9.02.2017, 13:21
Оқылды: 58

Оралда мүгедектерді қолдау мақсатында 12 жоба жүзеге асырылды

Mygedekterge Орал қаласында мүгедектерге қолайлы болуы үшін барлық алты емханада дыбыстық хабарламамен электронды тақталар орнатылды. Бұл туралы қала әкімі Нариман Төреғалиев мәлім етті.

  Оның айтуынша, шаһарда мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелерімен айналысатын үкіметтік емес ұйымдардың ұсыныс-сұрақтары нақты шешілуде.


  Мысалы, өткен жыл соңында пайдалануға берілген қалалық көп бейінді аурухана жанында инсульт соққан науқастарды ерте емдеуге арналған және жарақаттардан оңалту бөлімдері ашылса, барлық емханаларда бір-бірден көп бейінді керуеттер мен бірнеше арба бар. Облыстық кеңес беруші-диагностикалық орталықта және облыстық клиникалық ауруханада ақпарат құралы сенсорлық тақта түрінде орналастырылған. Осы емдеу мекемелерінде санитарлық-тұрмыстық бөлмелер мүмкіндігі шектеулі жандар үшін бейімделген.

 Оған қоса Астана-Орал бағытында жүретін пойызда арбада отыратын мүгедектерге арналған екі купе қарастырылған. Орал әуежайында мүгедектер автокөліктері үшін тұрақ, бірінші қабатта мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған демалыс бөлмесі ашылды. Өткен жылы жұмыспен қамту орталығына мүмкіндігі шектеулі 169 адам жолықса, соның 163-і мемлекеттік қолдау шараларымен қамтылды. Соның ішінде 50-і тұрақты жұмыс орнын тапты.

  Жалпы, қала әкімдігі Елбасы тапсырмасына сәйкес мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдау жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Күн сайын ардагерлер мен ерекше қамқорлықты қажет ететін адамдарға 8 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. 2016 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс негізінде 236,3 млн. теңгеге 12 жоба жүзеге асырылып, соның аясында 3500 адам қамтылды. Соның ішінде 907-сі жеке көмекші және ыммен түсіндіретін маман көмегімен қамтамасыз етілді. Сондай-ақ 61 адам мүгедек арбасымен, 253 адам протез-ортопедиялық көмекпен, 478 адам санаторлық-курорттық емдеумен қамтылды. Мұндай жұмыстар биыл да жалғасады. «Мүмкіндігі шектеулі жандардың арасында қоғамдық өмірге белсене қатысатын, өзінің күш-қабілеті мен әлеуетін көрсетіп жүргендер аз емес. Айталық, өткен жылдың өзінде 5 адам шағын несие алып, өз кәсібін ашты. Бұл несиелер шаштараз, темір бұйымдарын жасау цехын ашуға, сүтті сиырларды өсіруге, жолаушы тасымалдауға және 50 орындық дәмхана ашуға жұмсалды. Мұндай құлшыныс, әрине, қуантады», дейді Н.Төреғалиев.

www.zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале