21.01.2021, 19:17
Оқылды: 268

Мерейтойды онлайн өткіздім

Қатты ұйықтап жатыр екенмін, оянып кеттім. Пәлі, туған күнім болып қалыпты екен ғой... Қалай атап өтемін? Мына кәрәнтен пәле болды ғой...  Не істеймін? Өмір бойы ұйқыдан бас көтермейтін әйелім Шоңайкүлді әзер дегенде оятып алдым.

70CFF6F5-5707-4CEF-B990-B38A340EF62A

– Не болды саған? Таң атпай тұрып алып, мазамды аласың да жүресің, – деп бұрқылдай сөйлей жөнелгенде, – Тұра тұр, мерейтойым келіп қалды, не істейміз?

– Несі бар, өткіземіз. Кәрәнтен болса бола берсін, онлайн түрінде жасаймыз. Жұрт жаппай осыған көшті емес пе? Мектептегі сабақ та, әншілердің кәнсерті де, дәу жиындар да осыған көшті ғой. Тіпті біреуді соттайтын, оттайтын болса да осылай жасап жатыр, – деп әйелім бір есінеп алды.

Табылған ақыл. Онлайн түрінде мерейтойды өткізуді бастап кеттім.

Ойдағы, қырдағы, түздегі, таныс-білістің бәріне де батсап арқылы хабар жібердім. Ауылда жүргенде сарайдың ішінде, теректің түбінде бөтелкелес болған «достарым» да ұмыт қалған жоқ. Бес жүздей қонақ шақырылды.

Айтпақшы, тойға шақыру туралы смс-ке Каспий голд нөмірін жіберуді де  ұмытқан жоқпын (бұл Шоңайкүлдің қадап айтқан тапсырмасы).

Мерейтой басталып кетті. Асханада Шоңайкүл екеуміз экранға тесіліп қараудамыз. Бірінші болып бала күннен бірге өскен Қоңқи досым тілегін айтты. «Марғау, жасың құтты болсын! 60 жасқа келгенге дейін еңбектеп жүріп еңбек еттің. Сенің еңбегіңді әлем біледі. Бәкене ауылдан шығып, оқымысты атандың. Қалада жүрсең де, ауылдың өмірін жаздың. «Күрең сиыр неге мөңірейді?», «Мысық неге ұйықтай береді», «Ит неге үреді?», тағы басқа ғылыми еңбектеріңді жата-жастана оқимыз. Айта берсек, толып жатыр. Алдағы уақытта жүзге жет деген тілекпен 100 мың теңге пәдәркімді салып отырмын. Ұмытып бара жатыр екенмін, ауылдағы ақсақал, қарасақалдарды жинап алып, екі метр ескерткішіңді тұрғызуды жоспарлап жатырмыз. Бойың бір метр болса да, келер ұрпақ сені зор болған екен ғой деп ойласын деген мақсат қой» деді ол. Сөткам зың ете түсті. Есепшотқа 100 мың теңге түсті. Шоңайкүлдің  ұйқыдан  ісіп  жүретін көзі жайнап кетті.

Құдай салмасын! Тілектер ағылып жатыр, ағылып жатыр... Сөтка зың, зың... 100 мың, 60 мың, 50 мың... Шоңайкүл санап үлгере алмауда... Бір кезде экранға шашын тақырлап алғызып тастаған, сақал қойған біреу шықты. «Марғау дос, мені танымай қалып жатсың ба? Жұтқышбаймын ғой. Ауылда жүргенде әйелдерімізден жасырынып, сарай ішінде талай бөтелкелерді босаттық қой, шіркін?! Сол достардың қазір көбі жоқ. Солардың атынан мерейтойыңа шашу ретінде 5 мың салып отырмын. Аз болса да, көптей гөр» деп көзінің жасын бір сығып алды.

Төрт сағатқа созылған онлайн мерейтой аяқталды. Шоңайкүл есепшотқа түскенді санауға кірісті.  Ісік көзі күлімдеп кеткен...  Шашу көп түскен, шығын жоқ. Таңғалып отырмын. Мерейтойымның кәрәнтенмен тұспа-тұс келгеніне қуандым. Алда Шоңайкүлдің мерейтойы. Ол да «туған күнімде кәрәнтен болса екен» деп армандап отыр...

Серік Жұмағалиев,

Қазақстан Журналистер одағының  мүшесі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале