14.06.2019, 16:25
Оқылды: 105

Музей мамандары бас қосты

Орал шаһарындағы Достық үйінде облыстық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен «XXI ғасырдағы музей маманы: кәсіби біліктілік пен мансап»  тақырыбында облыстық семинар-тренингі өтті. Жиында музей мамандарының кәсіби біліктілігін арттырып, музей ісін халықаралық стандарттарға сәйкес дамыту мәселелері төңірегінде сөз болды.

FB_IMG_1560575131511

Шараны облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мирболат Ерсаев жүргізді.

-Бүгінде музей саласы қарқынды дамып келеді. Әсіресе жаңа технологияларды пайдалану арқылы тарихи жәдігерлерімізді тұрғындарға кеңінен насихаттап келеміз. Елбасы егемен еліміздің мәдени өмірінде, тарихын тереңнен зерттеуде, патриотизмді қалыптастыруда  музейдің алатын орны ерекше екенін атап өткен болатын. Облыстық тарихи-өлкетану музейі – тарих пен тағылымның ғасырлап қалыптасқан қоймасы, ғылыми-зерттеу және мәдени-ағарту орталығы болып отыр. Бүгінде облыста 22 мемлекеттік музей жұмыс жасайды. Елбасының «Мәдени мұра» «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры»  бағдарламалық мақалалары аясында ауқымды жобалар жүзеге асуда. Айта кетсек, «Ұлы дала құндылықтары», «Ел іші – өнер кеніші», «Ғасырлар қойнауынан жеткен бабалар үні», «Музей стар» жобалары мен  «Жайықтың қасиетті орындары» тақырыбындағы халықаралық экспедицияны, «Рухани қазына» фестивалін ұйымдастыруда музей қызметкерлерінің үлесі зор,- деді жиынды ашқан облыстық мәдениет басқармасының басшысы Қадырболат Мұсағалиев.

FB_IMG_1560575138301

Ал «Kazmuseum.kz» қорының жетекшісі, музейтанушы Нұрсерік Жолбарыс әлемдегі музейлердің тәжірибесімен бөлісіп, еліміздегі музейлердің мемлекетке қаржылай тәуелсіз мекеме болудың маңыздылығына тоқталды.

FB_IMG_1560575166028

-Еліміздегі барлық музейлер мемлекетке тәуелді. Нақты бір қаржы көздерін табу үшін біз Ұлыбритания мен Франция, АҚШ-тың тәжірибесін басшылыққа алуымыз керек. Ондағы музейлер мемлекеттен қаражат алмайды. Керісінше, мемлекетке салық төлеп, қалаға турист тартып отыр. Олардың қатарында АҚШ-тағы Смитсон институтына қарайтын барлық музейлерді, Британ музейі, Эрмитаж, Лувр мен Берлин музейі, Стамбулдағы археология музейі секілді ірі музейлерді жатқызуға болады. Аталған мемлекеттерде музейлерді басқару белгілі бір қамқоршылық кеңестерге жүктелген. Қамқоршылық кеңестер мемлекетке тәуелді емес. Оның құрамына сайлану үшін кәдімгідей талас болады. Мысалы, Британ музейінің Қамқоршылық кеңесінің құрамында мұғалімнен бастап, заңгерлер, қаржы мамандары, ВВС телеарнасының журналистері, король отбасының мүшесі және үкіметтен бір адам болады. Кеңес музейге қаржы табумен айналысады. Ал музейдегі мамандар осы Кеңестің арқасында алаңсыз жұмысын жалғастыра береді. Бізге керек тәжірибе - осы. Музейге тұрғындарды тарту үшін кино залдар жабдықтап, түрлі танымдық тақырыпта пікір-талас ұйымдастырылса, музей сайтына ғылыми мақалалар жариялап, археологиялық бұйымдарды реставрация жасау сәтінен бейнероликтер түсірсе өте тартымды болар еді,- дейді Нұрсерік Жолбарыс.

Сондай-ақ жиында ҚР Ұлттық музейдің ғылыми хатшысы Назгүл Кадримбетова музей саласындағы нормативтік-құқықтық актілердің қолданылу барысы, музей заттарын пайдалану ережелері туралы мәлімет берді.

                                                                  Гүлсезім Бияшева,

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале