27.02.2018, 13:01
Оқылды: 57

Оралда Бауыржан Халиолланың шығармашылық кеші өтті

5Кеше Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпазы, Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі, ақын Бауыржан Халиолланың шығармашылық кеші өтті.

Кеште «Жан тебіреніс» атты жаңа жыр жинағы таныстырылды. Айта кетейік, бұл ақынның төртінші жыр жинағы. Оның осыған дейін «Жұмбақ қыздың жанары» (2001 жыл), «Нәзік бұлт көшіп барады» (2005 жыл), «Жұлдыз жауған жарық түн» (2012 жыл) атты жыр жинақтары жарық көрді.

Шығармашылық кешті ақын, жерлесіміз Талант Арынғали жүргізді.

«Жан тебіреністің» тұсаукесер рәсіміне Алматыдан арнайы жазушы драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сәбит Досанов келді. Жаңа кітаптың лентасын қиған жазушы ақынның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

- Бауыржанның аты айтыспен шықты. Сонымен қатар ол жазба өнерде де ерекшеленді. Бір ғана мысал келтірейін. Ақынның «Жүрегімнің жанары» деген өлеңі бар. Біреулер «жүректе көз болады ма?» деуі мүмкін. Абайдың Пушкиннен аудармасында «Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс» деген жолдар бар. Бұл Абайдың Пушкиннің биігіне көтерілгенін аңғартады. Бауыржанның да бір сөзі арқылы талантын тануға болады. Адам – өз ортасының жемісі. Сенің бір бақытың – Махамбет сияқты үлкен рухпен ауызданып өскенің, Жұбандар сияқты батыр, ақындардың елінде туғаның. Мен бір шындықты айтайын,  жасым, жазушылығым жағынан Бауыржанға аға болғаныммен, ақындық жағынан шәкіртімін. Алла оны ақын ғып жаратқан, - деді белгілі жазушы.

Шарада Астана қаласында іссапарда жүрген Батыс Қазақстан облысы әкімі Алтай Көлгіновтің атынан орынбасары Ғабидолла Оспанқұлов құтты болсын айтып, тілегін арнады. Сонымен қатар Атырау облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Саламат Сағымпазұлы бастаған делегация құттықтауын жеткізіп, ақынға шығармашылық шабыт тіледі. Бірнеше күн бұрын тағайындалған БҚО-ның бас имамы Еркебұлан Қарақұлов та ақынның иығына шапан жапты.

Кеште Бауыржан Ергенұлының бірқатар әнін республикалық, халықаралық байқаулардың жүлдегерлері Фархат Оразов, Дастан Есентеміров, Ернар Өмірәлі, Мирас Бақтығұлов орындады. Ақынның өзі жаңа жинаққа енген өлеңдерін оқып берді.

Елге айтыскерлігімен де кеңінен танылған ақын қазір Оралдағы Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының тізгінін ұстап отыр.

Айдана Хамидуллина

zhaikpress.kz

Фото Рафхат Халеловтікі

1 2 3 4 6 7 9 11

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале