26.04.2018, 18:36
Оқылды: 31

Қорғалған меншік құқығының көлемі 107 млн.теңге

saken Karin


Бейсенбі күні облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингке  БҚО кәсіпкерлер палатасы директорының міндетін атқарушы Сәкен Карин мен аталмыш палатаның бөлім басшысы Мақсат Құланбаев қатысып, өңірдегі бизнестің заңды мүдделері мен құқықтарын қорғау, кәсіпкерлік секторын дамыту тақырыбы арқау болды.

Сәкен Әбуханұлы айтып өткендей, соңғы жылдары шағын және орта кәсiпорындардың облыстың экономикасына қосқан үлесi айтарлықтай өскен. 2016 жылы өңірдегі шағын және орта бизнес құрылымындағы жалпы өңірлік өнім үлесі 42% құраған екен. Соңғы екі жылда сауда айналымы динамикасы экспорттың 31%-ға өскенін, импорттың 5,6%-ға төмендегенін көрсетеді.

Ағымдағы жылдың 1 тоқсанында кәсіпкерлікті қорғау саласында 71 жазбаша өтініш қаралып, оның 30-ы (42%) оң шешімін тапқан. Қорғалған меншік құқығының көлемі 107 млн. теңгені құрап отыр. Өткен жылы жазбаша өтініштердің  азайғаны байқалады. Облыста мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту бағытында да жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Бүгінде бұл сала бойынша жалпы сомасы 19 125 495 мың теңгені құрайтын 14 жоба жүзеге асырылуда. Оның 7-уі білім беру, 3-уі денсаулық сақтау саласына бағытталса, қалғаны тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, экономика, жолдар, қоғамдық тәртіп және қауіпсіздік саласына тиесілі.

- Өткен  жылы «Бизнес-Бастау» бағдарламасы бойынша облыста 938 адам оқытылса, биыл 2071 адамды оқыту жоспарлануда. Соның 20 пайызына қаржылай қолдау көрсетіледі. Бизнес бастауға жалпы сомасы 441,3 млн теңгеге 188 жобаға қаржылай қолдау көрсетілді. 14 сәуіріндегі жағдай бойынша өңірде  барлығы 216 ӘКК жұмыс істейді, оның 8 сүт өндіру бағыты бойынша, 168 селекциялық бағытта, 31 бордақылау, 9 өсімдік шаруашылығы бойынша жұмыс жасайды. Күні бүгін ӘКК-лерге мал бордақылауға 2748,0 млн.теңге, аналық ірі қара мал сатып алуға 988,3 млн. теңге несие берілді. 2018 жылы сүт жинау пунктін ашу, мал бордақылау, асыл тұқымды мал басын өсіру, мал сою алаңдарын салу,  сүт жинау станцияларын салу, өсімдік, ауыл шаруашылығы жануарлары өсіру, жемшөп тасымалдарын ұйымдастыруға көлік құралдарын сатып алу, ет өңдеу зауытын салуға бағытталған 11 ауылшаруашылығы кооперативтерін құру көзделуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға республикалық бюджеттен 4014,0 млн. теңге бөлінді, - деді Сәкен Карин.

Сәкен Карин облыстық кәсіпкерлер палатасында аймақтағы  туризмді дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. «Музейлерде суретке түсуге шектеу қоюды өз басым дұрыс емес деп ойлаймын» деген Сәкен Әбуханұлы музей тұрғындарға қаншалықты ашық болса, ондағы жәдігерлерді, жалпы музейдің құндылығын насихаттау да соншалықты оңай болады деді.  Олар музейлерде фотоға түсу мәселесі бойынша құзырлы мекемелермен сөйлесуде.

Баяндамашының сөзінше, облыстағы бизнестің табысты дамуының көрсеткіші  жыл сайын өтетін «Алтын сапа» және «Қазақстанның үздік тауары» байқаулары болып табылады. Биылдан бастап «Алтын сапа» байқауы бойынша тамақ өнімдерін дайындау және ауыл шаруашылығы саласында жаңа төртінші номинация қосылған. Сондай-ақ екі арнайы премия бар. «Алтын сапа» бойынша әр лауреат  1 млн теңге сыйақы алады. «Қазақстанның үздік тауары» байқауы бойынша да өзгеріс бар.

Ясипа РАБАЕВА,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале