22.08.2019, 18:03
Оқылды: 441

Оралда «Бір қадам» атты облыстық семинар-тренинг өтті

Орал қаласында «ҰБТ Академиясының» ұйымдастыруымен «Бір қадам» атты облыстық семинар-тренинг өтті.

 ubt (1)

Аталмыш оқыту орталығының директоры Дәурен Сағынғали шараның мақсаты білім ошағы тарапынан білімге құмар жастарға қадам жасау екендігін айтып, есігін айқара ашқан бір жыл ішінде орталық ұжымы қол жеткізген жетістіктердің бірқатарына тоқталды.

– Өткен оқу жылында біздің орталық ұйымдастырған дайындау курсына жалпы саны 231 оқушы қатысса, оның ішінде ауыл және аудан мектептерінен арнайы келіп, күздік, қыстық, көктемдік курстарға қатысқандар саны – 124. «ҰБТ Академиясының» көмегіне жүгініп, бізге сенім артқан шәкірттердің ең көбі Теректі ауданына тиесілі, олар жалпы қатысушылар санының 31%-ын құрады. Одан кейінгі орында 23% көрсеткішпен Ақжайық ауданы, белсенді үштікті 18%-бен Қазталов ауданы түйіндеп отыр. Сондай-ақ Қаратөбе (16%) және Бөкей ордасы (12%) аудандарын да атап өтуге болады. Ал облыс және қала мектептері арасында Ә.Молдағұлова атындағы №38 мектеп-лицей, дарынды балаларға арналған мамандандырылған С.Сейфуллин атындағы №11 мектеп-интернат-кешені, ІТ лицей, «Үміт» лингвистикалық гимназиясы және №27, №19, №40 мектептер мен №42 «Ақ ниет» гимназиясының шәкірттері көптеп қатысты, – деді Дәурен Наурызбайұлы.

ubt (3)

«ҰБТ Академиясының» атқарушы директоры Тұрақ Жанболатұлы биылғы гранттар бөлінісі және орталық жанындағы дайындық курстарына қатысып, білімін жетілдіру негізінде грантқа қол жеткізген 40 түлекке тоқталып өтті. «Өрлеу» біліктілікті арттыру орталығы» АҚ филиалы директорының оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, сондай-ақ бүгінгі күні оқыту орталығында білімге құштар жастарға математикалық сауаттылық бойынша сабақ өткізетін білікті ұстаз Елдос Сафуллин биікке қанат қағып, талаптың тұлпарын мінген талапкерлер ұстануы тиісті басты қағидаттар жайында тереңінен қозғады. Сонымен қатар өткен оқу жылында «ҰБТ Академиясында» білімдерін жетілдіріп, бүгінде Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың электротехника және энергетика мамандығы бойынша грант ұтып алған Азамат Баесов, Алматы қаласындағы энергетика және байланыс университетінің ақпараттық жүйелер мамандығының грантын иеленген Диляра Килянбекова алдағы жылы мектеп бітіріп, білім деңгейін сарапқа салатын жастарға рухани демеу беріп, ақыл-кеңестерімен бөлісті.

ubt (5)

Шара соңында «ҰБТ Академиясының» директоры Дәурен Наурызбайұлы 2019-2020 оқу жылында орталық жұмысына енгізілген өзгерістерге тоқталып, дайындық курсына қатысушыларға кітап тарту етті.

ubt (8)

Аяужан Кереева,

суретке түсірген Динара Киндербаева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале