28.05.2018, 16:36
Оқылды: 56

«Кәсіпкерлікке жасалатын «қысым» әлсіреді»

Темирболат Токмамбетов5Ақ Жайық өңіріне жұмыс сапарымен келген ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев осылай деді. Төралқа төрағасы «Алгоритм» технопаркінде облыстық кәсіпкерлер палатасы өңірлік кеңесінің отырысына қатысты. Кеңес отырысына облыс әкімі Алтай Көлгінов, облыстық кәсіпкерлер палатасы қызметкерлері, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.

-Биылғы 1 мамырдағы мәлімет бойынша, жұмыс істейтін кәсіпкерлік субъектілердің саны 38,6 мыңды құрады, бұл өткен жылғыдан 4,5 пайызға артық. Шағын және орта кәсіпкерік саласында жұмыс істейтіндер саны да артып, 113 мың адамға жетті. Бұл да өткен жылғы сәйкес мерзімдегі көрсеткіштен 5,5 пайызға артық. Салықтық түсімдер молаюда, ШОБ-тен 52 млрд.-тан астам теңге түсті. Облыс бюджеті 185 млрд. теңгені құрайды, соның 53 млрд. теңгесі шағын және орта кәсіпкерліктен түседі. Мұнда өсім бар. Өткен жылғы өндірілген өнім 1,4 трлн. теңгені құрап, 2016 жылғы көрсеткіштен 150 млрд. теңгеге артық шықты. Өңірдің ӨЖӨ құрылымындағы шағын және орта кәсіпкерліктің үлесі 42 пайызды құрайды. Бұған мемлекеттік қолдаудың және кәсіпкерлердің белсенділігінің арқасында қол жетті. Кәсіпкерліктің дамуына кедергі келтіретін тосқауылдар алынуда, тексерістер азайды. Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен 720 кәсіпкерге 820 қызмет көрсетілді. Даму институттары шағын несиелеу бойынша ырғақты жұмыс істеуде. Биыл Елбасының тапсырмасымен «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» бойынша ауылға бөлінетін шағын несие көлемі екі еселенеді. 2017 жылы екі млрд. теңге болса, биыл төрт млрд. теңге ауылдағы шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға бөлінеді. «Бастау» жобасы бойынша өткен жылы тек бес ауданда кәсіпкерлік негіздеріне 938 адам оқытылса, биыл 12 аудан мен Ақсай қаласында оқыту көзделген. Осының өзі  кәсіпкерлікті жаңадан бастаған ауыл тұрғындарына үлкен көмек болады деп білемін. «Бизнестің жол картасы» бойынша 830 жоба мемлекттік қолдауға ие болды, - деді  Алтай Көлгінов жиында.

Темирболат Токмамбетов7Тимур Құлыбаев кәсіпкерліктің облыс экономикасының дамуына қомақты үлес қосып отырғанын атап көрсетіп, осындай басқосулардың озық тәжірибелерді талқылауға мүмкіндік беретінін айтты.

–Бес жыл бұрын жұмыстың басым бес бағыты белгіленді. Соның бірі - кәсіпкерлердің құқығы мен заңды мүдделерін қорғау. Бұл бағытта бірқатар жұмыс атқарылды. Бас прокуратурамен кәсіпкерлердің құқығын қорғау бағытында  тұрақты негізде жұмыс жасалуда, кеңестер құрылды. Біз заңдылықтардың сақталуын қарап қоймай, сұрақтардың қайдан туындайтынын зерттеп, меморгандардың кәсіпкерліктің дамуына кері ықпал ету мүмкіндіктерін азайту үшін тиісті заңнамаларға өзгерістер енгіземіз, - деді Тимур Құлыбаев.   Оның айтуынша, «Атамекен» ҰКП Жоғарғы сотымен бірге жұмыстануда. Тәжірибе көрсеткендей, сот органдары меморгандар мен кәсіпкерлер арасындағы істерді қарағанда ішінара мемлекеттік органдардың ұстанымын жақтайды. Ендігі жерде соттардағы кәсіпкерлердің құқығын қорғау мәселесі бойынша сұрақтарды тұрақты түрде қарастыруға келісілген.

Палатада кәсіпкерліктің түйткілді мәселелері бойынша тізілім жасалған. Қазірдің өзінде 570 сұрақ бақылауға алынып, оның 70 пайызы қаралып, шешілді. Өмір бір орында тұрмайды. Күн сайын бір мәселе алдан шығады. Статистиканы бақылап көріп отырмыз, соңғы жылдары тексеріс деңгейі 30 пайызға қысқарды. Кәсіпкерлікке жасалатын «қысым» әлсіреді, - деген Тимур Асқарұлы.

Кездесу барысында облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Сәкен Карин палата жұмысының негізгі бағыттары жайында әңгімеледі. 2017 жылы палатаға 100-ден астам жазбаша өтініш түсіп, оның 50 пайыздан астамы оң шешілген. Палата жұмыс істеген жылдар ішінде кәсіпкерлердің 160 млн. теңге шамасында мүліктік құқықтары қорғалған.

Темирболат Токмамбетов2-Агроөнеркәсіптік кешен бойынша өңірдің даму көрсеткіштері ұнамды. Облыстың ірі қара басын өсіру жоспарымен таныстым. Экспорттық әлеует бары анық. Іргеде Ресейдің бес облысы және Атырау облысы бар. Сондықтан ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне өнім өткізуге көмектесу керек. Атырауға ет Астархань жағынан және аздаған көлемде БҚО-дан келеді. Сондықтан ішкі кооперацияны дамытуымыз керек. Атырау мал азығына мұқтаж, оны осы жерде дамытуға болады, - деді Тимур Құлыбаев. Сондай-ақ, төралқа төрағасы өңірлерде құрылыс және құрылыс материалдары қауымдастығын және БҚО-да сауда қауымдастығын құруды ұсынды.  Оның айтуынша, құрылыс қарқынды жүруде, ал құрылыс материалдарының басым бөлігі сырттан сатып алынады. Яғни құрылысқа бөлінген қаржымен көршілес елдерді субсидиялаудамыз.

Жиында өңірлік кеңес мүшелері, «Отделстрой» ЖШС-ның директоры Валентина Михно өңірде инженерлік инфрақұрылым бойынша электрондық карта құруға, кәсіпкер Валерий Крылов «БЖК-2020» бағдарламасы шеңберінде ЕДБ-тердің несиелерінің пайыздарын субсидиялауға, «Шағын бизнес орталығы» ЗТБ-ның директоры Шолпан Жұматаева Астана қаласының тәжірибесі негізінде көше саудасын ұйымдастыруға, «Х. Қапанов атындағы халықаралық гимназия» ЖШС-ның директоры Хайдар Қапанов жеке балабақшаларды жан басына қарай қаржыландыруға, «ОтауАлан» ЖШС-ның директоры Ляна Тұрсынова ыстық тамақ ұйымдастыруға, «Медцентр» ЖШС-ның директоры Рафхат Истаев жеке емхананы мемлекеттік қаржыландыруға қатысты  және өзгелері де сұрақтарына тиісті жауаптарын алды.

Гүлбаршын ӘЖІГЕРЕЕВА,

Суретке түсірген Темірболат ТОҚМАМБЕТОВ

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале