12.10.2017, 17:19
Оқылды: 869

Оралда «Рухани жаңғыру» аясында сарапшылар пікірі сараланды  

 

22472473_750175885180498_1961788563_n«Рухани жаңғыру: теңдессіз тарихи мүмкіндік» тақырыпта ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институты және облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен қаламыздағы Достық үйінде сарапшылар кездесуі өтті.


 

Облыс әкімі Алтай Көлгінов жүргізген жиынға ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы, Сакралды Қазақстан ғылыми-зерттеу орталығын басшысы Берік Әбдіғалиұлы және аталмыш институттағы әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина, ғалымдар, үкіметтік емес сектор мен мемлекеттік ұйымдар өкілдері қатысты.

Басқосуда облыс әкімі рухани жаңғыру аясында өңірде атқарылған ілкімді істерге тоқталып, Елбасымыздың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында айқындалған құндылықтарға толы жобаларын ақ Жайық жұртшылығы қолдайтынын және аталмыш жобалардың Батыс Қазақстан облысында толыққанды жүзеге асырылатынына сенім мол екенін жеткізді.

22414573_750115351853218_1262598579_n- Қазақстанның киелі, қасиетті орындарын анықтау бүкіл ел тарихын қамтитын оқиғаларға, біртұтас тарихи сананы қалыптастыратындай нысандарға айрықша мән беретін үлкен жоба. Тізімге тас дәуірінен бастап бүгінгі ескерткіштер мен қазақ үшін қасиетті орындар енгізіліп отыр. Биыл тұтас еліміз Алаш үкіметінің 100 жылдығын тойлауда. Осыған орай Күнбатыс Алашорданың орталығы болған Жымпитыдағы тарихи ғимараттар, алаш арыстарына арналған музей Қазақстандағы қасиетті орындар тізіміне енді. Жалпы еліміздегі қасиетті орындарды анықтауда халықтың ежелден киелі санап, зиярат етіп баратын орындарын басты негізге алып, бірінші кезекте осыларды қағазға түсіреміз. Табиғи көрікті жер болса да ол туралы ұрпақтан ұрпаққа айтылып келе жатырған аңызы болуына мән беріледі. Аталған жобаға кіретін орындардың бір тобы археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қала орындары, сондай-ақ діни және ғұрыптық орындар, тарихи тұлғаларға қатысты жерлер. Басты мақсат - күллі қазаққа ортақ киелі, әулиелі орындар тізбегін қалыптастыру. Мысалы Жұмағазы қазіретті еліміздің батысынан өзге аймақтардың көбі біле бермеуі мүмкін. Ол аймақтарда да сондай әулиелі мекендер бар, бірақ оны батыс өңірінің тұрғындары біле бермес. Жалпыұлттық тізім жасақталып, ол ақпарат таратылған кезде Жұмағазы қазірет барша қазаққа ортақ әулие ретінде насихатталады. Жобаның басты мәні осында. Қасиетті орындардың саны 100 болуы қатып қалған қағида емес. Бұл осындай орындарды насихаттау бағытында қолға алынған істің бастамасы ғана. Биылдан бастап арнайы бейнероликтер мен түрлі карталар жасақталса, келер жылы кітаптар шығарыла бастайды, арнайы қаражат бөлініп, аталған орындарға қатысты ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі, - деді Берік Әбдіғалиұлы өз баяндамасында.

22414695_750115311853222_83480160_nҚазақстан стратегиялық зерттеулер институтындағы әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы Алуа Жолдыбалина латын қарпіне көшу мәселесіне байланысты сөз қозғады. Ол тақырыпқа қатысты әлеуметтік сауалнамалар нәтижесіне, сондай-ақ, әлемнің жан-жақты дамыған елдеріндегі ақпарат айналымының басым көпшілігі латын қарпінде екендігіне тоқталып, түрлі статистикалық деректер келтірді.

ҚХА облыстық филиалы төрғасының орынбасары Ғайса Қапақов «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына қатысты өңірде атқарылған істер жайында, «Ақжол» ғылым және білімді дамыту қорының президенті Мұрат Сыдықов археологиялық ескерткіштер ерекшелігі туралы баяндады. Еңбек ардагері, өлкетанушы Жайсаң Ақбай, саясаттанушы Сұлтанбек Сұлтанғалиев рухани жаңғыру тақырыбына қатысты ой-пікірлерімен бөлісті.

Шара соңында ҚР Ұлттық ғылым академиясы атынан Алаш Орда үкіметінің 100 жылдығына орай өлкетанушы Жайсаң Ақбайға және тарихшы Бақтылы Боранбаеваға төсбелгілер табыс етілді.

Нұртас Сафуллин

zhaikpress.kz

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале