7.08.2018, 12:20
Оқылды: 34

Оралда газ саласында қызмет ететін жастардың слеті өтті

Бүгін Орал қаласындағы «Парк Отель» қонақ үйінің мәжіліс залында «ҚазТрансГаз» АҚ құрамына кіретін «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның ұйымдастыруымен «Жастар инновациясы – Қазақстан Республикасының газ саласын әлеуетті дамыту» тақырыбында сала жастарының екінші слеті өтуде.

Аталған шараға біздің өңірдің жас мамандарымен қатар  Атырау, Ақтау, Ақтөбе, Қостанай, Шымкент, Тараз, Алматы, Қызылорда өңірлерінен келген компанияның 95 қызметкерлері қатысуда.

Кеңестің негізгі мақсаты - компанияның бірыңғай жастар саясатын қалыптастыру және жүзеге асыру, жас мамандарды осы салаға тарту, олардың шыңдалуы үшін жағдай жасау, кәсіби әлеуетін дамыту болып табылады.

Слет бағдарламасына сәйкес алдын ала іріктеу турына түскен 65 баяндаманың арасынан беделді сарапшылар комиссиясы 14 баяндаманы іріктеп, үздік деп таныған. Әр қатысушы газды тасымалдау, энергия үнемдеу, робототехника, автоматтандыру және цифрландыру, сондай-ақ газ саласындағы әлеуметтік және басқа өзекті міндеттерді шешу бойынша жобалары мен авторлық идеяларын ұсынады.

Комиссия компания үшін жобаның өзектілігін, жаңашылдығын, маңыздылығын, ұсынылған шешімдерді енгізу болашағын, күтілетін экономикалық және әлеуметтік ықпалын ескере отырып үздік жобаны анықтайды. Үздік инновациялық жобалар «ҚазТрансГаз» АҚ-ның ғылыми-техникалық кеңесіне ұсынылады. Егер жоба мақұлдаған жағдайда нақты өндірістік қызметке тәжірибе ретінде енгізу жөнінде ұсыныс беріледі.

-Қоғамның экономикалық дамуына қарай инновация, автоматтандыру және цифрландырудың маңызы күн санап артып келеді. Елбасымыз өз Жолдауларында бәсекеге қабілеттілік дамудың басты құралдардың біріне айналып келе жатқанына баса назар аударып келеді. Слетқа қатысушылар белсенділік танытып, әркімнің қабілеті кәдеге жарап, ортақ нәтижеге қол жеткізуге бағытталған бұндай басқосулардың берері көп,-дейді «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның бас директорының бірінші орынбасары Мұхатай Шаңбатыров.

Нұрбек ОРАЗАЕВ,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале