24.01.2018, 13:00
Оқылды: 271

Орал қаласында жаңа мектеп ашылды (Фото, видео)

Орал қаласына қарасты Деркөл кентінде 600 орындық жаңа мектеп пайдалануға берілді. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынған мектеп құрылысына 1 434,1 млн. теңге бөлінген. 2017 жылдың наурыз айында іргетасы құйылған мектепті «Альтаир» құрылыс компаниясы салды.

 №49 мектептің ашылуына қатысқан облыс әкімі Алтай Көлгінов:  «Елбасының «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында Оралда төрт мектеп салынды. Бағдарлама бойынша 3,5 млрд. теңге қаражат бөлінді. Төрт мектеп 2400 баланы қамтиды. Енді бұл ауданның балалары бұрынғыдай алысқа бармайтын болады. Білім саласына мемлекет тарапынан үнемі ерекше қолдау көрсетіліп келеді.  Елбасының биылғы Жолдауында білім саласына айрықша көңіл бөлінетіні айтылды. Жолдауға сәйкес биыл мұғалімдердің жалақысы 30 пайыздан 50 пайызға дейін көтеріледі. Бұл да үлкен қолдау. Балаларымыздың сапалы білім алып, еліміздің ертеңіне айналуы әрине біріншіден отбасындағы тәрбиеден, екіншіден ұстаздарымыздың берген біліміне байланысты. Жетістіктеріміз көп болсын! Елімізді алға жетелейтін жастарымыз көп болсын! Мерекелеріңізбен » деп деркөлдіктерді жаңа мектептің ашылуымен құттықтады. Сондай-ақ облыс әкімі осы жаңа шағын ауданға биылдан бастап жол салынатынын, бір жылда бітпесе де жұмысты сапалы атқаратын мердігер іздейтіндерін жайлы айтты.

Құрылысты жүргізген мердігер компанияның басшысы Сергей Потиченко жаңа мектептің директорына символикалық кілтті салтанатпен табыстады.

Алты блоктан тұратын мектеп ғимаратында 56 кабинет бар. Бастауыш сыныптар мен пәндік кабинеттерден бөлек химия, биология, физика лабораториялары,  төрт мультимедиялық және алғашқы әскери дайындық кабинеті дайындалған. Жиырма бес оқырманға арналған оқу залы бар кітапхана, 2 шеберхана, 2 спорт зал, 200 орындық акт залы мен 130 орындық асханасы бар. Жеті кабинет интерактивті тақтамен жабдықталса, мектеп радиосы үшін де бөлме арналған. Одан бөлек психолог, логопед және медқызметкерге де арнайы кабинеттер қарастырылған.  Мектепте өнерлі балаларға арналған «Шабыт» орталығы да жұмыс жасамақ.

Мектеп 500 баланы қабылдап, 25 сынып ашылмақ. Сондай-ақ мектеп жанынан 100 балаға шағын орталық жұмыс жасайтын болады.

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген Темірболат Тоқмамбетов 

2 3 4 5 6 7 8 9

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале