8.09.2017, 16:02
Оқылды: 26

Оралда 180 отбасы қоныс тойын тойлады

Копия Изображение 074Қала күні мерекесіне орай облыс орталығында көпқабатты қос тұрғын үй ел игілігіне берілді. Осылайша қала күні қарсаңында 180 шаңырақ қоныс тойын тойлады. Қуаныш иелерін облыс әкімі Алтай Көлгінов құттықтап, жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті.


Осыдан бес-алты жыл бұрын Орал қаласының шеткі бөлігіндегі Зашаған кенті шап-шағын аумақта ғана орналасқан еді. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының табысты жүзеге асуының арқасында құрылыс жұмыстары қарқын алып, көпқабатты тұрғын үйлер көптеп салына бастады. Қазір бұл жерді кент деп айтуға тіпті аузың бармайды, аспанмен таласқан зәулім әрі сымбатты ғимараттары бар кәдімгі қала дерсің.

Зашаған кентіндегі 180 пәтерлік тоғыз қабатты тұрғын үйдің құрылысы 2014 жылдың желтоқсан айында мемлекеттік «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында басталған болатын. Жобаның жалпы құны – 1 503, 757 млн теңге. Бас мердігер «Болашақ-Т» ЖШС құрылыс жұмыстарын мерзімінде аяқтап, тұрғын үй Орал қаласының туған күні қарсаңында қолдануға берілді. Құрылыс нысанының жалпы ауданы 15437, 72 шаршы метр. Мұнда бір және екі бөлмелі 72 пәтер және үш бөлмелі 36 пәтер орналасқан. Жаңа баспанаға ие болған отбасылардың барлығы да «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» салымшылары.

Қоныстой иелерінің қуанышын Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов, Орал қаласының әкімі Мұрат Мұқаев, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары және қала тұрғындары бірге бөлісті.

-Көп қабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бой көтеріп, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» кезекте тұрған салымшыларына берілді. Бұл үй тұрғын үй комбинатының жүйесімен заманауи технологияларға сәйкес салынды. Яғни үйдің басты ерекшелігі – энергияны үнемдейді. Ауланы абаттандыру жұмыстары жақында аяқталады. Оны сақтап қалу, ары қарай күтіп ұстау тұрғындардың өздеріне байланысты.

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаев қабылдаған «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл 14 көпқабатты үй салынады. Тек облыс орталығында ғана емес, сегіз ауданда үй салып жатырмыз. Биыл өңір тұрғындарына барлығы 1600 пәтер берілетін болады. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Президенттің тапсырмасына сәйкес абаттандыру жұмыстарына 12 млрд 600 млн теңге, ал «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 28,6 млрд теңге қаражат бөлінді. Оған 500 шақырым жол жасалуда, абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Жылдан жылға қаламыз көркейіп, өңіріміз дамып келеді. Бұл біздің тәуелсіз еліміздің жеткен жетістігі. Қоныс той құтты болсын, игіліктеріңізге жарай берсін, - дей келе облыс әкімі Алтай Көлгінов салтанатты жағдайда жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті.

Жаңа пәтерге ие болған қуаныш иесінің бірі Бақыт Ерғали. Жаңақала ауданына қарасты Бірлік ауылында тұратын Бақыт Кәрімқызының мамандығы бастауыш сынып мұғалімі. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» арқылы төрт жыл бойы қаражат жинап, бүгін үш бөлмелі пәтерге қол жеткізіп отыр. «Отбасымызбен ауылда тұрамыз. Қалада да бір үйіміз болса деп армандаушы едік. Бүгін сол арманымыз орындалып, шаттанып жатырмыз. Облыс әкімі Алтай Сейдірұлының өзі келіп, қуанышымызды бөліскені біз үшін үлкен мәртебе. Бұл үйде қалада оқитын студент бауырларым тұратын болады», - дейді жүзі бал-бұл жанған қоныс иесі.

Күмғалиевтер отбасы үшін де бүгін ақ түйенің қарны жарылған күн. Үш баланы бағып-қағып өсіріп отырған Ерлан мен Әсел баспанамызды кеңейтсек, жаңа үй алсақ деген мақсатпен бірнеше жыл бойы «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» салым жасап отырған екен. Еңбектенген жерде қалмайды демекші, су жаңа үйдің бірінші қабатынан үш бөлмелі пәтерге ие болды.

-Қала күні қарсаңында жаңа пәтер алдық. Қуанышымызда шек жоқ. Сапасы көңілімізден шығып жатыр. Бөлмелері кең әрі жарық. Өзім сауда үйінде күзетші болып жұмыс істеймін, жолдасым «Еркем-ай» балабақшасында тәрбиеші. Оралдықтарды қала күні мерекесімен құттықтаймын. Барлық мұқтаж жандарға баспаналы болу бақыты бұйырсын, - дейді отағасы.

«Қайран өз үйім, кең сарайдай боз үйім» деп жаңадан баспана алғандар  ендігі жерде ауызбіршілік танытып, үйлерін базарлы мекенге айналдыратынына сенім мол. Айта кететін бір жайт, аталмыш тұрғын үйдің пәтер иелері кооперативінде ең алғашқы болып «Электронды ПИК» жүйесі іске қосылатын болады.

Динара ЖҰМАБЕКҚЫЗЫ,

«Орал өңірі»

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале