5.05.2018, 15:37
Оқылды: 65

Оралда әскерилер марапатталды

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында әскерге алынған жігіттер азаматтық борышын өтеуге аттанды. Соған байланысты Орал қаласында өткен шараға облыс әкімінің орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов, сала ардагерлері және әскери құрылым өкілдері қатысты. Шарада салтанатты түрде көк Ту әкелініп, мемлекеттік әнұран шырқалды.

– Айбынды армия ел тыныштығын, әр отбасы тыныштығын, шекарамыздың бекем болуын қамтамасыз етеді. Қарулы Күштеріміздің неғұрлым бекем болуы – ел Тәуелсіздігінің берік сақталуына кепіл. Сондықтан сарбаздар «Отан үшін отқа түс» деп жалындап тұруы тиіс. Біздің ата-бабаларымыз ұлан-ғайыр жерімізді қорғауда қасық қанын төккен. Даңқты ерлерін дәріптеген Қазақстан бейбітшілік ұстанымды, ынтымақты қолдайды, татулықты насихаттайды. Тәуелсіздігімізді алғалы бері, әскер қуаты күшеюде. Қазақстан армиясының сарбаздары халықаралық деңгейде өзге елдерде өтетін бейбітшілік акцияларының жемісті болуына үлес қосуда. Сала ардагерлері мен әскери қызметкерлерді Отан қорғаушылар күнімен құттықтаймын,  – деді Ғабидолла Оспанқұлов.

Салтанатты шарада БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің офицері, полковник Мақсат Мұқанов «Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің ардагері», Ұлттық ұлан офицері, майор Азизхан Неметов, БҚО қорғаныс істері жөніндегі департаментінің сержанты Берік Рахметов ІІ дәрежелі, Ұлттық ұлан офицері, капитан Азизхан Неметов III дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін» медальдарымен марапатталды.

Айта кетейік, наурыздың 1-інен басталған көктемгі әскери қызметке шақыру науқанында бүгінге дейін ҚР Қарулы күштері қатарына біздің облыстан 200-дей азамат аттанды. Қазіргі уақытта ҚР әскери-теңіз күштері қатарына сарбаздарды жинау ұйымдастырылуда.

Нұртай Текебаев

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале