7.09.2019, 17:42
Оқылды: 1939

Оралда Исатай мен Махамбеттің ескерткіші ашылды (СУРЕТ)

Ескерткіштің жалпы биіктігі 13 метр болса, 5 жарым метрлік мүсіндік композиция қоладан құйылған. Ескерткіш Орал қаласына Шаған өзені үстімен көпір арқылы кіретін тұсқа орнатылды. 

IMG-20190907-WA0065-800x533

Ескерткіштің ашылуында Х.Бөкеева атындағы қазақ драма театрының әртістері Исатай мен Махамбетті сомдап, көрініс көрсетті. Көптен күткен қуанышпен облыс әкімі Ғали Есқалиев құттықтады.

-Бүгін баршамыз үшін ерекше әрі тарихи күн. Міне, елі үшін ер болып туған қос арыс - Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлы бабаларымызға арналған еңселі ескерткіш Ақ Жайық өңірінде, облыс орталығы – Оралда бой көтерді. Біз үшін еркіндіктің, отансүйгіштіктің және азат рухтың сайыпқыраны Исатай мен Махамбет қандай құрметке де лайық.
Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы өшкеніміздің қайта жануына, бардың қадірін білуге көп үлесін қосуда. Осынау жаңғыру кезеңінде ұлыларымызды қастерлеу – қасиетті борышымыз.
Таяуда ғана өткен «Ұлытау – 2019» халықаралық туристік форумында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Тарихтың, тарихи тұлғалардың қадір-қасиетін бағалай білу – баршамыздың ортақ парызымыз» екенін атап өтті.
Заманымыздың заңғар жазушысы болған Әбіш Кекілбаев ағамыздың: «Дүниеде Махамбеттей адамдардың болғаны өзіңнің адам деген нәсілдің төлі екендігінің заңды мақтанышын туғызады» деген сөзі өміршең екені рас.
Ал азаткер ақынның:
Толарсақтан саз кешіп,
Тоқтамай тартып шығарға
Хас үлектен туған кәтепті,
Қара нар керек біздің бұл іске, - деген жыр жолдарын рухтанбай оқу мүмкін емес.

IMG-20190907-WA0074-800x533

Махамбет өз өлеңдерімен Исатай батырдың даңқты бейнесін жасады, ұрпақ санасына қалдырды. Алаш ардақтысы Исатайды батыр қолбасшы ғана емес, айбынды азамат, ақылы асқан жауынгер ретінде де өте жоғары бағалап, ерекше құрметтеген. Қанатынан дауыл есетін қос қырандай жауға тиген Исатай мен Махамбеттің есімдерін ел ардақтайды, құрмет тұтады. Темірден жонылып, тастан қашалып жасалған мына ескерткіш көпшіліктің, соның ішінде жас ұрпақтың рухын оятатын, ұлы мұраттарға жетелейтін, отаншылдыққа, елжандылыққа үндейді. Бұл жер қастерлі де қасиетті орынға айналары хақ!
Кейінгі ұрпақ біз үшін, бізден кейінгі толқын өткен тарихын біліп, оны дәріптеп-қастерлеуде батыр бабалардың – рухы биік даналығы, ерлік пен өрліктің символы ретінде халқымыздың жадында мәңгі сақталады. Тәуелсіз мемлекетіміздің Мәңгілік ел болу жолындағы мәртебесін әрдайым асқақтата түседі. Қазақтың ұлы халық, батыр да айбынды халық екендігін сезіндіріп, алыстан көзді арбайтын алып ескерткіш еңсемізді биіктетіп, рухымызды көтеруге қызмет етері сөзсіз. Сондықтан батыр бабалар рухы бәрімізді әрдайым жебеп жүрсін,- деді облыс әкімі.

IMG-20190907-WA0080-800x533

Салтанатты шарада ақын Ақұштап Бақтыгереева мен тарихшы Жаңабек Жақсығалиев сөз сөйлеп, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Айта кетейік, былтыр қос батырға арналған ескерткіштің орнын талқылау үшін зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділерімен кездесу де өтті. Оны қоюға ыңғайлы деген 11 орын зерттелді. Алайда ол орындардың барлығы биіктігі 13 метрлік алып ескерткішке тарлық еткен. Даңқты батырлар Исатай мен Махамбеттің қайсарлығы мен батырлық бейнесін керемет ашқан ескерткішті Нұр-Сұлтан қаласының мүсіншілері Серік Рустамбеков, Ринат Абенов, Ербол Зиябеков жасады.

Дәл қазір Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрда «Бабамыздың өршіл рухы өшпейді» ғылыми-тәжірибелік конференция өтуде.

Динара Насыр,

Суретке түсірген Мейірбек Тажкуранов

zhaikpress.kz

IMG-20190907-WA0068-800x533 IMG-20190907-WA0073-800x533 IMG-20190907-WA0066-800x533 IMG-20190907-WA0069-800x533 IMG-20190907-WA0079-800x533 IMG-20190907-WA0071-800x533 IMG-20190907-WA0067-800x533 IMG-20190907-WA0078-800x533 IMG-20190907-WA0064-800x533 IMG-20190907-WA0070-800x533

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале