13.02.2020, 15:38
Оқылды: 93

Оралда «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында 20-дан астам жоба жүзеге асқан

Уақыт алға жылжыған сайын көне Орал шаһарының аумағы ауыл-аймақтан қоныс аударушылар есебінен тығыздалып, өсіп келеді. Тек өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда қала халқының саны 2%-ға өскен. Қазір ресми дерек бойынша қалада 314 026 адам тұрады. Үш өзеннің баурайындағы табиғаты келісті, тарихы тереңнен тамыр тартатын қаланы дамытуда бірқатар шаруа атқарылған. Бұл туралы сәрсенбіде «Жастар» мәдениет үйінде өткен қала әкімі Абат Шыныбековтің шаһар тұрғындары алдындағы қорытынды есебінде жан-жақты айтылды. Есеп беру жиынына облыс әкімі Ғали Есқалиев қатысты.

abat qala (19)

Қала әкімінің баяндауынша, өткен жылы халықпен есеп беру кездесуінде 117 сұрақ түкен болса, жыл ішінде соның 76-сы (65%-ы) оң шешімін тапқан, 41 мәселе бойынша жұмыс жалғасуда. Мемлекет басшысының «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес, барлық мәселені тұрғындармен ашық талқылап, түйткілді жайттарды бірлесе шешу мақсатында қаңтар-ақпан айында қаланың әр түрлі бөліктеріндегі 2 мыңнан астам тұрғынның қатысуымен 26 есептік кездесу жиыны өтіп, тұрғындар тарапынан 400-ге жуық өтініш, талап-тілек тыңдалған. Барлық ұсыныс бойынша нақты жоспар жасалып, жүзеге асыру бағытында жұмыстар жүргізілмек.

Қаланың өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық дамуында ілгерілеу айқын аңғарылады. Былтырғы 11 айдың қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімдерінің өндіріс көлемі 166,3 млрд. теңгеден 185,6 млрд. теңгеге өссе, оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің көлемі 118,5 млрд. теңгеден 143,7 млрд. теңгеге жетті. Өткен жылы жалпы құны 6,9 млрд. теңге құрайтын 12 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылып, қалада 1 108 әлеуметтік, кәсіпкерлік, өндіріс нысаны іске қосылды. Қала бюджетінің жалпы көлемі 53,6 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 30 %-ға ұлғайып отыр. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 362,4 мың шаршы метрге орындалды немесе 3 386 пәтер тапсырылды. Орталықтандырылған сумен қамту үлесіміз қала іргелеріндегі елді мекендерді қоса алғанда 95,5 %-ға жетті. Тұрғын үй кешенін жаңғырту мемлекеттік бағдарламасы мен мемлекеттік-жеке меншік әріптестік негізінде жөндеуді қажет ететін көп қабатты тұрғын үйлер үлесі төмендеп, 82,2 % болды. Жылдан-жылға қала көшелері мен шағынаудандарда жол жөндеу жұмыстары қарқынды жүргізіліп келеді. Бүгінде қаламызда жақсы және орташа жағдайдағы жолдар үлесі 70,7%-ға жеткізілді.

abat qala (12)

Кездесуде қала бойынша 3 жастан асқан балалар 100 % балабақшамен қамтылған, мектептердегі білім сапасы 62,6% жеткендігі де айтылды. «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында 20-дан астам жоба жүзеге асырылып, соның нәтижесінде Орал қаласы «ақылды қала» аталымы бойынша алғашқы үштіктің қатарынан табылған. Дегенмен халқының саны көбейіп, аумағы ұлғайып бара жатқан шаһардың шаруасы шат аяқтамағанымен, түйінді түйткілдер әлі де баршылық. Қала шаруашылығындағы құбырлардың тозуы, көше жолдарының сапасыздығы, жол-көлік оқиғаларының өсуі, әлеуметтік және тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымның жеткіліксіздігі және басқа да мәселелер бар. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын көтеру басым бағыттардың бірі екенін айтқан Абат Абайұлы инвестициялық қала қалыптастырудың төрт негізгі басымдығын атап көрсетті. Олар: бірінші басымдық – тұрғындардың өмір сапасын жақсарту; екіншісі, Орал – абаттандырылған қала. Үшінші, Орал – экологиялық таза қала. Төртінші басымдық – «Біз қауіпсіз қала үшін!».

Гүлбаршын Әжігереева

zhaikpress.kz

Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале