17.02.2017, 15:45
Оқылды: 32

Кәсіби мамандар даярлайтын кафедра

 Қазіргі кездегі ақпараттандыру үдерісі еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті, кәсіби тұрғыда қалыптасқан болашақ ақпараттық технологиялар мамандарын даярлауды талап етеді. Студенттердің жоғары оқу орындарында кәсіби бағдарын қалыптастыратын білім, біліктілігі мен дағдыларын, құзырлылығын арттыруға, жеке қабілеттерін дамытуға бағытталған кәсіптік бағдарлы оқыту жүйесін құру мәселелері Қазақстан Республикасының нормативтік құжаттарында көрсетілген.

Болашақ ақпараттық технологиялар мамандарын, солардың ішінде болашақ  информатика мамандығы студенттерін толыққанды кәсіби бағдарлы оқыту ақпараттық технологиялардың үздіксіз дамуын ескеріп, ақпараттық қоғамның жаңа талаптарына сәйкес кәсіби іс-әрекетке дайындықты қажет етеді. Бұл ақпараттық пәндер циклі бойынша білім беруде жекеленген «уақытша» білімді беруден іргелі, пәндік және пәнаралық байланыстарды кеңінен қамтитын, инварианттық білім берумен, қоғамдағы ағымдық қажеттілікті ескеретін қолданбалы мәні вариативтік білім беруді де қарастырады.

Болашақ информатика мамандарына информатика пәндер жүйесін оқытуда жүйелі ақпараттық білімді пәннің теориялық және қолданбалы аспектілерін ұштастырғанда ғана терең де берік қалыптастыруға болады.

Қазіргі кезде өмірдегі көптеген мәселелерді шешу практикалық  және теориялық жүйелеу амалдарынсыз, оның ішінде ақпараттық модельдеусіз мүмкін емес. Солардың ішінде ғылыми зерттеудің жаңа әдісі ретінде компьютерлік модельдеу мен ақпараттық модельдеу болашақ информатика студенттері үшін аса қажетті болып табылады. Имитациялық модельдеу ақпараттық модельдеудің негізгі бағыты ретінде компьютерлік және ақпараттық модельдеудің шекаралық үйлестірушісі болып табылады. Кейбір нақты үдерістер мен жүйелерді қарапайым ақпараттық модельдеу арқылы зерттеуге болады, бірақ құбылыстар мен үдерістер күрделі болса, онда нақты шындыққа жуық модель құру мақсатында имитациялық модельдеуді қажет етеді.

Болашақ информатика  мамандарын имитациялық модельдеуге  оқыту қажеттігі келесі негізгі  факторлармен, яғни имитациялық модельдеу  әдістері мен модельдері экономикалық, физикалық, биологиялық, химиялық және т.б. адам қызметі салаларының көптеген мәселелерін шешуде қолданылатыны, болашақ информатика мамандарына ақпаратты басқарудың бағдарламалық қамтамасыздандырылуын жүзеге асыру қажеттігі, имитациялық модельдеудің ақпараттық модельдеудің негізгі бағыты ретінде бағдарламалық қамтамасыздандырылуы және информатика әдіснамасы болып табылатын есептеуіш эксперимент болашақ информатика мамандарына имитациялық модельдеу бойынша қалыптастырылатын білім мен дағдыларды меңгертуді қажет ететіндігімен анықталады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің «Информатика» кафедрасы 2001 жылы құрылғанынан бастап келесі мамандықтар бойынша дайындайды: бакалаврларды

  • информатика
  • есептеуіш техника және бағдарламалық жабдықтау

магистрлерді:

  • информатика
  • есептеуіш техника және бағдарламалық жабдықтау

PhD докторларды:

  • информатика
  • есептеуіш техника және бағдарламалық жабдықтау
  • информатика, есептеуіш техника және басқару

Информатика кафедрасы Қазақстан бойынша ең алғашқы информатика саласында (PhD) философия докторын даярлау білім бағдарламасын жүзеге асырды. 2008 жылы информатиканың алғашқы PhD-докторлары бітіріп шықты.

Тек соңғы 5 жылда ғана кафедрада 100 ғылыми еңбек, 50 оқулық шығарылған болатын.

Информатика кафедрасының бакалавр деңгейі келесі бағыт бойынша жұмыс жасайды:

  • Алгоритмдер теориясы;
  • Параллельді есептеуді ұйымдастыру;
  • Web технологиялар;
  • Деректер қоры теориясы;
  • Компьютерлік жүйе және желілердегі ақпараттық қауіпсіздік;
  • Әлеуметтік сала бойынша бағдарламар құру;
  • Құрылғылар мен байланыс жасау үшін технологиялық есептерге бағдарламар құру.

Кафедрада ғылыми және ғылыми-әдістемелік семинарлар өтеді: объектіге бағытталған, жүйелік және құрылымдық бағдарламалау, мәліметтерді алгоритмдеу және құрылымдау, желілік технологиялар, параллельді есепетеулер және компьютерлік жүйелер сенімділігі, нақты уақыттағы жүйелер, Web проектілеуге қатысты жаңа ақпараттық технологиялар шеңберіндегі оқытушылар, PhD докторанттар және магистранттар зерттеулері талқыланатын «Информатиканың өзекті мәселелері» атты семинар.

Желілік және телекоммуникациялық технологиялар облысында информатика кафедрасы Regional/Local Networking Academy Cisco-мен қызмет жасайды, кафедраның бірнеше оқытушылары Cisco академиясының сертификацияланған инструкторлары болып табылады. Информатика кафедрасының студенттері халықаралық Cisco Networking Academy бағдарламасы бойынша on-line режимде білім алып, сертификат ала алады. Сондай-ақ HP компаниясы ұсынған курстар бар, онда да студенттер, магистрант, PhD докторанттар мен оқытушылар құрамы сертификат алып шығуларына мүмкіндік бар.

2003 жылдан бастап механика-математика факультетінің негізінде информатика кафедрасы Қазақстан командалары арасында бағдарламалаудан әлемдік чемпионаттың ¼-ін өткізеді. Жыл сайын чемпионатта Қазақстан бойынша республиканың жетекші ЖОО-ның 80-нен аса командасы (240 адамнан астам) қатысады. Жыл сайын кафедра мектеп оқушылары мен студенттер арасында бағдарламалау бойынша олимпиадалар өткізеді: MechMat Open, Inform, пән аймақтық олимпиада.

Білім беру үдерісіне жаңа курстарды енгізуге, білім беру әдістерін жетілдіру, жаңа ақпараттық технологияларды білім беру үрдісіне енгізу мақсатына бағытталған жобалар шеңберінде информатика кафедрасы шет елдік ЖОО-мен белсенді жұмыс жасайды. Олардың ішінде – University of Newcastle upon Tyne (Ұлыбритания), Universidad Politecnica de Valencia (Испания), Blekinge Institute of Technology (Швеция), King's College (Ұлыбритания), Вена техникалық университеті (Австрия), Қытайдың университеттері және басқалары.

Қазақстанның көптеген қалаларының, тіпті шетелдердің көптеген жұмыс орындары мен компанияларында информатика кафедрасының түлектерін кездестіруге болады. Кез-келген конъюнктурада кафедра түлектері еңбек саласында үлкен сұранысқа ие.

Қазіргі кезде кафедра базасы кеңейіп, 70 ұстаз еңбек етеді, оның ішінде 10 ғылым докторы, 20  кандидат және 15 аға оқытушылар жұмыс істейді. 2014 жылдың ішінде 10 PhD докторант диссертациясын қорғап шығып, кафедрада ұстаздық етуде. Кафедрамен экономика, бағдарламалау салаларының көптеген мамандары бірлесіп жұмыс істеуге мұқтаж. Санатын жоғарылату және жетілдіру мақсатында кафедра оқытушылары шет елдерге оқуға барып тұрады.

Кафедра оқытушылары  білім алушы тұлғаның жан-жақты дамуына, өзін-өзі кемелдендіруіне қажетті жағдай жасау үшін бар күш-жігерін салып, студенттік өзін-өзі басқаруға, көшбасшылық қасиеттерді тәрбиелеуге мол мүмкіндіктер тудыруда.  Студенттердің оқуға қажетті болатын университет кітапханасы, компьютерлік сыныптар, заманауи техникамен қамтылған арнайы зертханалар жұмыс істеп тұр. Барлық компьютерлік сыныптар, жатақханадағы бөлмелер интернет желісімен қамтамасыз етілген.

Кафедра түлектері болашақта коммерциялық банк, сақтандыру компаниялары, аудиторлық фирмалар, салық қызметтері, аймақтың атқарушы кәсіпорындары,  шағын бизнес салаларында жұмыс істей алады. Сондай-ақ білімін әрі қарай жеттілдірем деушілерге магистратура, PhD докторантурада білім алуға мүмкіндік бар.

Соның нәтижесінде оқу басқа мемлекеттердің алдыңғы қатарлы университеттерінде өз мамандықтары бойынша студенттердің еркін түрде білімі мен біліктіліктерін жетілдірулеріне кең жол ашылған.

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» дегендей оқытушылардың терең кәсіби білімділігі арқасында кафедра студенттері жыл сайын әртүрлі конкурс, конференция, олимпиада, халықаралық семинарларда өз деңгейлерінің биік екендігін әрқашан да дәлелдеп жүр. Әлемнің алдыңғы қатарлы университеттерімен иық түйістіре отырып, көптеген жетістіктерге қол жеткізуде. Диплом – қазіргі жағдайда білімнің көрсеткіші емес, алайда кафедрамызды бітірген әрбір студент қазіргі кезде жұмыссыз емес, әрқайсысы кәсіпорындарда, білім беру, банк, сақтандыру, бизнес салаларында еңбек етіп жатыр.  Қазақстанның әлемдік аренада білім саласында қай мемлекетпен болса да, тереземіз тең жағдайда санаса алуы үшін бар күш-жігерін салып еңбек етуге дайын.

Информатика кафедрасы 2001 жылдың қараша айында құрылды. Кафедраның алғашқы меңгерушісі физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Балакаева Г.Т. болды. 2006 жылдан 2008 жылға дейін – техника ғылымдарының докторы, профессор Шмыгалева Т.А., 2009 жылдан 2012 жылға дейін – техника ғылымдарының докторы Ахмед-Заки Д.Ж., ал 2012 жылдан қазіргі кезге дейін кафедра меңгерушісі – физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент Урмашев Б.А.

Абдиахметова З.М.,

Иманкулов Т.С.,

Калменова Г.Б.

Омарова П.Т.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале