Олар бірнеше кісіні қатарына тартып, 2016 жылдың сәуір айымен 2017 жылдың маусым айлары аралығында облыстың Қазталов, Бөкей ордасы, Жәнібек аудандары аумағында киіктерге 11 рет заңсыз аңшылық жасап, нәтижесінде мемлекетке жалпы сомасы 745 273 800 теңгеге аса ірі мөлшерде залал келтірген.

С. құрған қылмыстық топ құрамының тұрақты болуымен, бір-бірімен тығыз байланыс жасауымен, аң аулаудағы және автокөлік құралдарын басқарудағы кәсіби шеберліктерімен ерекшеленген. Олар ұялы байланыс құралдарын, жол талғамайтын автокөлік пен қарда жүретін техникаларды, атыс қаруларын және оқ-дәрілерді, кескіш араларды, пышақтарды шебер пайдаланған. «Охотзоопром «ӨБ» инспекторы киік миграциясын бақылауға келген қадағалаушылар тобына жетекшілік етіп, қызмет бабын пайдалана отырып, сыбайластарының ізін жасырып, ұсталған жағдайда ақтап алған. Өзінің ауылдасы арқылы бақылаусыз жүрген киіктер өрісін нұсқап, аңшылық аяқталғаннан кейін киік мүйіздерін заңсыз өткізуді және содан түскен қаражатты қылмыстық топ мүшелеріне бөлуді тапсырып, түскен пайданың жартысын өзі иеленіп отырған. Құқық қорғау құрылымдары арқылы қылмыстық топ мүшелері түгел әшкереленіп, 2018 жылдың 15 маусымында оларды қатаң жазаға тартуға қатысты Қазталов аудандық сот үкімі шықты.

– Киіктерге заңсыз аңшылық жасаған және олардың дериваттарын сатумен айналысқаны үшін 2017-2019 жылдары 98 қылмыстық іс қозғалған. Сот органдары 58 істі қарап, 77 адам соттаған. Жақында Ақжайық аудандық прокуратурасының қадағалау актісімен мемлекет пайдасына 10,8 миллион теңге өндірілді. 2019 жылғы 20 наурызда ҚР Қылмыстық кодексінің 339-бабы бойынша сот үкімімен үш күдіктіден айыппұл өндіру жүктелді. Олар сот үкімін орындауды сөзбұйдаға салды. Мамырдың 15-і күні 180 мың теңге ғана төледі. Ақпараттық жүйелер арқылы борышкерлер меншігінде 105 ірі қара, 382 қой бар екені мәлім болды. Ақжайық аудандық прокуратурасының ұсынысымен мүлікке тыйым салынды. Малы сауда-саттыққа шығарылатыны туралы хабарлама шыққан соң, борышкерлер қалған соманы түгелімен өтеді, - деді Бауыржан Ахметжан.

Нұртай Текебаев

Фото авторы: Нұрлыбек Рахманов, Қайырбек Сариев, Яков Федоров

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале