17.10.2019, 18:13
Оқылды: 347

Кәсіпкерлерге қатысты қылмыстық іс бес есе азайған

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Ғали Есқалиевтің төрағалығымен кәсіпкерлер құқығын қорғау және бизнесті дамыту мәселелеріне арналған кеңес отырысы өтті. Аталған басқосуға Қазақстан кәсіпкерлерінің құқығын қорғау жөніндегі уәкілетті өкілі Болат Палымбетов, облыстық басқарма басшылары мен жеке кәсіпкерлер қатысты.

palymbetov (8)

-Кәсіпкерлік саласы - ел экономикасының драйвері екендігі баршаға мәлім. Өңірімізде жаңадан тіркелген шағын және орта бизнес өкілдерінің саны жыл санап артып келеді. Кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау мен әкімшілік кедергілерді барынша азайту бағытында өңірлік кәсіпкерлер палатасымен жүйелі тұрде жұмыс атқарылуда. Облысымыздағы кәсіпкерлердің мүдделерін қорғауға қатысты 27 консультативтік кеңес құрамының 50%-дан астамы бизнес өкілдерінен құралған. Сондықтан бұл салаға деген қолдау әрқашан жалғасын таппақ, - деді кеңес отырысын ашқан облыс әкімі Ғали Есқалиев.

Өңірімізге келген аталған саланың уәкілетті өкілі Болат Палымбетов атқарылған істер мен алда тұрған міндеттерге тоқталып өтті. Оның мәлімдеуінше, 2014 жылғы ақпанда ҚР Тұңғыш Президенті Ұлттық  кәсіпкерлер палатасының рөлін күшейту және Қазақстанның Бизнес-омбудсмен институтын енгізу туралы тапсырма берген. Сол кезден бастап елімізде алғаш рет Бизнес-омбудсмен институты пайда болған. Айта кету керек, Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес бизнес-омбудсменнің қызметін «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қамтамасыз етеді. Қазақстанның барлық облысындағы өңірлік кәсіпкерлер палатасында бизнес-омбудсменнің өкілдері бар. Бизнес-омбудсмен кеңсесінің құрылымына орталық және аймақтық деңгейлерде Ұлттық палатаның қызметін қорғауға арналған құрылымдар кіреді (барлығы 300-ден астам сарапшы).

palymbetov (3)

2017 жылы Бизнес-омбудсмен институты ҚР Президентінің жанындағы құқықтық саясат жөніндегі кеңестің және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес комиссиясының құрамына енген.

2016-2018 жылдары Бизнес-омбудсменге және оның кеңсесіне бизнесті қорғау бағытында 17 053 өтініш келіп түсті. Олардың 46%-ы толық немесе ішінара шешім табады. Өтініштердің ең көп бөлігі, яғни 17%-ы жер қатынастары саласына, 9%-ы салыққа, 7%-ы сатып алу бойынша, 8%-ы құқық қорғау құрылымдарына қатысты мәселелер бойынша тіркелген.

palymbetov (7)

Бизнес-омбудсмен қызметі өз жұмысына кіріскен сәттен бастап Ұлттық экономика министрлігімен бірлесе отырып, бақылау-қадағалау функцияларына ауқымды тексеру жүргізіліп, оның ішінде іріктеп тексерулер тоқтатылған және профилактикалық бақылау мен қадағалау енгізілген, тексеру мерзімдері қысқартылған, бірқатар сала тексерулерді ұйымдастыру мен жүргізудің жалпы тәртібіне ауыстырылған. ҚР Жоғарғы сотымен, Бас прокуратурасымен, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлескен жұмыс жолға қойылған. Нәтижесінде қылмыстық заңнаманы ізгілендіру бойынша кәсіпкерлердің үстінен қозғалатын қылмыстық істер саны 5 есеге дейін азайыпты.

2018 жылы Батыс Қазақстан облысының кәсіпкерлерінен бизнесті қорғау мәселелері бойынша 229 шағым түскен болса, оның ішінде 150 өтініш оң шешімін тапқан.

palymbetov (1)

-Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев кәсіпкерлерді қолдау барысында аймақтардың ерекшелігін ескеруді міндеттеді. Сонымен қатар басым шараларды анықтап, нақты нәтижелерге қол жеткізуді тапсырды. Бүгін Батыс Қазақстан облысы әкімдігімен кәсіпкерлерді қолдау жөніндегі өзара қарым-қатынас туралы Жол картасына қол қоямыз. Құжатта қамтылатын барлық проблема - осы өңірдегі бизнестегі проблемалары. Сондықтан Жол картасы аясында тиісті жұмыс атқарылып, кәсіпкерлерді алаңдатып отырған мәселелер шешім табатынына сенеміз, - деді Болат Әбілқасымұлы.

Кәсіпкерлер құқын қорғау жөніндегі уәкіл өз сөзінде Батыс Қазақстан облысы бұл бағыттағы белсенді жұмыс атқарып отырғандығын ерекше атап өтті.

Кеңес отырысында сөз алған облыс прокуроры Жандос Өміралиев, облыстық кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлер құқығын қорғау бойынша кеңес төрағасы Қайдар Қапанов өңірдегі кәсіпкерлік субъектілерін құқықтық қорғау бағытында атқарылып жатқан істерге тоқталды.

          Нұрбек Оразаев

суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале